Әскер • 25 Қыркүйек, 2023

Қарулы күштер генерал Сағадат Нұрмағамбетовті еске алды

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарулы күштерде өткізілген генерал Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған іс-шара туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарулы күштер генерал Сағадат Нұрмағамбетовті еске алды

Фото: Қорғаныс министрлігі

Елордадағы әскери колледжде еліміздің бірінші Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған шараға генералдар, офицерлер, сержанттар, кадеттер, ұландар, сондай-ақ ардагерлер мен басқа да қонақтар қатысты. Он жыл бұрын еліміздің ең ұлы әскери қайраткерлерінің бірі өмірден озды.

1945 жылы даңқы жер жарып, аты аңызға айналған генерал бюстінің жанына оның есімі берілген әскери колледждің бүкіл жеке құрамы сап түзеді. Батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Бір минут үнсіздіктен кейін Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов сөз сөйледі. Ол Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрінің жауынгерлік жолы аңызға толы екенін, қазақ халқының батыр ұлы мемлекетке және болашақ ұрпаққа қызмет етудің, ерлік пен жауынгер абыройының, ар-намыс пен адамгершіліктің үлгісі болғанын атап өтті.

«Сағадат Нұрмағамбетов Қарулы күштерді құруға, оны қалыптастыруға және дамытуға баға жетпес үлес қосты, әскерді жаңа жетістіктерге жеткізді. Батырдың есімі халық жадында мәңгі сақталады. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов салған даңқты жауынгерлік дәстүр жалғасады деп сенемін»,, деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Алматы өңірлік гарнизонында Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған іс-шара ол тұрған үйдің жанында басталды. Оған туған-туыстары, десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшылығының, жергілікті әскери басқару органдарының, ардагерлер ұйымдарының өкілдері және қаланың әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері қатысты. Сағадат Нұрмағамбетовтің үйінің жанына жиналғандар 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Мұнда өскелең ұрпақ үшін «Ерлік сабағы» өткізілді.