Білім • 21 Қыркүйек, 2023

Келесі жылы 296 мектеп салынады

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде қазір жалпы 7 723 мектеп жұмыс істеп тұр. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, осыншама оқу ошағының 2 449-ы – қалаларда, 5 274-і ауылдарда орналасқан. Білім беру жүйесі дамыған елдерде оқушылар тек бір ауысымда оқиды. Қазақстанда әлі күнге апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілген жоқ. Бұл үшін қанша мектеп салынбақ?

Келесі жылы 296 мектеп салынады

Бұған дейін жазғанымыздай, 1 қыркүйекте 55 мың орындық 39 мек­теп пайдалануға берілген болатын. Бұл өз кезегінде 12 апаттық және 29 үш ауысымды мектептің мә­селесін шешті. Ал мектеп мәсе­ле­сінде күн тәртібіндегі міндет пен меже қандай? Министрліктің мәлімдеуінше, 2023-2024 оқу жылында, яғни осы қыркүйек айынан бастап 132 мың оқушыға арналған 154 мектептің құрылысы басталды. Қазір өңірлердегі 194 мектеп жөнделіп бітті, тағы 66 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 2024 жылы тағы 300-ге жуық жаңа мектептің құрылысын бас­тау­ жоспарланған. Жаңа жылда құрылысы басталатын жаңа мектептер қайда, қай өңірлерде, нешеуден салынады? Осыған кеңінен тоқталайық.

Жаңа жылда бас-аяғы 296 мек­теп салынбақ, оның ең көбі Түркістан облысында бой көте­реді. Туу көрсеткіші жоғары өңір­де 43 мектептің құрылысы бас­талады. 2024 жылы салынатын мектептер саны бойын­ша екінші орында 31 мектеп­пен Ақтөбе облысы тұр. Алғашқы үштікті Алматы облысы қорытындылап тұр, бұл облыста 28 оқу ошағы бой көтер­мек. Жаңа мектеп салу жөнін­де санақтың соңын Абай облы­сы (5 мектеп), Солтүстік Қа­зақ­стан, Павлодар, Жетісу об­лыстары (әрқайсысы 3 мектептен), Ұлытау облысы (2 мектеп) түйіндейді. Ал бетегеден биік, жусаннан аласа болып ортада жүрген өңірлердің ішінде үш мегаполис пен қалған 8 облыс бар. Ашып айтсақ, Алматы қаласында – 26, Астанада – 25, Шымкентте 12 мектеп салынады. Маңғыстау облысында – 19, Атырау облысында – 17, Жамбыл облысында – 15, Ақмола облысында – 14, Қарағанды облысында – 13, Қызылорда облысында – 12, Батыс Қазақстан облысында – 10, Шығыс Қазақстан облысында – 8, Қостанай облысында 7 оқу ошағының іргесі қаланады.