Фото: gov.kz
«Ұйым құрылған 24 жыл ішінде алғаш рет Алматыда 2024 жылғы тамыз айында қазақтың ұлттық күресінен ТМД-ның алғашқы чемпионатын өткізу туралы келісімге қол жеткізіліп отыр. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ күресін Қазақстан қоғамында насихаттау және ілгерілету туралы тапсырмасын орындау негіз болды», деді аталған отырысқа қатысқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы подполковник Арман Әбеуов.
Келіссөздер барысында келесі отырыстың күн тәртібіне Достастықтың қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы әскери-қолданбалы спорт түрлерінің, сондай-ақ мәдени спорт түрлерінің тізбесін өзгерту және оған қазақтың ұлттық күресін қосу туралы мәселе енгізілді.
Бұдан бөлек, алдағы қараша айында Астанада ҚР Қорғаныс министрінің кубогі үшін армиялық қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпионатын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін де айта кету керек.