08 Маусым, 2010

ШЕКАРАЛЫҚ БАҒАНА-БЕЛГІ ОРНАТЫЛДЫ

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қол жеткен уағдаластыққа сәй­кес Қазақстан мен Ресей мемле­кет­тері шекарасының Ақтөбе және Орынбор облыстарының учаске­сін­дегі Орск қаласының шекарадан өтетін жер аумағында бірінші баға­на-белгі орнатудың салтанатты рә­сімі болды. Аталмыш шараға кел­ген көршілес екі елдің делегация мүшелері Қазақстан мен  Ресейдің Әнұрандары орындалып болған соң сахна төріне көтерілді. Делегация­лар құрамында  Қазақстан жағынан Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Вячеслав Ғизатов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, “Невада-Семей” қоз­ғалысының төрағасы, халық жазушысы Олжас Сүлейменов және Ресей жағынан Орынбор облысының губернаторы Алексей Чернышов, Ресейдің Төтенше және өкілетті елшісі Владимир Волков, Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің Орынбор облысы бойынша шекара қызметінің бас­тығы, генерал-майор Александр Гуков, сондай-ақ,екі елдің демар­ка­циялық комиссияларының және шекара қызметтерінің басшылары, мемлекеттік органдар өкілдері бол­ды. Шекарада бағана-белгі орнату салтанатында сөз алған Орынбор облысының әкімі Алексей Черны­шов бұл сәтті екі ел үшін де өте маңызды оқиға ретінде бағалады. Көршілес екі елде қалыптасқан дос­­­тық, өзара ынтымақтастық қа­тынастың арқасында шекаралық мәселелердің өзара ортақ тіл та­бысу арқылы оңтайлы шешілгенін жеткізді. – Орынбор облысының Қазақ­стан­мен шекарасы 1800 шақы­рымнан астам. Оның өн бойында қазірдің өзінде 17 жеңілдетілген өткізу пункті жұмыс істейді. Ақтөбе облысымен шекарамыз 900 шақы­рымнан асады. Ежелден аралас-құраласы тоқтамаған екі өңірдің экономикалық, сауда байланысы ғана емес, мәдени қарым-қатынасы да нығая түсуде. Өткен жылы Ресей мен Қазақстанның шекаралас ай­мақтарының форумын өткізгені­мізде ақтөбеліктер бізге қазақ диас­по­расының ұлттық ауылын жарақ­тандыруға көмек берді. Ұлттық қазақ ауылында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болып, екі елдің, екі халықтың достығы мен тату­лығына тағы бір көз жеткізді. Өңірлердің өзара ынтымақтастығы бұрынғыдан гөрі дами түсетініне сенімдімін, – деді Алексей Чер­нышов. Өз кезегінде Ақтөбе облысы­ның әкімі Елеусін Сағындықов ше­караға бағана-белгі орнатудың өз­ара қарым-қатынасты халық­ара­лық нормаларға сәйкестендір­гені бол­ма­са, екі елдің, екі об­лыс­тың арасындағы достық пен татулық­қа, келісім мен ынты­мақтастыққа селкеу түсірмейті­нін жеткізді. – Үстіміздегі жылғы бес айда  Ақтөбе облысының Ресеймен сырт­қы сауда айналымы 150 пайызға өсіп отыр. Экспорт та, импорт та өсе түсті. Тек биылдың өзінде біз­дің облыстың  Ресеймен сыртқы сау­да айналымы 6 млрд. АҚШ дол­ларын құрайтын болады.Ал Орын­бор облысымен сауда айналымы  2 млрд. АҚШ долларына жетеді деп отырмыз. Жалпы Орынбор және Ақтөбе облыстары өз елдерінің экономикалық дамуында өзіндік орны бар өңірлер. Бізде тек экономикалық байланыс қана емес, мәдени байланыстар дамып отыр. Орынбор облысымен екі арада жеңілдетілген он өткізу пункті жұмыс істейді. Сондықтан барыс-келіс, аралас-құраластық артпаса, кемімейді, – деп тұжырымдады ойын Елеусін Наурызбайұлы. Мемлекеттік шекара – әр елдің Әнұраны,Туы мен Елтаңбасы сияқты зор мәртебеге ие. Екі елдің жерімен өтетін шекараға демар­кация жасалғанымен көршілес елдердің ынтымақтастығына селкеу түсірмейді.Маңызды шараға қатысқандардың ортақ пікірі осыған дәлел болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.