Негізі Тобылжандағы тұз өндірісі біраз жылдан бері тоқтап тұрған. Жергілікті Үлкен және Кіші Тобылжан көлдерінде ерте замандардан тұз өндіріліп, экспортқа шығарылды. Алайда тәуелсіздік жылдары инвесторлардың дұрыс бағытты ұстанбауынан жобалар жол ортада қалды. 30 жыл бұрын әуелі Кіші Тобылжан жабылып қалды. Одан соң «Павлодартұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Үлкен Тобылжанды да консервациялауды жүзеге асырды. Басты себеп – тұз қорының жеткіліксіздігі. Соның салдарынан ауылдықтар нәпақа тауып отырған жұмыс орындарынан айырылып, жұрт облыс орталығына қарай көше бастады. Кезінде 3 мыңның үстінде адам тұрса, бүгінде ондағы халықтың саны 500-ге де жетпейді.
Осыдан бір жыл бұрын Кіші Тобылжандағы тұз өндірісін қайта қолға алатын инвестор табылып, жергілікті жұрт қуанышты хабарға елең еткен. Көп ұзамай көпшілік тыңдау өткізілді. Жобаны жаңғыртушы компания өкілдері былтыр шілде айынан тұз өндіруді бастап кетеміз, ал биыл техникалық тұзды ас тұзына айналдыратын қайта өңдеу цехы іске қосылады деп уәде еткен-ді. Алайда жұмыстар бір жылға кеш басталып, көл маңайындағы тірлік енді қыза бастаған. Серіктестік 10 адамды жұмысқа қабылдады. Компанияның рұқсат лицензиясы бар, өңірлік табиғат пайдалануды реттеу басқармасы лимит бекітіп берген.
«Тұз өндіру өнеркәсіптік ауқымда болмаса да, біртіндеп жүре бастады. Кіші Тобылжанда 30 жылға жуық уақыт тұз сыртқа тиелмеген. Қазір инвестор техникаларын әкеліп жатыр. Жергілікті халық арасынан жұмысқа адамдарды қабылдайды. Өкінішке қарай, Үлкен Тобылжанды консервациялаудың мерзімі аяқталғанына қарамастан, ондағы өндіріс тоқтап тұр. Биыл тұз қорына қайтадан сараптама тағайындалады делінген еді. Әзірше жауапты органдар қадам баспай отыр. Бұл көлдегі тұз қоры мол болуға тиіс, кезінде мұндағы жұмыстар тоқтап қалуы салдарынан ауыл тұрғындарының көбі еңбек орындарынан айырылды. Егер табиғи ресурс жеке фирманың қолына берілсе, бұрынғы игіліктер ауылға қайта оралады деген үмітіміз зор», дейді Успен ауданы Равнополь ауылдық округінің әкімі Мұхтар Сқақов.
Аумақта кезінде тұз өндірген «Павлодартұз» компаниясы өкілдерінің сөзінше, Тобылжан көліндегі шикізат ас тұзына жарамсыз. Сондықтан одан тек техникалық тұздың 30-40 мың тоннасын алып отырған. Басым бөлігі Ресейге экспортталыпты. Техникалық тұз негізінен қыста көктайғақ кезінде жолдарға себуге, зауыттардағы сүзгілерді тазартуға, мал азығы ретінде пайдаланылады. Осы көлдердегі тұз жазғы уақытта ғана өндіріледі.
Жалпы, Успен ауданында тұзды, сортаң көлдер баршылық. Соның ішінде Тобылжан аумағындағы қос су айдынында шамамен 1934 жылдары тұз өндірісі басталған. Тұз өндіру кәсібі кеңес өкіметі жылдары аудан экономикасының негізін құрап, натрий хлоридінің құрамындағы ас тұзы 99 пайыз мөлшерінде кездесетіні белгілі болған. Әрі тұздың да дәмі ерекше. Алайда оның құрамындағы ұсақ саз түйіршіктері бірнеше мәрте жуғанда кетпей, тұз сұрғылт тартып тұрады. Соған орай мұндағы тұз екінші сұрыпқа жатқызылады. Бір жылдары Тобылжанда түрлі дәмдеуіштер қосылған тұз түрлері әзірленіп, экспортқа шығарылады деп жоспарланған. Өндіріс алғашқыда жаңа өнім түрлерін сапалы түрде шығара бастағанымен, сатылым маркетингі дұрыс жолға қойылмағандықтан, көп ұзамай жабылып тынды.
Павлодар облысы,
Успен ауданы