Әскер • 21 Қыркүйек, 2023

Танкистің «Ерлік сабағы»

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отставкадағы генерал-майор Геннадий Носоновскийдің Әскери-тарихи музейде елордалық оқушылармен өткен кездесуі Танкист күніне орайластырылды.

Танкистің «Ерлік сабағы»

«Batyrlar» әскери-патриоттық қозғалы­сының тәрбиеленушілерімен болған кездесуде Геннадий Владимирович ел әскерінің құрылуы мен қалыптасу тарихына тоқталды. Әскерилер әулетінен шыққан ол – еліміз Қарулы күштерінің бастауында тұрған тұлға. Генерал танк полкіне басшылық жасады. Танк дивизиясының штаб бастығы болып абыройлы қызмет атқарды. Оңтүстік әскери округінің штабын басқарды. Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, құрметті демалысқа шықты.

Танкист қызметі туралы айтқан ардагер өмірінің қуатты әрі көптонналық жауынгерлік машинасымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Шынжыр табан­ды техниканың сипаттамасына жан-жақ­ты тоқталды. Оқушыларды жауынгерлік ма­шинадағы снаряд саны, оны қолдану, танк­тің осал жері қайда деген сұрақтар қызықтырды.

– Төзімділік, бойыңның қысқа болуы, жақсы білім, қатаң тәртіп – бұл танкиске қажетті негізгі қасиеттер, – деп атап өтті Геннадий Носоновский. – Танк бөлімшесінің жетістігі негізінен экипаждың үйлесімді іс-әрекетіне байланысты. Сол себепті танкистерді даярлауға көп көңіл бөлінеді. Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институты – офицер кадрлар­дың негізгі ұстаханасы. Ал танк бөлімшелерінің кіші мамандары Гвардейск гарнизонындағы Оқу орталығында даярланады, – деп атап өтті ардагер.

Еліміздің Қарулы күштерінде аталып өтетін 15 қыркүйек – Танкист күнінің тарихы сонау 1942 жылдан бастау алады. Соғыстың бірінші жылы шымкент­тік темір­жолшы жастардың бастамасымен ­бір жыл ішінде бүкіл республика бойын­ша танк легін құруға жететін ақшалай қара­жат жиналып, 1942 жылғы 15 қыркүйек­те «Қазақстан комсомолы» деген жазуы бар 46 «Т-34» танкі, май­дан даласына жіберілді. Бұл жауынгерлік машиналар Екінші дүниежүзілік соғыс­тың шешуші шайқастарына қатысты. Кей­­бір куәгерлердің естелігі Берлин түбіндегі ұрыс­тарға да елімізде жасалған бірнеше танк­тің қатысқанын растайды.