Қоғам • 20 Қыркүйек, 2023

Ел ішіндегі демалыстың маңызы артты

165 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм саласы – елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына ерекше әсер ететін фактордың бірі.

Ел ішіндегі демалыстың маңызы артты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көркі көз тартатын Көк­шетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Зайсан, Марқакөл, Алтай, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Қарқаралы, Қызыларай, Бектау Ата, Ұлы­тау табиғи нысандарға жатады. Сонымен бірге Іле Ала­тауы ұлттық саябағы, Түр­ген-Шамалған өзендері аралы­ғындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған, Шарын шатқалы, Қайыңды мен Көлсай елді мекендері бар.

Тарихи-археологиялық ес­керт­­кіштердің туристік-экскур­сиялық сапарлардағы орны ерекше. Тарихи ескерткіштердің кез-келген нысандары туристік-экскурсия жұмыстарында ма­ңызды орын алады. Соның ішін­де Жетісудағы Сақ қорғанда­ры, Талхиз қалашығы, Отырар, Сайрам, Сарайшық, т.б. көне қалалардың орнына туристердің қызығушылығы зор. Ал сауық­тыру туристік нысандарына Алакөл, Балқаш көлдері жатады.

Ұлттық статистика бюро­сының дерегі бойынша, 2023 жылдың І тоқсанында ел ішінде саяхаттаған туристер саны 1,3 млн адамды құраған. Бұл 2022 жылғы деңгейден 19,1%-ға (200 мың адам) жоғары. Есесіне сыртқы туризмнің көрсеткіші төмендеп кеткен. 2023 жылдың басынан бері 1,4 миллион адам шетелде демалуды жөн көрген. Бұл – соңғы он жылдың бірін­ші тоқсанындағы ең төменгі көр­сеткіштің бірі. Шетелдік турис­тердің отандық туристік ны­сандарды таңдауы жыл сайын өсіп келеді. Биылғы жылы ол 1,1 миллион адамды құрады.

2022 жылы ел ішінде саяхаттаушылар саны 8,6 млн адамға жетті. Сондықтан да ішкі туризмнің қолданылу көрсеткіші бойынша рекорд жаңартылған. Аймақтар арасында Алматы, Астана және Шым­кент қалалары қызмет көр­сетілген туристер саны жөнінен көш бастап тұр. Жалпы жоғарыда айтылған көрсеткіштердің барлығы елі­міз­дегі экономикалық жағ­дай­дың көтерілуіне оңтайлы әсер етуде. Сұраныстың көптігі ішкі туризмнің мықты дербес индустрияға айналуына се­бепкер бола алады. Туризм не­гізі экономиканың 32 саласын қам­тиды. Соған орай еліміздегі экономика мен халықтың әл-ауқатының жақсарғандығын байқауға болады. Мамандардың пайымдауынша, алдағы бес жылда еліміздегі ішкі туризм 20 пайызға дейін өседі.

 

Аружан МӘУЛЕНБАЙ,

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті