Күрес • 22 Қыркүйек, 2023

Бабындағы балуан

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандылық балуан Болат Сапардың болашағынан бапкерлері зор үміт күтеді. Күні кеше Доминикан Республикасында өткен жағажай самбосынан ІІІ әлем чемпионатында екінші орын иеленіп, ел мерейін үстем етті.

Бабындағы балуан

Әлемдік додаларда бұған дейін топ жарып жүрген Болат Сапардың бұл жолы да алтын тұғырдан көрінетін зор мүмкіндігі бар еді. Өкінішке қарай, бағы жанбады. Бұған Болаттың сағы сына қойған жоқ. Жас балуан келесі бәсекелерінде финалда жіберген қателігімен жұмыс істеймін деп берік бекініп отыр. Жігерлі жігітке біз де сенім білдіреміз.

Болат балуан бұған дейін де бәсі биік бәсекелерде тамаша белдесіп жүрді. Атап айтар болсақ, 2021 жылы Ташкентте самбо күресінен жастар арасында Азия біріншілігінде 88 кг салмақ дәрежесінде белдесіп, сары құрлық чемпионы атанған. Сол жылы тағы да Татарстанның Қазан қаласында өткен ТМД елдерінің кіл мықтылары қатысқан бәсекеде күміске қол жеткізген-тін.

Самбомен сегіз жасынан бастап жаттыққан Болат: «Бала кезімнен дайындап келе жатқан, әрқашан қолдау көрсеткен бапкерім Мадияр Ма­нанбаевқа ризашылығымды жеткізгім ке­леді. Биіктен көрінуіме еңбегі әбден сіңді», дей­ді.

Жерлесіміз былтыр «Жылдың үздік спортшысы» атанған. Неге десеңіз, ол үшін өткен жыл жемісті де жеңісті болды. Алматыдағы халықаралық турнирде, Ақтаудағы Азия кубогінде, Бішкектегі халықаралық турнирде топ жарған ол елдің туын биікке көтерді.

Б.Сапардың самбодан әлем жұлдызы болатынына әлден сенгіміз келеді. Жаттығу залында табандап жүріп жаттығатынын, талабының таудай екенін шәкіртін бес саусақтай білетін жаттықтырушысының өзі де айтып отыр.

 

Қарағанды облысы