Суреттерді түсірген – автор
Кешелі-бүгін әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда «Шаңырақ» мектебі жабылды» дегендей алыпқашпа ақпарат тарады. Ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын Риддер қаласының белсенді азаматтары да растап отыр. Ал Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы И.Чернышева жөндеу жұмыстары толық аяқталғанын айтты. Тек азды-көпті қосымша қажеттілік бар көрінеді. Айта кетсек, наурыз айында облыстық бюджеттен 50 млн теңге қаржы бөлініп, мектеп ғимаратына жапсарлас салынған шағын спорт залы бұзылды. Себебі ол апаттық жағдайда тұрған. Сонымен қатар мектеп маңайы абаттандырылып, қазіргі спорт залдың есік-терезелері ауыстырылды.
– Биылғы оқу жылында бірде-бір мектеп жабылған жоқ. Соның ішінде «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы да білім беру жұмысын жалғастырып жатыр. Тек ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндіктен, оқушылар басқа мектепке көшірілді. Ол үшін жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ Инесса Чернышева «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында құрылысы басталған 600 орындық мектептің қазақ балаларының игілігіне берілетінін айтып қуантты. Демек, құрылыс созбалаңға салынбай уақытылы аяқталса, 2024 жылы «Шаңырақ» қазақ орта мектеп-гимназиясы жаңа мектепке көшуі бек мүмкін. Ал ескі ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары қашан басталып, қашан аяқталары белгісіз. «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының директоры да бейхабар екенін айтты. Ең бастысы, оқушылар №11 жаңа мектепте түске дейін білім алып жүр.
– «Шаңырақ» мектебіне бөлінген 50 млн теңгеге апаттық жағдайда тұрған шағын спорт залды бұздық. Бастауыш сынып оқитын корпустың жылу жүйесін, терезелерін ауыстырдық. Еденін қайта тарттық. Енді жалпы мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Жобалық құжаттары қашан жасалады, хабарым жоқ, – дейді аталған білім мекемесінің директоры Лаура Абраимова.
«Шаңырақ» мектебінің ескі ғимаратын алтынмен аптап, күміспен қаптаса да, типтік мектеп бола алмайды. Сол үшін де Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы айтқандай, жаңадан бой көтеретін «Жайлы мектеп» қазақ мектебіне берілуге тиіс. Ата-аналардың да арман-тілегі сол.
– Қазақ балаларына жанымыз ашығандықтан, Астанаға арнайы барып, Оқу-ағарту министрлігіне, Президент әкімшілігіне, «Аmanat» партиясына және Бас прокуратураға кіріп, арыз-арманымызды айттық, түсіндірдік. Қазақ балаларына жайлы қазақ мектебі керек деп мәселені ортаға салдық. Бәрі бір ауыздан қолдады. Білім министрлігінің өкілдері «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектепті 2024 жылы қазақ мектебіне беруге ықпал ететіндіктерін жеткізді. Қазір «Шаңырақ» мектебінің оқушылары №11 мектепте білім алып жатыр. Ешкім ешкімді қуған жоқ. Бәрі ойдағыдай, – дейді қоғам белсендісі Құралай Садықова.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында қаланың орталығындағы 600 орындық мектептің «Самұрық Қазына» қорының қолдауымен құрылысы басталды. Аяқталу мерзімі – 2024 жылдың желтоқсаны. Басшылардың айтқаны рас болса, келесі жылы қазақ мектебінің оқушылары ондаған жыл армандаған жаңа да жайлы мектепке кіреді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы