Еліміз табиғи ресурстарға ерекше бай және зерттелмей жатқан жер ресурстары да жетерлік. Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған мәселенің көбі өзекті, оның ішінде үнемі қалтарыста қалып шешімін таппай жүрген проблемалардың күн тәртібіне қойылуы бізді бір серпілтіп тастады. Ол – шикізаттық өндіріс. Біз ұзақ уақыт бойы ғылымда заманға сай технологиямен жабдықтау жағынан тұралап қалдық. Соның кесірінен шикізатты өңдеу және оны ұқсату ісіне мән беруді қойдық. Жаңа технологияны ойлап тапқаннан гөрі сол технологияны шетелден сатып алғанға бойымыз үйреніп кетті. Жалпы, ғылымда жаңалық ашу үлкен ізденісті талап ететіні сөзсіз. Президент осы ахуалға терең, жан-жақты талдау жасау арқылы салаға түбегейлі өзгерістің қажеттілігіне баса назар аударғаны байқалады.
Елімізде жаңа тұрпатта ойлау қабілеті күшті ғалымдар корпусы бар. Олардың ашқан ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізу, оны тиімді пайдалану жағына осыған дейін бас ауыртпай келдік. Оның дамуы қағаз жүзінде дұрыс сияқты көрінді. Ал ол іс жүзінде көзге көрінбейтін елес болып қалды. Соның кесірінен біздегі индустриалды-инновациялық жобалар жүзеге аспай жатыр. Қаныш Сәтбаев атындағы университеті металлургия және кен байыту институтының ғалымдары бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, «Қазақмыс» ЖШС компаниясы базасында қара селен мен шлактан қымбат металл айыратын зауытты іске қостық. Әйтсе де қаншама өндіріс орындары өз жаңалықтарын жүзеге асыра алмай отыр. Президент Жолдауынан кейін осы бағыттың жолы ашылады деп ойлаймын. Ақылға салса, әрине, ғылымға жұмылу – өзекті шара. Бірақ еліміздегі ірі компанияларды немесе қуатты өндіріс орындарын ғылымға жұмылдыру үшін билік тарапынан кешенді шара қабылданса, игі іс болар еді. Сонда ғана біздің отандық өндірісіміздің бағы жанып, мерейіміз арта түседі.
Ғылымның жетістігін пайдаланбайтын сала жоқ. Ғылымда ұтысқа шығып жататын кездер де болады. Ғылым саласы эволюциялық шырқау шегіне жеткен кезде ештеңеге таңырқап қарауға болмайтынын қоғам дәлелдеп берген. Президенттің өз Жолдауында кен өндіру орындарын көбірек ашып, табиғи ресурсқа бай аймақтарға геологиялық зерттеулер жасауды және саланы тұтасымен модернизациялау туралы айтуы көңілге қонымды. Мұның өзі бізге үлкен күш береді.
Жаңғыру – үнемі жаңашылдықты талап етеді. Табиғи ресурстарымызға жаңаша түр беріп, жаңару Президент Жолдауында кен орындарын игеру ісіне ерекше назар аударғанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын шикізат өндірудегі келелі ұсыныс деуге болады.
Бағдәулет Кенжалиев,
Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық университеті металлургия және кен байыту институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты