Сұхбат • 21 Қыркүйек, 2023

Білім алу жеңілдіктері әскерге қызығушылықты арттырды

250 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордамыздағы 68665 әскери бөлімде орналасқан 36-ерекше мақсаттағы бригада жуырда өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы жылдың басына дейін ол «36-десанттық-шабуылдаушы бригада» деген атаумен қызмет етіп келген еді. Астанадағы маңызды стратегиялық нысандарды күзету міндеттемесін арқалаған бөлім командирі, подполковник Абай Әлібеков «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында бригаданың тарихына және бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.

Білім алу жеңілдіктері әскерге қызығушылықты арттырды

Суретті түсірген – Игорь Бургандинов

– Абай Бақытұлы, әңгі­мемізді өзіңіз басқарып отыр­ған Ерекше мақсаттағы бри­гаданың тарихынан бастасақ.

– Бұл әскери бөлім бұрын­нан Қорғаныс министрлігіне қарасты «Мобильді күштер» деген атаумен қызмет етіп ке­леді. 2003 жылдың 17 қыр­күйегінде еліміздің Қарулы күш­терін құрудың мемлекет­тік бағдарламасын іске асыру мақсатында 429-арнайы мақсаттағы дербес жасағының базасында Аэромобильді күш­тердің десанттық-шабуылдау­шы бригадасы құрылды. 2005 жылы 5 мамырда оған ел Президенті жауынгерлік туды табыстады. 2013 жылдың 14 нау­рызынан бастап Құрлық әскер­лерінің бас қолбасшысына тікелей бағынады.

Биыл 9 ақпанда еліміздің Қа­рулы күштері құрылымдарын жетілдіру мақсатында Қорға­ныс министрінің бұйрығымен десанттық-шабуылдаушы бри­гадасы 36-ерекше мақ­сат­­тағы бригада болып қай­та құ­рылды. Бірақ атауы өзгер­ген­мен, біздің алдымызға қо­йылған міндеттемелер өзгерген жоқ. Осы 20 жыл ішінде бригада қалыптасу мен даму сатыларынан өтіп, ел мақтанышына айналған көптеген әскери қыз­меткерді тәрбиелеп шығарды. Қиын шақта бригаданың же­ке құрамы өзінің жауынгер­лік және қызметтік міндетіне адал болып, қоғам тыныштығын сақ­тауға және мемлекетті қорғауға үлес қосты.

Мен 2020 жылдан бері осы жерде командир ретінде қызмет етіп келемін. Маған де­йін генерал-майор Дәулет Оспанов, генерал-майор Дулат Адырбеков, полковник Ермек Әлмұхаметов, генерал-ма­йор Алмаз Жұмакеев, полковник Тұрдалы Тұрғынбаев, полковник Нұрлан Кәрібаев, полковник Ұлан Нұрғазиев секілді жоғары білікті әскери қызметшілер басшылық етті.

– Сіздерге жүктелген негіз­гі міндеттер қандай?

– Ерекше мақсаттағы бригада – үнемі жауынгерлік дайын­дықта тұратын бөлім. Өйткені біз еліміздің аса маңызды стра­тегиялық нысандарын қорғай­мыз. Біздің офи­церлеріміз бен сарбаздарымыз кез келген уақытта соғыс жағ­дайына барынша жа­қын немесе экстремалды жағ­дайларға тап болуы мүмкін. Бөлімнің әс­кери қызметкерлері қандай жағ­дайда да алдарына қойыл­ған тап­сырмаларды толыққанды орындауға әзір екендерін көрсе­тіп келеді.

Қазіргі күні бұл – елорда­мыз­­дағы ең шоқтығы биік әс­кери бөлім. Әс­кери қызметтен бөлек, мұн­да қо­ғам өкілдері, БАҚ жур­на­лис­тері және оқу­шы­лар­мен кездесулер өтіп тұрады. Әс­кери-патриоттық және спорт­тық клубтардың тәр­­бие­лену­ші­ле­рімен сабақтар ұйым­­дас­тырылады. Сол кездесулерден кейін әскери қызметші болуға деген қызығушылығы оянып, болашақта осы салаға келетінін айтқан жасөспірімдер көп.

– Елордамыздағы қандай маңызды стратегиялық нысандарды қорғайсыздар?

– Оның барлық тізімін ашып айтуға болмайды. Бірақ біздің ең басты қорғайтын нысанымыз – Ақорда. Одан бөлек, өткен жылғы қаңтар оқиғасында, сонымен бірге пандемия кезінде қаладағы тәртіпті қадағалау әскери қызметшілерімізге жүк­телді.

– Бөлім қару-жарақпен және әскери техникамен қан­ша­лықты жабдықталған?

– Ерекше мақсаттағы бригада болғандықтан, біздің бө­лім әскери қызметшілермен және заманауи техникалық құ­рал-жабдықтармен толық қам­тамасыз етілген. Бригада құра­мында дөңгелекті жауын­герлік көліктер, атап айтқанда, «Кобра», «Арлан» көліктері, танктер бар. Қазіргі күні әскери бөлімнің 2028 жылға дейінгі даму жоспары қабылданып жатыр. Онда алдағы уақытта да ең соңғы үлгі­дегі зама­науи техникаларды сатып алу және жеке құрам­ды кө­бей­ту көзделген. Өйткені қа­ла­ның үлкеюі, күзетілетін ны­сан­дардың көбеюіне байла­ныс­ты бригаданың да көлемі ұл­ғаюы керек.

Жалпы, бұл бө­лімде мың жарым адам бар. Мұндағы үш бата­льонның біреуі қаладан 60 ша­қырым жердегі Арнасайда орналасқан бөлімде қызмет етеді. Одан бөлек, осы жерде жыл сайын 300-дей сарбаз мерзімді әскери қызметте Отан алдындағы борышын өтейді. Қазіргі күні жеке құрамның да­йындық және жаттығу деңгейі алға қойылған кез келген мін­детті орындауға қауқарлы.

– Мерзімді әскери қыз­меттегі сарбаздардың күн тәр­тібі, дайындығы қалай өтеді, соған тоқталсаңыз.

– Олардың күн тәртібі – та­ңертең ұйқыдан тұру, тамақ ішу, одан кейін оқу, жаттығу, бытырасыз оқ-дәрімен атудан тұрады. Оқу кешенінде ин­женерлік дайындық, ми­на іздеу жұмыстарына дағды­лан­дыру, әуе қорғанысы, сап­тық дайындық, т.б. бар. Біз әс­кери бөлімде алты айлық бағ­дар­ламаға көштік. Алдымен әскери қызметкердің жеке да­йын­дығына басымдық бері­леді. Кейін штабтық оқу-жат­ты­ғуларда оның үйренген дағды­ларын тексереміз.

Әскери қызметтен бөлек, сарбаздар демалыс күндері өз туыстарына қоңырау шала алады. Атап айтқанда, сенбі күні үйлеріне хабарласуға екі сағат уақыт берілсе, жексенбі күні жақындарымен видеобайланыс арқылы сөйлесе алады. Одан бөлек, үнемі әртүрлі іс-шараға, музейге, спорт­тық жарыс­қа, мысалы, ста­диондағы футбол матчтарына апарамыз.

Бір жыл ішінде олар граната лақтырушы, пулемет­ші, снайпер, дәлдеуші секілді ­жа­уынгерлік мамандықтарды иге­­­­реді, қару-жарақ пен әскери тех­ни­калардың тілін меңгереді. Фи­зикалық және моральдық тұрғыда нығайып шығады. Ар­миядағы шынығу олардың ер­теңгі өмірлерінде де пайдалы боларына сеніміміз мол.

– Біз бұған дейін мерзім­ді әскери қызметті жоғары дең­­­гейде аяқтағандарға оқу орын­­­дарына түсуге тегін грант берілетінін жазған бо­ла­­тын­быз. Бұл жастарды қан­­­ша­лықты қызықтырып отыр?

– Иә, білім алу жеңілдік­терінің енгізілуі, армияда ең­бек нарығында сұранысқа ие ма­мандықтарды алып шығу мүм­кіндіктері пайда болған­нан кейін жастардың мерзім­ді әскери қызметке деген қызы­ғушылығы артып отыр. Біз оны әлеуметтік желі арқылы да бай­қаймыз. Мә­се­лен, заман талабына сай Ерек­ше мақсаттағы бригаданың TikTok арнасы бар. Оған 65 мыңнан аса адам жазыл­ған, видеоларымызға 1,2 млн-нан аса лайк басылған. Кейбір видеоларымыз мил­лионнан астам қаралым жинап жатыр. Сол жерде жастар біздің қата­рымызға қалай қосылуға болады деп сұрап жатады. Біз TikTok арқылы да оларды іріктеп, қызметке қабылдадық.

Мерзімді әскери қызметті өтеген сарбаздарымыз Бір­ың­ғай ұлттық тестілеуді тап­сырмай-ақ жоғары оқу орнына түсу мүмкіндіктерін пай­да­ланып жатыр. Қорғаныс ми­нистр­лігінің әскери оқу орындарына түскендер де бар. Ал қызметтің қыр-сырын үйреніп, өз тағдырын осы саламен бай­ланыстырғысы келгендер келі­сім­шарт бойынша әскер қата­рына қабылданды.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»