Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Индекстің көшбасында әдеттегідей, Исландия, Финляндия, Норвегия, Дания, Швеция секілді Еуропа мемлекеттері орналасқан. Зерттеуге әр дүние құрлығынан дамыған мемлекеттер енгізілген. Олардың арасында Қазақстан 54-орында тұр.
Зерттеу 5 бағыт – көмірқышқыл газын шығару, жасыл энергетика, жасыл қоғам, инновация, климат саясаты бойынша жүргізіледі және осымен үшінші рет (2021, 2022, 2023 жылдары) өткізіліп отыр. Индексте жыл сайын еліміздің көрсеткіші төмендеп келеді, бірақ мұндай үрдіс барлық елге тән. Жалпы әлем елдері жасыл экономиканы дамытуға күш салып жатқанымен өсуден гөрі тоқырау көбірек байқалады.
Зерттеуді саралай келе ауқатты елдердің жасыл экономикаға жылдамырақ көшетіні, ал әл-ауқаты орташа мемлекеттердің бұл көште артта қалатынын байқауға болады. Сарапшылар мұндай елдерге орнықты экономикаға жету үшін тұтас қоғам болып күш салуды ұсынып отыр. Дегенмен бұл үкіметтерді жасыл экономиканы жасау жауапкершілігінен босатпайды.
Индекс нәтижесіне сүйенсек, мемлекеттердің жасыл экономикаға көшуіндегі негізгі мәселе – көміртегі. Елдердің қазба байлықтарды өндіруге шамадан тыс тәуелділігі табиғатқа үлкен зиянын тигізіп, орнықты экономикаға өтуге кедергі болып отыр. Осы ретте Аустралияның жетістігін атап өтуге болады. Бір материкті өзі алып жатқан мемлекет кейінгі жылдары экономикасын көміртегіден «тәуелсіздендіре» бастады, сәйкесінше рейтингте 10 позицияға көтерілді.
Жалпы, зерттеуде климаттың өзгеруімен күресуге көмектесетін және жақын уақытта проблеманы шешуге ықпал ететін 4 шешім ұсынылған. Олар:
- Күн мен жел энергиясын қолдану. 2017 жылы ЭКСПО-ны өткізген ел ретінде бұл бізге таңсық емес және осы бағытта жұмыс істеліп те жатыр.
- Қазба байлықты өндірудегі метан шығындарын және тамақ қалдықтарын азайту. Бірінші мәселені Үкіметтің жауапкершілігі десек, екіншісі тұрғын ретінде әр азаматтың борышы.
- Табиғи экожүйені сақтау және қалпына келтіру климаттың өзгеруін баяулатады. Сондай-ақ жаһандағы қалдықтардың 20 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі екенін де айта кетейік.
- Транспорт, құрылыс және өндірістегі энергияны тиімді қолдану. Қоғамдық көлік, велосипедпен жүру немесе тұрмыстық техниканы саналы қолдану болашақта өзін-өзі ақтап, табиғаттың қорғалуын қамтамасыз етеді.
Есеп экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау бағытында үкімет пен зерттеушілерге, жалпы қызығушы қауымға көмекші құрал бола алады.
Сүйіндік ҚАБЫЛ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы