Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Google-ге «есірткі» деген сөзді тере қалсаңыз, кейінгі аптада осы қылмысқа қатысты бірнеше ақпарат шыға келеді. Мәселен, күні кеше ғана Екібастұз қаласында полицейлер есірткі сатқаны үшін 24 жастағы жас жігітті құрықтады. Дәл осы күні Абай облысының құқық қорғау қызметкерлері синтетикалық есірткіні заңсыз таратқан азаматты анықтаған.
БАҚ беттерінде бұл деректердің жиі жариялануы онымен күрестің әлі де ақсап жатқанын көрсетеді. Оған себеп көп. Технологияның қарыштап дамуымен қылмыс та цифрланды. Әрі «тәуелділер» тек науқастың келісімімен ғана есепке алынады. Олардың қатарындағы жүз мыңнан астам отандасымыз психоактивті заттарды үнемі пайдаланады. Оның бестен бір бөлігі есірткіге тәуелді. Ел ішінде нашақорлардың саны шын мәнінде бұдан әлденеше есе көп. «Тапсырыс сұраныстан туады» деген қағиданы ескерсек, жыл басынан бері 59 есірткі жасайтын цех жойылыпты. Бұл туралы Түркістанда өткен ТМД-ға мүше елдердің ішкі істер министрлерінің кеңесінде айтылған еді.
«Сондай-ақ Алматыда шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, полицейлер бірқатар Достастық елдерінің азаматтарынан құралған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Қылмыскерлерден 80 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Осылайша, 10 тоннадан астам дайын есірткінің өндірісі тоқтатылды», деп жазды ІІМ-нің ресми сайты.
«Шын мәнінде, диспансерлік есеп – адамға құқық беретін шара. Жаңа психоактивті заттарды қолданатын адамдар бұл есептен аулақ болуға тырысады. Оларды тұтынудың ерекшелігі олардың медициналық көмекке жүгінбеуіне немесе кеш болған кезде жүгінуіне әкеледі», деді «Менталды денсаулық емханасының» төрағасы Алмас Құсайынов.
Әлемде кейінгі он жыл ішінде есірткі заттарын пайдаланып, денсаулығы әлсіреген адамдардың саны 50 пайызға артты. Тәуекел тобында жастардың саны басым. Республикалық психикалық денсаулық сақтау орталығының мамандары нашақордың орташа портретін жасаған. Бұл – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатындағы орта білімі бар 35 жасқа дейінгі ер адам.
«Бізде нашақор ретінде есепте тұрғандардың барлығының ресми статистикаға сәйкес шамамен 6% жастар екендігі туралы деректер бар. Бірақ бұл – өткен жылғы деректер, биыл жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайғандықтан, әлеуметтану кеңірек болады. Демек бұл көрсеткіш айтарлықтай артады. Неліктен біз бөлек зерттеу жүргізгіміз келеді? Жастардың тәуелді болуының себептерін түсінуіміз керек. Көбінесе бұл психикалық денсаулық пен дайындықсыздық мәселесі», деді «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова.
Сарапшылар нашақорлар санының өсуін «дизайнерлік есірткі» деп аталатын танымалдылықтың артуымен байланыстырады. Бұл есірткінің түрі агрессивті, оңай өндіріледі және адам тезірек тәуелді болады. Сондықтан жауапты орган 2024 жылдан бастап есірткі қолданатындарды анықтау үшін оқушылар арасында міндетті скрининг енгізуді жоспарлап отыр.
«Біз бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан пысықтауымыз керек, өйткені есірткіқұмарлық әр адамға қатысты. Әсіресе мектеп оқушылары туралы сөз болғанда, бұл мәселе өте өзекті. 2012 жылы мектеп оқушыларын тестілеу мәселесі көтерілгенде көп ата-ана қарсы болды. Қазір барлық ата-ана қолдап отыр. Көпшілік тексеру жүргізілгенін қалайды, өйткені нашақорлықты бақылау қиын. Мемлекеттік органдар медициналық комиссиядан өту үшін қажетті талдаулардың тізбесін дайындайды. Бастапқы кезеңде психологтердің қатысуымен ассист-тест өткізу жоспарланып отыр. Яғни психологтер есірткіні қолданатындарды анықтау үшін мектеп оқушыларын психотестер арқылы тексереді», деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Айта кетейік, елде есірткі заттарымен күресу үшін 2025 жылға дейін жаңа кешенді жоспар қабылданды. Есірткі жағдайын зерделеуге, профилактикаға, халыққа сауалнама жасауға және скрининг жүргізуге, ведомстволарды барлау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін жабдықтармен жарақтандыруға 53 миллиард теңге жұмсалады.