Жалпақ жұртқа жақсы қырынан өнеге етуге әбден лайықты еңбек шежіресінің әліппесі сонау 1968 жылдан бастау алады екен. Ол тұста құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, шағын ғана Степногор қаласының енді ғана тынысын кеңейтіп, өркен жайып келе жатқан уақыты. Валерий Иванович пен Лидия Михайловна Гончариктердің жас отбасы өздерінің бақытын іздеп жаңа қалаға келген. Бірден Целинный тау-химия комбинатына жұмысқа орналасты. Өз істерін беріліп істейтін, тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқаратын жастардың тыңғылықты ісі назарға ілінбей қалған жоқ. Алдынан жұмыс үркіп отыратын олардың еңбегі сол тұста лайықты бағаланды.
– Менің нағашы атам Валерий Михайлович Еремин де елге еңбегімен танылған, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын адам еді. Атам жағынан да, анам жағынан да тұтас әулетіміз осы комбинатта жұмыс істеді. Біздің әулеттің еңбекпен келген берекесіне комбинаттағылар қызыға қарайтын. Еңбек әр уақытта бағаланады емес пе? Комбинатта ұйымдастырылатын еңбек жарыстарында үнемі жоғары көрсеткіштерімен танылғандықтан 1974 жылы «Құрмет белгісі» орденіне ие болды, – дейді Евгений Олегович.
Әріптестері өздерімен иық тірестіре жұмыс істейтін Валерий Михайлович кеудесіне таққан марапаттарын өздері алғандай қуанған. Әбден лайық дескен олар. Еңбегі әбден сіңіп жүр ғой. Өзгелер жиналыс сайын мақталатын, мереке сайын еңбегі аталып өтетін Валерий Ереминнің тау қопарып, тас жаратын қажыр-қайратына сүйсініп, өздері де дәл солай еңбек етіп иық тірестіріп жүруді мақсат тұтатыны бар еді. 1981 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденін, 1990 жылы «Еңбек ардагері» медалін алғанда да еңбекқор жанның жан дүниесін, жұмысқа деген құштарлығын, мол жауапкершілігін етене жақын танып-білген көзтаныстар марапат иесімен бірге қуанған. Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай құрметке ие болу да оңай-оспақ шаруа емес.
Томск политехникалық институтының 1974 жылғы түлегі Валерий Николаевич Еремин жолдама бойынша Целинный тау-химия комбинатында еңбек жолын бастағаннан кейін табан аудармастан 42 жыл бойы жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты. Еңбек шежіресі кейінгі жастарға өміршең өнеге болып қалды. Әдемі еңбек дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, еңбексүйгіш, тындырымды жанның қол жеткізген табысы, ұжымның ұйытқысына айналған берекелі іс-әрекеті әдемі аңыз тәрізді әлі күнге дейін айтылады. Валерий Николаевичтің қызы мен Валерий Ивановичтің ұлы шаңырақ көтерген. Осы бір жас отаудың керегесін кеңейтіп, іргесін бекіткенде арыдан жылға тартқан еңбек лебі. Екеуі де еңбекқор отбасында өсіп, ата-аналарының адал жұмыс істеуінің арқасында қаншалықты құрметке бөленгендіктерін жүректерімен сезіп өсті. Өздері де соларға ұқсауға, бой түзеуге тырысты. Әлде бұл ана сүтімен көкіректеріне дарыған қасиет пе екен. Жас шаңырақтардың өз перзенттері де өсіп жетілген. Қазір қыздары Наталья осы кәсіпорында сапаны бақылау қызметінің бақылаушысы. Олег Валерьевич экстракция цехында жұмыс істейді.
Бар ғұмырын адал еңбекпен баянды еткен әулеттің жаңа шежіресі жазылып жатыр. Үшінші ұрпақтың көгеріп-көктеуі, өркен жаюы. «Ата көрген оқ жонар» дегендей, атасынан, әкесінен үлгі алған Евгений Олегович Гончарик 2017 жылдан бері «СГХК» серіктестігінде гидрометаллург болып жұмыс істейді. Өндірістен қол үзбей Омбы қаласындағы мемлекеттік политехникалық институтты оқып бітірді. 2021 жылы өндіріс шебері болып тағайындалды.
– Біздің әулеттің бәрі еңбектен бақытын тапқан жандар, – дейді Евгений Олегович. Бүгінгі жастар техника тілін білгені жөн. Еліміздің болашағы техникалық мамандарда екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтады. Сондықтан жер-жердегі кәсіби білім беру мекемелеріндегі сапаны арттыру керек. Өндіріс орындары көп шоғырланған Степногор қаласында бос тұрған жұмыс орны көп. Мен кейде қарекетсіз қарап жүргендерді көргенде замандастарыма техникалық білім алсаңдар, жерде қалмайсыңдар әрі Отанымызға да пайдаларың тиеді, деп айтып жүремін.
Еңбекпен көгерген әулеттің еңбек шежіресі – шынында да мазмұнды әрі бай. Оған мазмұн үстеп тұрған кейіпкеріміздің бойындағы еңбекке деген ұмтылыс.
Степногор қаласы