Гиннестің рекордтар кітабына бұған дейін де екі рет енген иллюзионист Жеңіс Айтжанов осыдан екі жыл бұрын саусақтарының арасында бір тиынды тоқтаусыз 55 секунд ішінде 55 рет айналдырып, елді таңғалдырған еді. Осы жазда төрт тиынды саусақтарының арасында 14 рет 60 секунд ішінде шыр айналдырса, оны әлемнің мен деген иллюзионистері де қайталай алмай отыр. Сол жолы сиқыршы тиынға қатысты трюгін шыңдап, үшінші рекордына дайындалып жүргенін жеткізген болатын.
Алайда бұл жолы Жеңіс Айтжанов мүлде жаңа қырынан танылды. Қала күні қарсаңында Гиннес рекордтар кітабының өкілдері шақырып, отандасымыздың жаңа рекордын ресми түрде тіркеді. Ендігі жетістіктің тиындар мен цирк трюктеріне ешқандай қатысы жоқ.
Сиқыршы Алматының туған күніне 5040 рубик кубиктен тұратын алып мозайка құрастырды. Қала күніне арналған қайталанбас композицияда «Қазақстан» қонақүйі бейнеленген.
«Мұндай мозайканың идеясы мен сюжеті бір жарым жыл бұрын ойыма келді. Біз өз командамызбен бұл бастаманың тұжырымы қандай болады, алып мозайка үшін қаламыздың қандай көрікті жерін таңдай аламыз деген сауалдар төңірегінде ұзақ ойластық. Меніңше, біздің бұл жұмысымыз алматылықтарға ұнады. Алматыны аралауға келген қала қонақтары суретке түсетін көрікті мекен болуға сұранып тұр», дейді Жеңіс Айтжанов.
Қазірдің өзінде мозайкалық полотно оңтүстік астана тұрғындарына ұнайтыны байқалады. Оның айғағы рекордшы жігіт мың сан алғыс пен құттықтауларға бөленіп отыр.
Таңғажайыптарға сенетін сиқыршы репертуарындағы фокустарының жартысының авторы өзі болғандықтан, ел де оның өнерін шынайы деп есептейді.
АЛМАТЫ