«Шілікті даласының тек орта шенінде 200-ден аса сақ дәуірінің ескерткіш жәдігерлері бар. Соның ішінде 50-ге жуығы ақсүйектер мен патшалар зираты. Мұндағы көне сақ ескерткіштерінің тарихы б.з.д.VIII ғасырдан бастау алады. Ал сақ заманынан кейінгі қорғандар б.з.д. I-II ғасырды құрайды. Ескерткіштердің кейбірі үйсін, кейбірі түркілердікі. Сондай-ақ б.з.д. VI-VII ғасырларға тән жәдігерлер де кездеседі», дейді өңірге қазба жұмыстарын жүргізген археолог-ғалым марқұм Әбдеш Төлеубаев мырза.
Жалпы саны 17 обадан тұратын үлкен кешеннің бірі – Бәйгетөбе обасы. Бұл нысанды қазу барысында, барлығы 4 303 алтын бұйым табылса, солардың ішінде: тұмсықты барыс бейнелі 153, бүркіт пошымдас 36, бұғы мүсіндес 20, бөлтірік-қонжық типтес 39, арқар түстес бір қапсырма, сонымен қатар 23 сылдырмақ әшекей, 63 бұдыр түтікті сәндік бұйым, 17 жіңішке тілік, 7 сым, 141 жартышар пішінді салпыншақ, 2 835 дәнекерлі бүрме, 223 майда моншақ, 743 сақина, т.б. жәдігерлер қазақ қазынасын толықтырыпты.
Жоғарыда табылған бұйымдар аң стилі дәуірінің алғашқы кезеңіне тән дүние, дейді ғалымдар. Мұндағы мүсіндеу шеберлігі, жануар бейнелерінің тамаша стилизациясы, заттарды дәл жеткізе білу тәсілі айрықша екені анық.
Бәйгетөбе обасын қазу кезінде, балқарағайдан қиюластырып салған көлемі 4,8 х 4,6 метр шаршы қима-таған табылады. Оның ішінде жатқан екі мәйітке сараптама жүргізген антропологтер біреуі – 40-50 жастағы еуропалық келбетті ер адам, екіншісі – 50-60 жас шамасындағы аралас нәсіл (еуропеоид-моңғолоид) екенін анықтады.
Осындағы ер адамның мүрдесі негізінде қазынамызға «Шілікті әміршісі» деген атпен енген алтын киімді адамның жаңғыртпасы жасалды. Бұл істі атқару кезінде, ерте темір дәуірі мен орта ғасырларда Еуразияны мекендеген тайпалардың киім үлгісі туралы мәліметтер кеңінен пайдаланылып, ер адамға алтын әшекейлі шекпен, шалбар, етік, шошақ төбелі бас киім кигізіліп, оның сыртынан азиялық стильде алтынмен әдіптелген шапан жабылыпты. Белдігіне қанжар мен қыны бар қылыш бекітіліп, алтынды мойын алқа және сырға-жүзік тағылады. Әміршілік нышаны ретінде қолына – ұштығында таутеке мүсінді асатаяқ ұстатылған екен.