Жылу уақтылы берілмеуі мүмкін
Жалпы, жылыту маусымының жайына тоқталмас бұрын, жоғарыдағы мәселенің мән-жайына үңілсек. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысын ойдағыдай жүзеге асыру үшін бүгінде энергиямен жабдықтау кәсіпорындары 2 турбина, 30 қазандық, 12 шақырым жылу және 886 шақырым электр желісіне, 113 трансформаторлық қосалқы стансасына жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Алайда жұмыстар жүйелі ұйымдастырылмағандықтан, дайындық ойдағыдай емес. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Серік Қанағатовтың төрағалығымен жылыту маусымына дайындық жағдайы қаралған еді. Сол жиында көп түйткілдің шеті шықты.
Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Сқақовтың айтуынша, Сарқан қаласының орталық қазандығының тозған 2 қазандығын ауыстыруға мердігер анықталғанымен, қажетті негізгі жабдықтардың жоқ болуына байланысты әлі күнге дейін жұмыс басталмаған. Ол аздай, Үштөбе қаласында блокті-модульді қазандық сатып алуға және орнатуға қаражат биыл шілдеде бөлінген. Алайда конкурстық рәсімдер әлі күнге дейін жарияланбаған. Талдықорған қаласындағы Дарабоз ана, Абай, Гаухар ана, Балпық би көшелеріндегі жылу желісінің учаскесін қайта жаңарту жобасының іске асырылуына байланысты биыл 4-28 қыркүйек аралығында абоненттерді ыстық судан ажырату жоспарланғанымен, жұмыс уақытында аяқталмауы мүмкін. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырады. Сонымен қатар Ескелді ауданының Ақтұма, Ақешкі және Сырымбет ауылдарының тұрғындарын орталық сумен қамтамасыз етілмеу қаупі бар.
«Қысқы жылыту маусымынан қысылмай шығу үшін энергия кәсіпорындарына 365 мың тонна көмір, 10,1 мың тонна мазут қажет. Сонымен қатар бюджеттік ұйымдар үшін 11,4 млн литр дизель, 16 мың тонна көмір және 4,2 мың тонна пеллет дайындалуы керек. Алайда энергия кәсіпорындарында бүгінде 81,6 мың тонна көмір, 1,7 мың тонна мазут қоры бар. Кәсіпорындарға көмір толығымен сатылып алынғанымен, жоспардағы 365 мың тонна көмірдің 167,9 мың тоннасы ғана жеткізілген. Мазут отынын жеткізу қазан айында басталады», дейді Д.Сқақов.
Бүгінде бюджеттік ұйымдарға 11,2 млн литр (қажеттілік 11,4 млн литр) сұйық отыны сатып алынса, оның 8,8 млн литрін ғана діттеген жеріне жеткізілген. Бюджеттік ұйымдарға қажетті 16 мың тонна қатты отынның 13,5 мың тоннасы жеткізілген. Өкінішке қарай, Панфилов ауданының мәдениет нысандарына көмір мүлдем жоқ. Облыс тұрғындары үшін көмірдің жалпы қажеттілігі 453,8 мың тоннаны құрайды, бүгінде 250,4 мың тонна алынған. Дегенмен тұрғындардың қатты отын дайындау жұмысы Қаратал, Көксу, Ақсу аудандарында баяу.
Жылыту маусымы жақындап қалса да, облыстағы 10 білім беру нысанының жөндеу жұмысы толық аяқталмаған. Сондықтан жылыту маусымына дайындық жұмысы басталмаған. Сонымен қатар жылу және электрмен жабдықтаушы ұйымдар алдында дебиторлық берешектердің уақтылы өтелмеу мәселелері туындады. Салдарынан кәсіпорындар уақытша қаржылық қиындыққа тап болып отыр.
Жылыту маусымында «Талдықорғанжылусервис», «Алакөлжылу», «Сарқанжылу» «АсуТВК» «Панфиловсуқұбыры» мекемелері мен «Жылыту орталығы» ЖШС-лардың көмір және мазут сатып алуына бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған. Бюджеттік ұйымдарға көмір және дизель отынын жеткізу, жеке секторды көмірмен толық қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар да ретімен жалғасып жатыр. Сондай-ақ 1 648 көпқабатты тұрғын үй және бюджет саласының 936 объектісін қысқы жылыту маусымына дайындау жұмысы қадағалануда.
Орталық қазандықтарды жаңғырту, жылу және электр желілерін жөндеу жүргізіліп жатыр. Осы жылы Талдықорған, Текелі қалалары мен Алакөл, Панфилов, Сарқан аудандарындағы жылумен жабдықтау нысанын жаңғыртуға, салуға және ағымдағы жөндеу жұмысына бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінген. Сол қатарда Талдықорған қаласындағы №4 қазандықты газбен жылытуға ауыстыру және Текелі қаласындағы «Алатау» шағын ауданындағы жылу желілерін қайта құру және салу, Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы қазандықты қайта жаңарту, Панфилов ауданы, Нұркент ауылының жылу желісін кеңейту, Сарқан ауданы Сарқан қаласының қазандығы жөнделіп жатыр.
Жылу желісі мен көздерін қайта жаңарту аясындағы жоспар Қаратал мен Панфилов аудандары және Талдықорған қаласында қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде облыстық бюджеттен «Басқуат» қазандығын қайта құру және кеңейту» жобасына түзету жүргізуге 500 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Бұл келесі жылы наурыз айында аяқталып, алдын ала мөлшерленген құны 25 млрд теңгені құрайтын жоба 2024-2025 жылы жүзеге асырылмақ. Электрмен жабдықтау жобасына да облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 205 шақырымнан аса электр желісі қайта жаңғырады. Демек аймақта қысқы жылыту маусымына дайындық жұмысы қарқынды жүруде және оған керекті қаржы мөлшері де жеткілікті.
Күздің ызғары бірте-бірте күшейіп барады. Санаулы күндерден кейін еліміздің барлық аймағында жылыту маусымы басталады. Осы ретте шалғайдағы аудандардың дайындығын сұрап білдік.
«Алакөл ауданы бойынша жылыту маусымы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауданда 2 орталықтандырылған жылыту қазандығы жұмыс істейді. Орталық қазандықты қатты отынмен қамтамасыз етуге «СнабСервисГруп» ЖШС-мен 378 млн теңгеге 24 156 тонна қатты отын жеткізуге келісімшарт жасалып, тәулігіне 132 тоннадан тасымалдау жұмысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 16 048 тонна қатты отын жеткізілді. Жылу желілерін ағымдағы жөндеуге байланысты 117 млн теңге қаражат бөлініп, бұл жұмысты «Велунд сталь» ЖШС сапалы атқаруда», дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айжан Мұрат.
Жалпы алғанда, ауданда барлығы 13 745 жеке тұрғын үйге жылыту маусымы барысында 71 696 тонна қатты отын қажет. Бүгінгі таңда 41 787 тонна көмір сатылып, тұрғындардың 59,1 пайызы қысқы дайындығын қамдап алды. Ауданды қатты отынмен қамтамасыз ететін 5 теміржол тұйығы бар. Бүгінгі таңда 14 вагон немесе 1 041 тонна көмір қоры жеткізіліп, сатылып жатыр. Сонымен қатар «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ ақпараты бойынша барлығы 11 вагон немесе 759 тонна көмір жолда келе жатыр. Көмірдің орташа сатылу бағасы 17 500-23 000 теңге аралығында.
Жыл сайын жылыту маусымы басталғаннан бастап тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттің саны артатыны да белгілі. Бұл көбінесе жылыту жүйелері мен қондырғылардың тозуы, пештің ақауы, жылыту, электр желісін шамадан тыс жүктеу кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзу, сондай-ақ тұрғындардың немқұрайдылығынан туындап жатады. Сондықтан да өрттің алдын алу, жалпы қарапайым талаптарды орындау туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де түсіндіру жұмысын бастап кеткен.
Көмірдің бағасы қымбаттаған
Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, қазір көмір сатып алу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Талдықорғанға жақын аудандар көгілдір отынмен қамтамасыз етілгенімен, қатты отынға сұраныс жоғары. Былтырғы олқылықтардың алдын алу үшін қоймалардан тонналап тасуда.
«Облыс бойынша 34 көмір тұйығымен 4 қойма жұмыс істеп тұр. Дәл қазір ол жерлерде 27,8 мың тонна көмір бар. Орта есеппен тәулігіне 24 вагонмен 1 656 тонна көмір жеткізуде. Алдымыздағы жылыту маусымына жалпы 453,8 мың тонна көмір қажет. Қыркүйек айында 65,4 мың тонна көмірді алып келу жоспарланған. Аудан және қала әкімдіктерінің ақпараты бойынша көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 17 200-18 300 теңге, ал теміржол қатынасы жоқ Ақсу және Сарқан аудандарындағы баға 24 000-26 500 теңге», дейді Д.Искаков.
Жалпы, жұмыстың жүйелі орындалу барысы – тікелей бақылауда. Оған арнайы мониторинг жүргізіледі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жұмыс істеп жатыр. Теміржол қатынасы жоқ алыс Ақсу мен Сарқан аудандары Талдықорған мен Алакөл ауданы арқылы көмірді тасымалдайды. Ақсу ауданындағы жалғыз тұйық І.Жансүгіров ауылында орналасқан. Ол жердегі қоймаға жауапты Сейдахмет Жаңабатыров: «Менің дәл осы жұмыспен айналысқаныма 30 жылдан асып кетті. Халыққа тиімді баға ұсынып, көмірдің сапасына мән береміз. Біз арнайы «КамАЗ» жалдап, сол арқылы жұмыс істейміз. Ал жолдан алып, бағасын негізсіз өсіріп жүргендер де жоқ емес. Мәселен, олар ауданымызда әр тоннасын 30 мыңнан сатады. Біздегі баға белгіленген. Ол межеден асып та, бұзып та кетпейміз. Дәл қазір қоймада көмір жеткілікті. Қажеттілік болып жатса, қосымша алып келеміз», дейді. Көршілес Сарқан ауданында да көмір бағасы облыстағы басқа елді мекендермен салыстырғанда жоғары. Себеп белгілі. Облыс әкімінің баспасөз қызметіндегілердің бізге берген ақпараты бойынша Сарқан қаласында екі қойма жұмыс істейді. Соның бір қоймасына Ерлан Бейсембеков жауапты.
«Қоймамыздағы көмір қоры жеткілікті. Тұрғындар жақсы алып жатыр. Бір тонна көмірдің бағасы – 26 500 теңге. Араға үш күн салып Талдықорғаннан алып келіп отырамыз. Арнайы «КамАЗ» жалдаймыз. Жағдайға қарай біз де әрекетті ширата түсеміз. Көмір сұранысқа ие, қоймаларға әлі де тасып жатыр. Бұл – теміржол қатынасы жоқ өңірлердегі жағдай», дейді Ерлан Нұрсайынұлы.
Ал газбен қамтылған, теміржол қатынасы бар Ескелді, Кербұлақ, Қаратал аудандарымен Талдықорған қаласындағы қоймаларға жауапты Талғат Диханбаевтың өз айтары бар.
«Былтыр дәл осы уақытта кезек басталып, тұрғындар жапа-тармағай көмір алуға асықты. Биыл жағдай басқа. Қоймада көмір өз мөлшерінен аса толып тұр. Халық қажеттілігіне қарай көмір сатып алып жатыр. Бұрынғыдай талас жоқ. Қоймаларды атап өтсек, Талдықорғандағы қоймада – 5 мың тонна, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылындағы қоймада – 1,5 мың тонна, Үштөбеде 600 тонна көмір бар. Ертең қара суық келгенде кезек көбейіп, шу шығып кетпес үшін кез келген адам қазірден қимылдағаны абзал. Ал біз өз кезегімізде жоспарды толық орындап, қыстан жақсы шығуға ниеттіміз», дейді Талғат Жұмабайұлы.
Жалпы, жылыту маусымына облысымыз «Қаражырадан» 216,8 мың тонна, «Шұбаркөлден» 237 мың тонна көмірді алып келуді жоспарға қойған. Теміржол қызметкерлерінің айтуынша, мамырдан бері 120,8 мың тоннасы келген. Бұл – пайыздық көрсеткішпен есептегенде 26 пайыз. Межелеген өлшемнің жартысына да жетпейді. Демек алдағы уақытта вагондар көбейіп, көмір мөлшері де артпақ. Қыркүйектің өзінде 948 вагон көмір алып келу күнтізбеге енген. Қазір 5,7 мың тонна көмір тиеліп дайын тұр. Қатты отынды пайдаланушыларға барлық жағдай ойластырылған. Тек уақытымен әрекет етіп, тиімді баға ұсынылып тұрғанда сатып алу қажет.
Жетісу облысы