Бұл сурет ұлт-азаттық қозғалыстың 20 жылдығына орай 1936 жылы латын графикасымен жарық көрген «Аманкелді Иманов» атты шағын жинақта жарияланыпты. Кітаптың авторы – С.Брайнин, жауапты редакторы – Утемисов делініпті.
Шындығында, бұл кітап әуелі «Амангельды Иманов» деген атпен орыс тілінде «Казкрайогиз» баспасынан жарық көріп, жедел түрде қазақшаға аударылған көрінеді. Өйткені кітап авторы Соломон Хаймович Брайнин – орысша жазатын адам. Бұл кісіні қазіргі алаштанушылар 1935 жылы жарық көрген (Ш.Шафирамен бірігіп жазған) «Очерки по истории Алашорды» атты еңбегі арқылы біледі.
Бұл суретті Әбілхан Қастеев қалай салды дегенге тоқталсақ, кеңес билігінің алғашқы жылдары КСРО басшысы И.Сталин арнайы тапсырма беріп халықты патриоттық рухқа тәрбиелейтін қаһармандар тізімін жасатқан. Бұл тізімде қазақ халқы атынан Амангелді Иманов болған. Осы тұлғаларды дәріптеу бұқаралық сипат алған. Сөйтіп, халық батыры Амангелдінің портретін жасау жас суретші Әбілхан Қастеевке жүктеледі. Суретші жұмысты ойдағыдай атқарып шығу үшін көп ізденеді.
Ә.Қастеев 1936 жылы салған алғашқы суреттен бастап батырдың бейнесін 1950 жылға дейін әрқилы кейіпте төрт дүркін салып шығады. Суретші 1960 жылы жарық көрген «Білім және еңбек» журналындағы мақаласында: «Мен батырдың бейнесін іздегенде екі түрлі тарихи материалдарға сүйендім. Оның біріншісі – документтік (архивтік) материалдар. Онда Амангелдінің суреттері болмағанымен, өзі құрған отряды, жүргізген жұмыстары туралы деректер жазылған. Сондай деректер жұмысымды толық түсініп алуға қажет болды. Екіншісі – батыр туралы халық аузындағы аңыз-әңгімелер. Олар Амангелдіге байланысты оқиғаларды, оның түр-сипатын, келбетін, іс-әрекетін, мінез-құлқын қолмен қойғандай етіп айтатын. Осындай материалдарды мол зерттей келіп, дұрыс түйіндегенде іздеген бейнең ойдағыдай шығатынын байқадым», деп жазыпты.