08 Маусым, 2010

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ САЯСАТЫНА ТҮСІНІК

774 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында аталған академия мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ұйымдастыруымен “Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясаты: басымдықтар мен іске асыру жолдары” атты мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинары өтті. Оны Премьер-Министрдің орынбасары –Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Арын Өрсариев ашты. Семинар жиыны барысында сөз алған Премьер-Министрдің орын­ба­сары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исе­ке­шев елдегі индустриялық-инновациялық саясаттың жүзеге асырылуы мен мақсат-міндеттеріне тоқтала келе, осы бағытта ойлаған мақсатқа қол жеткізу үшін әр аймақтың өзіндік ерекшелігіне орай дамытылуы тиіс басым бағыттарды таңдап алу қажеттігін назардан тыс қалдырмады. Ол үшін аймақта нені дамытуға болатындығы жөнінде арнайы карта дайындаған дұрыс және бұл жұмыстарды түрлі салалар бойынша білікті мамандардың қа­тысуымен жүзеге асырған жөн. Тіп­ті бизнес саласының өкілдерімен де кеңесіп алғанның артықтығы жоқ. Егер осы іс талапқа сай ұйымдас­ты­рылатын болса, еліміздің әр облы­сынан болашақта дамытуға қолайлы кем дегенде жақсы бір сала шығады, деді Үкімет басшы­сының орынбасары. Аталған басқосудың мақсаты еліміз индустриялық-инновация­лық саясатының өзекті бағыттарын жариялау және талқылау болып табылады. Семинар тыңдаушылары аталмыш жиында Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновация­лық дамуы жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы­ның өзекті бағыт­тарымен танысты. Сонымен бірге осы бағдарламаның қалыптастыру қағидаттарын және оны жүзеге асы­рудың ағымды тәжірибесін зер­делеу жайындағы мағлұматтардан, оны жүзеге асырудың нормативтік құқықтық базасынан да хабардар болды. Басқосуда бірқатар ведомство­лар өкілдері арнайы баяндамалар жасап, тыңдаушылармен осы мәселелер төңірегінде тәжірибе алмасты. Өнеркәсіптің басым салалары туралы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамед Әбдібеков, АӨК 2014 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттары жайында Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Арман Евниев, ал индустрияландыру картасы туралы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Қамалиев баяндады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.