Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сонау-сонау жылдарда ақынның Меруерт сұлуға ғашық болып, екі жастың әредік жүздесулерін оқығамыз. Санада үзік-үзік суреттер пайда болған. Мәселен, Алматы бағы. Баяу басқан жігіт пен қыз. Тік қарауға бата алмаған дірдек сезім, ұялшақ бейне. Бұйра-бұйра бұлттар көшкен, әлсін-әлсін жауын сіркіреген. Бірақ ғашықтардың ауа-райы өз ішінде. Олар үшін қаңтар мен шілде, ақпан мен сәуір де бір. Бұрымы селкілдеген Меруерт...
Аспандағы күміс айдай,
жас ақынның жары бар,
Аспандағы күміс айдай, құралайдай жаны бар.
Құралайды, күміс айды, тура қарап көріп өт:
Көздері бар күлімдеген, күлкісі бар меруерт.
Қас қарайып күн де батад, сәулелері таралып,
Қыз да шығад құралайша жібек
шашын таранып.
Күн де кетед көк бетінен сәулелері таралып.
Қыз да шығад күлімсіреп, көк лентаға оранып.
Неткен сыршыл, муызкалы өлең?! Нағыз жастықтың, жасыл көкорайдың түсі қиялда төртбұрыштанады.
Әлқисса, Әбділда Тәжібаев бір естелігінде құрдасы жайлы тебіреніспен сөз сөйлейді. «Саттар – ақыл-ойы шүпілдеп тұрған, жасына жетпей-ақ бәрін оқып, бәрін тоқып алған үздік талант еді. Мен дәл кезінде Алматыға қайтқаныма, Саттармен табысқаныма осы күнге дейін қуанамын. Егер Саттармен кезікпесем көп нәрседен кенже қалған болар ма ем, әлде қайтер едім... менен бес жас кіші болса да, ол маған он жас үлкен ағадай үлгі көрсетті: Саттар поэзиядан музыка, философия іздейтін, өлеңнен екпін, дауыл тапса – қуанатын».
Саттар Ерубаев қазақ поэзиясына баллада жанрының негізін салушы десек артық айтқанымыз емес. Көсеу сабындай келте ғұмырда ол ұлт поэзиясына жаңа кірпіш қалап, өрге оздырды. Өзінің алдыңғы ақындарды қайталап, эпигондық деңгейде мақтау естіп жүргенді місе тұтпады. Ізденіс атты пыраққа мініп, не жазса да қан-сөлін сығып, жан күшінің тегеурінімен жыр тудырды. Мәселен, мына бір шумақтарды жиырма үш жасар бала жазды дегенге қалай сенеміз?!
Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен
жүр едім,
Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.
Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім.
Бір жабыққан көңілімді аша алмастан
жүр едім.
Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім,
Туып, өліп кетуді маған аз ғой деуші едім.
Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім,
Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан
жүр едім...
Иә, ол өнерінің барлық гүлін аша алған жоқ. Егер тағы жеті жыл ғұмыр кешсе, адуынды екпінімен қазақ поэзиясына түбегейлі бетбұрыс әкелер ма еді, кім білсін?!
Қайран Саттар! Өзіңнен бес жас үлкен ағаң ретінде, мен саған таң қалудан жалықпаймын. Кейде әрнеден түңілгенде, сендегі лықсып аққан алақұйын ағынға жүгінемін. Бастапқы бағытымды тауып, өзімді қайта жолға саламын. Сен көрген іңкәр дүние, әзиз дүние әлі өз қалпында, тек біз, адамдар ғана оны қасаң ниетімізбен ластауды доғармай келеміз. Саған арналған төмендегі өлеңді алғаш оқығанда жан жиегіме жас үйіреліп еді. Міне, соны тағы оқығым келіп отыр.
«Сен өмірді сонша сүйіп, сол өмірден,
Дәм тата алмай өттің бе?
Бұрқап тасқан өр кеудеңнен,
Ұрпақтарға дән шаша алмай кеттің бе?
Өмір деген өксігіңді жиырма үш жылда,
Бір баса алмай кеттің бе?
Болашақтың базарында біздерменен,
Сырласа алмай кеттің бе? (Н. Әлімқұлов).