Тұралап қалғанымен қоймай, жаңа ғимараттың тозып бара жатқаны жанға батады деседі марқакөлдіктер. Шекараның шегесіндей болып отырған елге мемлекет тарапынан толыққанды жағдай жасалмаса, көшпегенде қайтеді?! Жағдай деп отырғанымыз, ең әуелі білім, медицина, ауыз су, жол, жұмыс орындары тағысын тағы. Дәл қазіргі таңда Марқакөл өңірінде бұлардың толыққанды жүзеге асып жатқаны шамалы. Басқасын айтпағанда, балалардың бос уақытын өткізетін спорттық нысан уақытылы аяқталар еді ғой.
– Ауылдағы салына басталған спорттық нысанның құрылысы аяқсыз қалды. Естуімше, қаржы жоқ. Тоқтап қалған құрылыс нысаны енді тозып барады. Қараусыз жатқан құрылыстың дүниесін ел тасып, әкетіп жатыр. Былайша айтқанда, мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшты. Алғашында балаларымыз енді спортпен айналысады деп қатты қуандық. Енді құрылыс жалғаса ма, кім білсін?! Негізі ауылға бір спорттық нысан керек-ақ, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Аркадий Бейсембеков.
Тұрғындардың талап-арызын айтып, Күршім аудандық әкімдігіне хабарластық. Әдепкіде дүркіреп, кейіннен кібіртіктеп қалған спорттық нысанның құрылысы 2020 жылы басталыпты. Жоспар бойынша 2021 жылы пайдалануға берілу керек екен. Бірақ берілмеген.
– Тапсырыс беруші – Шығыс Қазақстан облысының Құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Мердігер ұйым – «QazConstruction» ЖШС. Нысанның құрылысы 6 мамырдан бастап тоқтаған. Мәселені құзырлы органдардың бәрі біледі, – дейді Марқакөл ауылдық округінің әкімі Рустем Кемешов.
Қыруар қаржы дегендей, мемлекеттік сатып алу порталында Марқакөл ауылында спорт нысанын салу үшін 433 711 337 теңге қаржы қарастырылған екен.
– Қазір 390,0 млн теңге қаражат игерілді. Нысан құрылысының 90 пайызы аяқталды. Толық аяқталуы үшін енді 65,9 млн теңге қаржы қажет, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Зайнолдабекұлы.
Егер мәселе шешімін тауып, спорт нысаны толық аяқталса, футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, күрес, ауыр атлетика, бокс сынды спорт түрлерінен үйірмелер ашылады. Әрине, жаттықтырушы маман табылса... Одан бұрын басталған істі соңына дейін жеткізу қажет.
Айтқандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Марқакөл өңірі жеке аудан статусына ие болды. Демек, аудан орталығында спорт нысанының қаңырап тұрмайтыны анық. Алайда кешеннің қашан қолданысқа берілетінін дөп басып айту қиын.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы,
Марқакөл ауылы