Егемен Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2023

«Хат қоржын»

197 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Тұлғаларды ұлықтау – парызымыз

Тәуелсіздігіміздің бесігі – Алматы қаласында Тәуелсіздік мұра­жайы ашылса деген ұсынысымыз бар. Қаладағы бұрынғы Үкімет үйі, қазіргі Қазақстан-Британия университеті ғимаратын Тәуелсіздік мұражайына айналдырсақ, барша жұрттың қос қолдап қолдайтыны анық. Дамыған АҚШ, Ұлыбритания, Канада және басқа да көптеген мемлекетте Тәуелсіздік мұражайы бар. Сол сияқты елімізде де Тәуелсіздік мұражайы ашылғаны жөн деп білеміз. Осы мақсатта Үкімет Тәуелсіздік мұражайын ашу туралы арнайы қаулы шығарса, бұл шаруаның да қиюы келісе кететініне еш күмәніміз жоқ.

Сондай-ақ Қазақ ұлттық қыздар мемлекеттік педогогикалық университеті ғимаратының алдына Кеңес одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткіші орнатылса, болашақ мұғалім қыздарға тәрбиелік мәні зор, ғибраты мол сауапты іс атқарылған болар еді.

Сонымен қатар халық ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың рухын риза ету мақсатында Жамбылдың ата-бабаларына арнап мазар тұрғызылса, әкесі Жапа мен шешесі Ұлданның, атасы Ыстыбайдың, бауырлары мен балаларының туған, қайтыс болған жылдары көр­сетіліп, арнайы құлпытас орнатылса деген тілегіміз бар. Жамбыл ауы­лын­да музыка мектебін, Ұзынағашта өлкетану музейін салу да кезек күт­тірмейтін мәселелер ғой деп ойлаймыз.

Жамбылдың ұстазы Сарыбай би Айдосұлына арнап өз дәрежесінде тарихи-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылса да артықтығы жоқ. Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш ауылындағы мәдениет үйінің алдына Сарыбай биге ескерткіш орнатылса несі айып?

 

Боранбек ҚОШМАҒАМБЕТОВ,

Махан ИЛАНБАЕВ, Жанар ЖАЙНАҚОВА

 

Жамбыл облысы

 

 

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Жуырда Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығында Құжат айналымы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты Қазақстан халқы тілдері күніне арналған іс-шара болып өтті. Оған құрметті қонақ ретінде Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас сарапшылары қатысты. Басқарма төрайымының орынбасары Әділет Табаров іс-шараның ашылу салтанатында тілдің қоғамда алатын орны мен осы күннің мән-маңызы туралы сөз қозғап, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады. Басқа сөз алғандар да кез келген елде тіл мәселесіне ерекше маңыз берілетінін атап көрсетті.

Келесі кезекте тіл туралы бейнежазба көрсетілгеннен кейін орта­лықтың мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі бас маманы Кенжегүл Мақанқызы «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген тақырыпта кең көлемді баяндама жасады. Ол тақырыпқа сәйкес презентациямен сүйемелденіп отырды. Ал мәнерлеп оқу сайысына қатысушы әр қызметкер іс-шараға жоғары дайындықпен келгендерін дәлелдеп, бірінен бірі үздік шықты. Атап айтсақ, Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу департаментінің бас маманы Гүлмира Имаділова Тұманбай Молдағалиевтің «Үйретеді кім оған ана тілін?» өлеңін қазақ тілінде, ал көпшіліктің сұрауымен Омар Хайямның төрттағандарын орыс тілінде жатқа айтты. Обсерваторияның бас мамандары Жансая Өмір­хан Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін, Әлия Бисағалиева тіл туралы «Language» өлеңін ағылшын тілінде мәнерлеп оқыды.

Үштілділік – заман талабы. Ол – бәсекеге қабілетті елдер қата­рына апарар басты баспалдақтардың бірі. Осы орайда орталық қыз­мет­керлері өздерінің бүгінгі заман талабына сай «сегіз қырлы, бір сырлы» екендіктерін көрсетті.

Іс-шараны қорытындылай келе, Ә.Табаров оған белсенді қатысқан ұжым мүшелерін алғысхаттармен марапаттап, гүлмен қоса белгілі қазақ ақындарының өлеңдер жинағын сыйға тартты. Лайым, қазақ тілін қолданушылар қатары жылдан-жылға көбейіп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта берсін дейміз біз де өз тарапымыздан.

 

Кенжегүл МАҚАНҚЫЗЫ,

С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас маманы

 

АСТАНА

 

 

Қай нәрсені де өз атымен атайық

Бұрын үлкендерден «Баламның қолында тұрамын» дегенді еститін едік. Қазір «Қызым мен күйеу балам қолымда тұрады» дегенді еститін болдық. Қыз күнінде тағып, тұрмысқа шыққанда төркіні киімдеріне қосып жіберетін, кейін барған жеріне судай сіңіп, тас­тай батқанын білдіріп, жағдайын сұрап келген бауырларынан беріп жіберетін, шешесі қызының құтты жерге барғанына қуанып, көрші-көлемін шақырып көрсететін «Құстұмсық» сақинасы да мәнінен айырылғандай. Содан да болар, бүгінгі таңда ұлының үйленгеніне мұңайып, қызының тұрмысқа шыққанына қуанатын әке-шеше көбейіп келеді. Байқап тұрсақ, өмірдің қызығы ұлда емес, қызда сияқты. Бүйтіп жалғаса берсе, тектілік ұғымының мән-мағынасынан айырылатыны анық.

 Бұрындары жаны аман қалып, бауырына басқан баласы ширағанша, келін төркініне ат ізін салмайтын. Өйткені әке жүрегі қызының жүктілікпен әрең жүргеніне шыдамайтын. Қазір қыз-күйеу баласы қолда тұратын әке жүрегі қалай жарылып кетпей шыдап жүр екен деп ойға қаласың. Бұл аз десеңіз, жиенінің туғанын, жасқа толған тойын өз ата-әжесі емес, нағашы ата-әжесі жасайтын күйге түстік. «Тегін білмеген түгін білмейді» деген осындай-ақ болар. Қызылжар орталық мешітіндегі бір дұға кезінде күйеу баласы жетім болса да, бес жиенін перзентханадан шығарып алуға да бармағанын, туғанын да тойламағанын, жасқа толғанын да жасамағанын, тіпті екі жиенінің сүндет тойын жасасын, жасамасын, онысында да ешқандай шаруасы болмағанын, шақырса, қуанышына ортақтасып, кісімен кісі болып барып жүргенін, тек әр жиенінің қырық серкешін бергенімен ғана шектелгенін айтқан қарияның сөзіне марқайып қалған едік.

 Қыздан жиен, ұлдан немере туатыны – бесенеден белгілі жайт. Бірақ «Қыз – менің балам. Оның баласын қалай немере демеймін?» деген сөзді де естіп жүрміз. Иә, қызды әйелдің дүниеге әкелетініне дау жоқ. Бірақ қызы басқа елге ұзатылып кетті емес пе? Демек, қыздың баласы – әйелге жиен. Қыздан ұрпақ тарамайтыны да көзі ашық жұрттың бәріне мәлім. Сондықтан қай нәрсенің де жөнін бұзбай, өз атымен атағанға не жетсін...

 

Самрат ҚҰСКЕНОВ

 

ПЕТРОПАВЛ