Саясат • 21 Қыркүйек, 2023

Мағыналы сапар, маңызды келісім

171 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапары барысында бірқатар компания басшысымен кездесіп, маңызды келісімдерге қол жеткізді.

Мағыналы сапар, маңызды келісім

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Атап айтқанда, Президент «Mastercard» компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилланы қабыл­дады. Кездесу барысында қаржы сек­торын, IT саласын дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнестің цифрлық құзыретін арттыру бағыттарындағы ынты­мақтастықтың келешегі талқы­ланды. Бұл компания ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтингтік бағытты дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдап отыр. Сондай-ақ Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Mastercard» компаниясы арасында осы және өзге де бастамалар қамтылған «Digital Country Partnership» (DCP) негіздемелік келісіміне қол қойылды.

«Mastercard» – әлемнің 210 еліндегі 2,3 миллиардтан астам тұтынушыны бірыңғай төлем жүйесіне қосқан жаһан­дық жетекші технологиялық компания. Нарықтағы құны 390 млрд доллардан асатын «Mastercard» әлемдегі ең қымбат 10 брендтің қатарына кіреді.

Кездесуден кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кә­сібі министрі Бағдат Мусин Мем­лекет басшы­сы­ның «Mastercard» компа­ниясының атқару­шы вице-президентімен өткізген кезде­суінің нәтижесі жөнінде пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елді цифр­ландыруды, IT саласын дамыту­­ды, Қазақстанды IT мемлекетке айнал­дыруды нақты тапсырды. Бүгін «Masterсard»-пен кездесу аясында атал­ған компаниямен бірлесіп, «Digital Country Partnership» деген құжатқа қол қойдық. Оның қандай артықшылығы бар? Елімізге қандай серпін береді? Біріншіден, «Masterсard» – өте үлкен, ірі диджитал цифрлық компания. Олар Қазақстанды дүниежүзіндегі мемлекеттердің ішінен үшінші орын ретінде аумақтық, өңірлік хаб ретінде таңдап отыр. Яғни Алматыда цифрлық өнімдерді дамыту және басқа елдерге тарату бойынша аймақтық хаб құрады», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, электронды үкімет және басқа да IT өнімдерімізді шетелдерге тарату, цифр­ландыруды насихаттау «Masterсard» платформасы арқылы жүргізіледі. «Басқа да бағыттарға келісімдерге қол жеткіздік. Мысалы, «Masterсard» ұлттық төлемдерді қалыптастыруға көмектеседі. Сонымен қатар бизнестерді цифрландыру бойынша консальтинг құруға атсалысады. Бұдан бөлек, цифрландыруды әрі қарай ілгерілетуге қолұшын созады», деді Б.Мусин.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Amazon» корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесті. Келіс­сөздер кезінде «бұлтты» технологияларды дамытуға және дата-орталықтар құрылысына қатысты өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу аясында Қазақстанның Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («ҰАТ» АҚ) мен «Amazon Web Services» арасында «Outpost» «бұлтты» технология шешімін сатып алу және оны «QazTech» платформасымен интеграциялау жөнін­дегі пилоттық жобаны іске қосу туралы келісімге қол қойылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, аталған бұлтты технология egov-тың бірқатар қызметінің жұмысын жетілдіруге қолданылмақ.

«Президентіміз «Amazon web services» компаниясының басшылығымен кездесті. Онда бұлттық технологияның, IT саласының және цифрландыруды дамытудағы мәселелер талқыланды. Нақты айта кетсек, елімізге Amazon web services-дің Outpost деген шешімі қазақ­стандықтық egov қызметінің бірқатар қызметін бұлттық технологиялар аясын­да жүргізу талқыланды. Келісімшартқа қол жеткіздік. Яғни бүгіннен бастап «Amazon web services» технологиялары біздің egov бірнеше қызметінде пайдаланылады», деді Б.Мусин.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «GE Healthcare» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб Уолтонмен кездесті.

«GE Healthсare» компаниясының әлемнің 140-тан астам елінде өкілдігі бар. 2022 жылы компанияның таза табысы – 19 млрд доллар. Ал нарықтағы құны 34,5 млрд долларды құрады. Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «GE Healthcare» арасында «GE Healthcare» компаниясының инвестициялық жобасын жүзеге асыруға қатысты негізгі шарттар туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзіне сүйенсек, Астана медициналық университеті базасында «GE Healthcare» академиясы ашылмақ. Сондай-ақ ультрадыбыс аппарат­тары өндірісінің жергілікті үлесін арт­­тыру және алдағы уақытта компьютер­­­лік томография, ангиография және маммография құрылғыларын шығару жоспарланған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгін америкалық «GE Healthcare» компания­сымен үлкен келісімге қол қойылды. Атал­ған компания – дүниежүзінде медицина­­лық аппараттар, құрал-жабдықтар шығара­тын ең үздік жетекші кәсіпорынның бірі. Жүз жылдық тәжірибесі бар. Бүкіл дүниежүзінің медициналық ұйымдарын аппараттармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.

Елімізде де медициналық мекемелерде дәрігерлер осындай аппараттармен жұмыс істейді. Кейінгі 10 жылда үш мыңға жуық құрал-жабдық сатып алынды. Елімізде 80-ге жуық өндірушінің әртүрлі құрал-жабдық аппараттары тіркелген. Бұл үлкен келісім бойынша, елімізде үлкен аппараттар, әсіресе ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томограф аппараттары өндірілмек. Сонымен қатар оларды жөндейтін сервистік қызмет орталығы жұмыс істейді. Бұған қоса, GE академиясы ашылып, медициналық қызметкерлер, биоинженерлер дайындалып, еліміздің кадр әлеуеті көтеріледі. GE компаниясымен бірге медицина саласынадғы әртүрлі диагностикалық аппараттардың барлық суреттері жиналып, үлкен ұлттық архив жасалынады. Әрі қарай денсаулық сақтау саласында диагностиканы жақсартатын жоба қарастырылып жатыр. Бұл келісімнің аясында елімізге келетін инвестицияның көлемі 60 млн долларды құрайды. Келісім бойынша жасалған жұмыс денсаулық сақтау саласын әрі қарай деңгейін көтереді», деді А.Ғиният.