Қазақстан халық партиясының Қарағанды облысындағы филиалы 20 қыркүйек күні конференция өткізген болатын. Конференцияда алдағы әкім сайлауына қатысты әңгіме қозғалды. Партия ұжымы Қарағандының Осакаров және Ақтоғай ауданының әкім сайлауына өз кандидаттарын таңдап, олардың құжаттарын сайлау комиссиясына ұсыну жөнінде шешім шығарды.
Бейсенбі күні партия ұжымы Осакаров ауданының сайлау комиссиясына кандидаттарының құжатын өткізді.
– Біз партия ұжымымен кеңесе келе, Осакаров ауданының әкімі сайлауына өз кандидатымызды ұсындық. Кандидатымыздың қырық жылға уақыт еңбек өтілі бар. Ауданның барлық мәселесін жіті біледі, жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен жақсы таныс әрі оны дамыта алады деп сенім білдіріп отырмыз. Кандидатымыз алдағы уақытта өзінің сайлауалды бағдарламасын жариялайды, – дейді партияның облыстық филиал төрағасы Халел Мақсұтов.
Ал Ақтоғай ауданының сайлау комиссиясына кандидаттарының құжатын келер аптада тапсырады.
– Ауданның негізгі күші ол – ауыл. Біз Ақтоғай ауданының әкім сайлауына кандидатымызды ауылдан таңдап отырмыз. Ауылдың мәселесін білетін мемлекеттік қызметкер ауданды басқара алады. Ауылды көтеру арқылы, ауданның әл-ауқатын арттырады. Ауыл шаруашылығы саласын көтерсе, елдің экономикасын көтереді, – дейді Халел Мұқатайұлы.
Кандидаттары тіркеу 15 қыркүйекте басталып, сайлауға 25 күн қалғанда – 10 қазанда аяқталады. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау қараша айының бірінші жексенбісінде, яғни 5 қарашада өтеді. Сайлау 3 қала мен 42 ауданда өтеді.
Саяси партиялардан бөлек жекелеген азаматтардың да кандидат болуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте өзін-өзі ұсынған азамат сайлауға түсіп отырған сайлау округінде тіркелген сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайыз қолдауын жинауы қажет.
«Кандидаттар тіркелгеннен кейін аумақтық сайлау комиссиясы БАҚ-та кандидатты тіркеу туралы шешімін жариялайды. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тіркеу аяқталған соң бірден басталады, ол 24 күнге созылады. Дауыс беру үшін тұрғындар таңғы сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін аумақтық сайлау учаскелеріне келе алады. Дауыстарды санау 12 сағаттан аспауға тиіс», деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов.
Қарағанды облысы