Ғылым • 25 Қыркүйек, 2023

Тұзды топырақтан электр қуатын алады

263 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында жауапты ұйымға қауіпсіз және экологиялық таза атом энергиясын дамыту мүмкіндігін зерттеуді тапсырған болатын. Мұның себебін Президент 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясының тапшы болатынымен байланыстырды. Бірақ қоғамда атом электр стансасын салуға қарсылық көбейгендіктен, жалпыхалықтық референдум арқылы нақты шешім шығару көзделді. Қауіпті атомнан қуат алатын АЭС салу-салмау туралы бір байламға келе алмай жатқанда колледж студенті электр қуатын тұзды топырақтан алуды ұсынды.

Тұзды топырақтан электр қуатын алады

Мұндай маңызды ұсынысты жасаған жас зерттеуші Роман Мутасов Ақмола облысындағы Көкшетау қаласы құрылыс-технологиялық колледжінде оқиды. «Цифрлық техника» мамандығы бойынша білім алатын 2-курс студенті электр қуатын тұзды топырақтан алу идеясы үйдегі жарықтың күтпеген жерден сөніп қалған сәтінде туғанын айтты.

– Бір күні біздің үйде электр жарығы сөніп, бәрі қараңғылыққа батып кетті. Содан кейін мен бір сәтте «Электр қуаты жоғалып кетсе қайте­міз?», деп ойладым. Бұл сұрақ мені қызықтырды және әртүрлі ақпарат көздері, кітаптар мен интернеттен осыған жауап беретін мәліметтер жинауға итермеледі, – дейді кейіпкеріміз.

Романның пікірінше, электр энергиясы – қазіргі адам өмірінің ажырамас бөлігі. Электр қуаты жоқ болса теледидар сөніп, үтіктер, тамақ пісіретін плиталар, үйді жылытатын пештер, шаңсорғыштар, тоңазытқыштар, компьютерлер мен телефондар жұмыс істемей қалады. Бар­лығына үйреншікті болып кеткен өмір тоқтайды.

– «Роботроник» инженерлік даму клубына екі жылдан бері қатысып келемін. Мені электроника, роботтехника, бағдарламалау қызықтырады, сондықтан адамдар қолайлы, жайлы өмір сүру үшін қолдана алатын электр қуаты бар екенін білемін. Бірақ біз электр энергиясының барын әдеттегідей, үнемі бола беретіндей қабылдаймыз және электр энергиясын алу үшін қандай ғылыми күш салу керек екенін әрдайым түсіне бермейміз, – дейді бардың қадірін ұғындыруға тырысқан жас зерттеуші.

Осылайша, Роман қолда бар материалдардан электр энергиясын алудың балама тәсілдеріне қызығушылық таныта бастады. Оның бұл қызы­ғушылығы тынымсыз зерделеуге жетелеп, онысы тыңғылықты зерттеуге ұласты. Нәтижесін­де, ол топырақтан электр қуатын алу адамзатқа ­да, топыраққа да пайдалы екеніне көз жеткізді.

– Біз тұзды топырақтан электр тогын аламыз, осы арқылы оның құрамындағы тұздың мөлшерін азайтамыз. Мұны зерттеу жобама арқау еттім. Жоба жетекшілеріміз химия және биология мұғалімдері Ирина Хващевская және Манар Шалабаевамен бірге әуелі 8*8*3 текше сантиметр өлшемді ванналарды және топырақ орналастыратын макет жасадық. Содан кейін мырыш пен мыс табақшалары орналастырылды. Электр энергиясы осы экспериментте жүретін химиялық реакциялар арқылы өндіріледі, – дейді Роман.

Оның айтуынша, мырыш пластинасы бар электрондар мыс пластинасына ауысады және топырақ пен мырыш пластиналары арасындағы потенциал азаяды, сөйтіп пластиналардың өздері электрондардың жаңа зарядын алады. Бұл тізбектегі кернеу 7 және 9 вольтқа тең, яғни бүгінде химиялық реакциялардың көмегімен электр энергиясын алуға болады.

Кейіпкеріміз қолға алған зерттеу жобасы жетекшілерінің бірі, Көкшетау қаласы Құры­лыс-технологиялық колледжінің оқытушы­сы М.Шалабаева: «Роман әртүрлі экологиялық мәселелерді зерттейді және балама тәсілде­рін табуға тырысады. Көкшетау қаласындағы топырақтың көп бөлігі тұзды, яғни өсімдіктерді өсіруге жарамсыз. Сондықтан біз бұл топырақты электр энергиясын өндіру үшін пайдаланамыз», деп түсіндірді.

Роман республикалық кон­ференцияда «Өмірлік орта экологиясы» сек­­ция­сында өз жобасын ұсынып бірінші орынды ­иеленген екен. Болашақта осы жобасына кәсіпкер­лер немесе басқа да демеушілер тара­пы­нан қол­дау көрсетіліп, нақты өнім өндіріп, қол­данысқа енгізілуін тілейміз.