Суретті түсірген – Тілеубек Шаяхмет
Сенбінің таңында өскемендіктер сонау Катонқарағайдан бал мен қымыз келді деп, ауылшаруашылық жәрмеңкесіне асықты. Бір күн бұрын әншілері мен бишілері, қазыналы қарттары үлкен сахнада өнер көрсетіп, Өскемен өңірін ән-күйге бөлеген. Эстрада әндерін ерекше сарында құбылта шырқап жүрген «Мұзтау» этнотобы бұл жолы да көпшіліктің қошеметіне ие болды. Этноәуен таулы жерге тән бе, көмей әншісі Еділ Құсайынов та сыбызғысын аңыратып, сахна төріне шықты. Аз ба, көп пе, әйтеуір 700 орындық «Ертіс» концерт залында ине шаншыр орын болмады. Концерт бойы өнерпаздарға қиқу қосып, қол соғудан жалықпаған ел әуелде Катонқарағайдың бренд өнімдерінен қойылған көрмені тамашалаған. Мұнда қылқалам шеберлерінің картиналарына да келушілердің назары ауды.
– Катонқарағай балымен, бұғысымен, қымызымен мұқым қазақ еліне белгілі аудан. Табиғаты қандай? Табиғатына қарай азаматтары да ерекше өнерлі. Оны дүркіреп өте шыққан концертте байқаған шығарсыздар, – деп лебізін білдірді Өскемен тұрғыны Ләззәт Қанатқызы.
Сенбілік жәрмеңке де басқа өңірлермен салыстырғанда өзгеше өтті. Ұлттық спорт ойындарынан бөлек мықтылар бал көтеруден, қымыз ішуден сайысқа түсті. Отыз келі балды 40 рет Сұлтан Амантай көтеріп, тұғырдан көрінсе, екі литрлік қымызды үзбей ішіп, бір уақытта тауысқан Мерей мен Рустам бірінші орынды бөлісіп алды. Мұндай сайыстар Ертіс жағасындағы амфитеатрда да өтіп жатқан. Айта кетерлігі, катонқарағайлықтар Өскеменге 200 түп самырсын көшетін сыйға тартты.
Шығыс Қазақстан облысы