Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Алаш қайраткерлерінің ұлтты оятып, ағарту мақсатында қолға алған жемісті еңбегінің ішінде жазған оқулықтары мен оқу құралдарын ерекше атаймыз. Қай заманда болса да, ұлттың рухани дамуы сауат ашуда, оқу-білімде екенін жақсы түсінген Алаш білімпаздары күрделі тарихи кезеңде оқу-ағарту бағытындағы еңбектерді насихаттауды, аударуды, кейін өздері де оқу құралдары мен оқулықтарды жазып даярлауды мақсатты түрде қолға алды.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде жарық көрген оқулықтар, оқу құралдары туралы бірқатар дерек сақталған. Әдебиет зерттеушісі Т.Әкім көрсетілген тарихи кезеңде қазақ тілінде мынадай оқулықтардың жарық көргенін жеткізді: Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» (1879), «Мактубат» (1899); Қашафуддин Шахмарданұлы «Кел, балалар, оқылық» (1898), «Мінез» (1898); А.Жандыбаев «Жас ғұмырым» (1907); М.Кәшімов «Әдеп» (1907), «Ақыл кітабы» (1908); Ғ.Мүштақ «Тумыш» (1911); «Ғалия» медресесінде оқитын шәкірттердің құрастырған оқулығы «Әліппе яки төте жазу» (1911); С.Көбеев «Үлгілі бала» (1912); К.Сырғалин «Өнеге», «Қазақ балаларына жәрдем» (1913); А.Маметұлы «Әбрият» (1916); Ишанғали Бейсенұлы «Қазақша дұрыс жазу қағидалары» (1914); Мұхамеджан Дибердиев «Қазақ балаларына қырағат кітабы» (1910); Мұхаметораз Нұрбаев «Қазақша әліппе» (1910); Зақария Ерғалиұлы «Қазақ әліппесі» (1910).
Алаштанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы С.Смағұлованың «Ұлт зиялыларының баспа ісіндегі рөлі және оқулықтары» атты мақаласында қазақ жерінде оқулық даярлау ісінің тарихы баяндалып, бұл жұмыстың патшалық Ресей кезінде қолға алынғаны, мұсылманша оқудың орнын орысша білім алу жүйесінің алмастыру жағдайы, оның астарындағы тарихи, саяси-әлеуметтік жағдаяттардың себебі көрсетіледі. Мақалада патша заманында жарық көрген ағартушылық мазмұндағы оқу құралдары мен оқулықтардың ішінде мына еңбектер аталады: «1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейінгі аралықта қазақ мектептеріне, медреселеріне арналып жәдиттік бағытта бірнеше оқу кітаптары мен оқу құралдары басылып шыққан. Бұл ретте біз Ғабдолкәрім Мәжитовтің «Қазақ шәкірттеріне һәдиясын» (1910), Мұхаммедораз Нұрбайұлының «Усул саутия тәртібінде қазақша әліппесін» (1910), «Көргенді бала, үлгілі ана» оқуға дайын болған қазақ және қырғыз бастауыш балаларына арналған оқу кітабын (1911), С.Көбеевтің «Үлгілі бала» қазақша оқу кітабын (1916), Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралын» (1912), «Тіл құралын» (1914-1916 жылдары), «Әліпбиін» (1912), Мұстақым Малдыбаевтың «Қазақша ең жаңа әліппесін (төте жазу)» (1912) және «Қазақша оқу кітабын» (1912), Кенжеғали Ғабдолла Серғалидің құрастыруымен шыққан «Қазақ балаларына жәрдем: Қазақша әліппе кітабы» (1913) мен «Өнеге яки намуне: Қазақша кираат кітабы. Бірінші ибтида-и қазақ балаларына» (1913), Міржақып Дулатұлының «Бастауыш мектепте екінші жыл оқылатын есеп құралын» (1914), Ишанғали Бейсенұлының «Қазақша дұрыс жазу қағидаларын» (1914) және тағы да басқа оқулықтар мен оқу құралдарын атауымызға болады».
Аталған оқу құралдары негізінен әліппе, сауат ашу мазмұнында басылғанын байқаймыз. М.Дулатұлының «Бастауыш мектепте екінші жыл оқылатын есеп құралынан» басқасы оқуға, жазуға үйрететін сауат ашатын кітаптар екенін көреміз. Демек, ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ең зәру мәселесінің бірі елдің сауатын ашу, оны оқуға бейімдеу болған.
Қазақтың ағартушы-педагогі Ы.Алтынсариннің 1879 жылы кирилл қарпінде жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» ұлт тарихындағы жаңа мазмұнда жазылған алғашқы оқу-әдістемелік еңбек ретінде бағаланады. Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын», К.Д.Ушинскийдің «Балалар дүниесін» қазақ баласына оқу құралы ретінде ұсынып, миссионерлік жолда жүрген орыс ғалымдарының пиғылын әуелде аңғармай, ұлтына риясыз қызмет істеген ағартушының есімін қазаққа туған тілінде алғаш таныстырған – оқымысты, кейін Ұлт кеңесі – Алашорда үкіметінің мүшесі болған Отыншы Әлжанұлы (1872-1918). О.Әлжанұлы «Дала уәлаятының газетінде» жарық көрген «Қазақтарға пайдалы кітаптар» атты мақаласында (1894 жыл, №39) жаңа еңбектің мақсаты – оқырман қауымды орыс тілін үйрететін, қазақтар үшін пайдалы кітаппен таныстыру деп көрсетті. Мақала «Орынборда учебный округтегі орыстардан заты бөлек... господин Катаринский» деп басталады. «Орыстардан заты бөлек» деген сөз мақаланың орысша жарық көрген нұсқасында берілмеген. Орынбор қаласында Катаринский деген адам қазақ молдаларымен бірігіп, «Жазуға үйрететұғын кітап» және «Орыс тілінің әуелгі оқитұғын бөлімі» атты еңбектер шығарған. Кітапты автор қазақ арасына орыс ғылымын жайып, қазақтарға орыс тілін, орыстарға қазақ тілін үйренуге бірден-бір оқулық деп бағалады. Кітаптардың құндылығы – сөздері орыс әрпімен жазылған. 70-жылдардың ішінде атақты болған Алтынсарин қазақ кітаптарын орыс әрпімен шығарып еді деп қазақ халқының тұңғыш ағартушысын ауызға алып, заманы қажет еткен прогресшіл идеяны қозғайды. «Олай айтпасақ та, бұл кітаптардың жақсылығы, Алтынсариннің айтуынша, қазақ кітаптарын толықтыратұғын араб һәм ноғай сөздерінен қазақ тілін тазалауға үміт етеді. Господин Катаринский кітаптарының тілі анық, оңай, түзу. Бұлардың ішінде қазақ, ноғайдың кітаптарындағы анық болмай жазылған сөздер тіпті жоқ», деп көрсетеді.
Бұл жерде айтайын дегені – егер қазақ сөздері орыс әрпімен жазылса, тілде қаптап кеткен араб, парсы, ноғай сөздеріне тосқауыл болады, қазақ тілі тазаланар ма деген ой. Осы күні бұл мәселені әдеби тіл деп атап, тілдік нормаға тура сондай талап қоямыз. Кітаптардың тілі анық, оңай, түзу дегені де қызығушылық туғызбай қоймайды. Мысал ретінде алынып, әдет, ғибадат үшін жазылған кішкентай әңгімелердің барын айтқаны кітаптың тәрбиелік мақсатын көрсеткені. Сол уақытта жарық көрген Неклюдов деген адамның аты атақты болса да, бір жақсы нәрсесі жоқ, ұғымсыз кітабымен салыстыра келіп, «Бұл кітаптың жақсылығы һәм арзандылығы, біздің ойымызша, қазақтардың ғылым үйренуін дұрыс көрген кісілердің һәм қазақша яки болмаса тілін үйренем деген адамның көңілін бұрса керек», деп ойын тұжырымдайды. Мақалада көтерілген мәселе – қазаққа қажетті кітапты насихаттау.
ХІХ ғасырдың соңында жарық көре бастаған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашының бірі «Дала уәлаятының газетіндегі» Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері О.Әлжанұлының мақаласында ұлтқа қажетті оқулық мәселесі көтеріледі. Мектепке керек оқу құралы орыс тілінен аударма арқылы жасалғаны құпталады. Кітаптың орыс қарпімен шыққаны мақұл саналады. Сонымын қатар Алаш қайраткерінің мақаласынан бүгінгі шындықпен сабақтасатын жағдайды байқаймыз. Осы күні біздің қоғам қазақ тілі үшін орыс қарпінен бас тартып, латынға ауысу жағдайында тұрған кезде ХІХ ғасырда да алфавит ауыстырудың саяси-әлеуметтік, рухани-ағартушылық астары болғанын аңғарамыз. Алаш қайраткері мақұл көрген орыс алфавитінен біз бүгін еліміз бен ұлтымыздың болашағы үшін саналы түрде латынға көшкеніміз дұрыс деген пікірдеміз.
Алаш оқулықтары тақырыбы алаштанушы ғалымдардың, сала бойынша ізденуші мамандардың мақалаларында, жеке зерттеулерінде, энциклопедиялық жинақтарда, анықтамалықтарда біршама қарастырылды. Алаш терминологиясы туралы құнды ғылыми зерттеу жазған филология ғылымдарының докторы Ш.Құрманбайұлының бұл тақырыпты терең зерттеген. Ғалымның «Алаш және терминтану» атты монографиясында ұлт зиялыларының оқулық жазу тарихы, әсіресе термин жасау ісі жан-жақты талданды. Алаштанушы ғалымдар Е.Тілешов пен Д.Қамзабекұлының «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығында «Алаш оқулықтары» атты жеке тақырып берілген. Онда 1911 жылдан бастап Алаш қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшыраған отызыншы жылдардың соңына дейінгі аралықта жазылған оқулықтардың көбі көрсетілді. Тарих ғылымдарының докторы Х.Әбжанов «Алаш және кітап әлемі» атты мақаласында Алаш қайраткерлерінің қаламынан туған кітаптарды жазылу мақсатына, мазмұнына, жанрлық-құрылымдық сипатына байланысты бірнеше топқа бөліп, былайша жүйеледі: «Алаш зиялыларының кітап ісіндегі ғылыми-тәжірибелік мұрасын, пайым-тұжырымдарын, қызметін әлденеше салаға жіктеуге болады. Олар: 1. Өздерінің қаламынан туған, жарыққа шыққан төл туындылары; 2. Қазақша немесе басқа тілде жарияланған кітаптарды таныстыруы, жарнамалауы; 3. Рецензиялары; 4.Таяу-алыс елдерде жарық көрген кітаптарды қазақ тіліне аударуы; 5. Кітап шығару ісінің ережелері мен талаптарын тиянақтауы; 6.Кітап авторы туралы ой-пікірін білдіру, мәлімет тарату; 7.Кітаптың қазақ тағдырындағы, ұлттық тіл мен кодты сақтаудағы, т.б. миссиясын ашуы».
Алаш білімпаздарының төл туындылары, аудармалары, рецензиялары, кітап авторлары туралы ой-пікірі деп салаланған еңбектердің ішінде халықтың сауатын ашуға бағытталған оқулықтар мен оқу құралдарының орны бөлек екенін атап өткен жөн. Қолына қалам алған Алаш зиялысы күрделі тарихи кезеңде қайраткерлік күрестің ортасында жүріп, көркем шығарма жазумен, баспа ісін ұйымдастырумен, газет пен журналға мақала басумен, сондай-ақ елдің сауатын ашуды көздеген ағартушылық жұмыспен қатар айналысты. Әмбебап қызмет атқарған олардың жазған оқу құралдарын кешенді зерттеу ісі еліміз тәуелсіздік алған кезеңде қолға алына бастады.
Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының төрағалығымен 1921 жылдың 31 қаңтарында Орынбор қаласында қазақ білімпаздарының мәжілісі өтті. Жиында қаралған басты мәселе бірінші һәм екінші буын мектептер үшін оқулық даярлау ісі болды. Мәжіліске Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Хайретдин Болғанбай, Смағұл Садуақасұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Садуақас Сейфоллаұлы, Сабыр Айтқожаұлы және басқа азаматтар қатысты. Қорытындысында белгілі пәндер бойынша төмендегі азаматтар шұғыл арада оқулық даярлауға тартылуы керектігі көрсетілді: Арифметика – М.Тұрғанбайұлы (т); Геометрия – Б.Сәрсенұлы (т); Естествознание – Е.Омарұлы, Қ.Кемеңгерұлы (т); Физика – Ғалымжанұлы; География – Ә.Бөкейхан; Қазақ-қырғыз тарихы – М.Жұмабай (т); Жалпы тарих – Х.Болғанбай; Мектепте гигиена – Ж.Тілеулин; Алгебра (бастауыш) – Е.Омарұлы; Педагогика – М.Жұмабай; Дидактика – Ж.Аймауытұлы; Хрестоматия – С.Сейфуллин, Ж.Аймауытұлы; Қазақ тілінің ахуалы – А.Байтұрсынұлы; Теория словестности – М.Жұмабай (т). Бұл арада (т) деп берілгені – тәржіме арқылы әзірленетін оқулықтар.
Тарихи деректе қазақ зиялылары оқу құралдарын жазып, тәржімелеп, 1921 жылғы маусымның біріне дейін бітіру керектігі, кітаптардың келер оқу жылының басында даяр болып тұруы, оны жазатын азаматтар айына екі рет жиналып, жұмыстарының мән-жайын баяндап отыру қажеттігі туралы А.Байтұрсынұлы қол қойған шешім бар. Аласапыран уақытта оқулық даярлау ісіне Ә.Бөкейхан (астрономия, дүние құрылысы, ауыл шаруашылығы), А.Байтұрсынұлы (тіл білімі, әдебиеттану, мәдениеттану), М.Дулатұлы (есеп құралы), Ж.Аймауытұлы (психология, тәрбиеге жетекші), Х.Досмұхамедұлы (табиғаттану, биология, жануарлар әлемі, ауыз әдебиеті), Ә.Ермекұлы (математика), Е.Омарұлы (тіл білімі, есеп құралы, әдістеме, физика), М.Жолдыбайұлы (тіл білімі), С.Қожанұлы (математика), М.Жұмабай (педагогика), Ж.Күдеріұлы (тарих, ботаника, ауыл шаруашылығы), Т.Шонанұлы (қазақ тілі, тарих), Қ.Кемеңгерұлы (тарих, тіл білімі, ауыл шаруашылығы, химия), М.Әуезов (әдебиет, жер жаратылысы), А.Байтасұлы (жануарлар әлемі), М.Есболұлы (мәдениет), Ж.Тілеулин (медицина, гигиена), Б.Сәрсенұлы (физика), Х.Болғанбай (тарих), С.Садуақасұлы (тарих, әдебиет) секілді қазақ оқығандары жұмылдырылды.
Алаш оқымыстылары саяси күресте алғашқы ұлт басылымдарын, руханият орындарын ұйымдастыра жүріп қоғамдық-гуманитарлық, дүнияуи пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік еңбектерді жазып қалдырды. Қуғын-сүргінге ұшырап, еңбегі мен есімі ондаған жылдарға мансұқталса да, олар қазақ ғылымының іргетасын қалады. Сол арқылы отандық әдістеме, педагогика, көптеген ғылым салалары бойынша ұлт тілінде алғашқы термин үлгілерін тудырып, қазақ тілінің ғылым тілі болуының негізін қалады. Егер Алаш дәуіріне дейін қазақ тілі ауызекі сөйлеу және әдеби тіл ретінде ғана қызмет атқарып келсе, ендігі кезекте ол баспасөз тілі, ресми құжат тілі және ғылым тілі болып қалыптасты. Қазақ тілінде ғылыми еңбек, оқу құралы, оқулық жазылып, оның функционалдық қызмет көрсету аясы кеңейді.
Алаш және оқулықтар тақырыбының бүгінгі қоғамдағы маңыздылығын көтере отырып, қазақ зиялыларының қиын-қыстау заманда танытқан қажырлы еңбегінің практикалық мәні мен өнегелі жолы бар екенін көреміз. Аталған тақырыпты терең зерттеу керегін ұғынып, мынадай тұжырым жасауға болады. Алаш қайраткерлері ХІХ ғасыр соңынан бастап қазақ ұлтын оқу-ағартуға үндеген орыс ғалымдарының оқу-әдістемелік еңбектерін ұлт мүддесі тұрғысынан насихаттады; ХХ ғасыр басында діни-ағартушылық сипатта және жаңа оқу тәртібіне лайықты «Пайғамбар заманы», «Әліппе», «Оқу құралы», «Есеп құралы» сынды оқу-әдістемелік еңбектерді жазды; Алаштың рухани көсемі А.Байтұрсынұлының ұйымдастыруымен ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басынан бастап мектепке қажет тәржіме және авторлық оқулықтар, оқу құралдары баспаға дайындалды. Олардың көбі Алаш қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін жарық көріп үлгерді; Алаш дәуірінен жеткен түрлі ғылым салалары бойынша терминдер бізге бүгін негіз болуға тиіс; Алаш кезінде жазылған оқулықтағы, оқу-әдістемелік құралдағы ұлт мұраты мен елдік мәселені жоғары қоятын көзқарас пен ұстаным, ұлттық мүдде басты қағидатқа айналуы керек.
Бүгінгі таңда Қазақ елі реформалық өзгерістерді бастан кешу үстінде. Ол өзгерістер білім және ғылым саласында да жүріп жатыр. Мектепке дейінгі, орта, жоғарғы білім беру жүйесінде, оқулық даярлау ісінде әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Ел Үкіметі Болондық білім беру жүйесін қабылдап, ендігі кезеңде сол жүйенің талабынан шығуға тырысып жатыр. Яғни әлемдік білім беру үрдісіне қосылу үшін қойылған талаптарды орындауға ұмтылады. Осы тұста тағы да ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі бәрінен жоғары тұруы керек деп санаймыз. Елдігімізге, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін батыстық жүйенің кейбір олқы тұстарын заңдық тұрғыдан жөндеуге әрекеттенгеніміз орынды. Туған топырағымызда дүниеге келмеген ол жүйенің астарында соны ойлап тапқан елдердің көздеген қандай да бір материалдық пайдасы немесе басқа да пиғылы барын жасыра алмаймыз. Ал осындай жағдайда біз тағы да Алаш қайраткерлерінің ұлттық мүддені, елдік мұратты жоғары қойған ұстанымын басшылыққа алуға ұмтыламыз. Мемлекет ісінде, соның ішінде білім жүйесінде Алаштан алыстамасақ, тәуелсіздігімізді де баянды етеміз. «Бұл кезде біздің қазақтың надан болып тұрған себебі – оқудан қашқаннан емес, халыққа керегінше школ, мектептердің жоқтығынан. Егер земство ашылып, қазақ өз ісін өзі билеп жүргізе алса, біз бұл күйімізде қалмаймыз. Оқулы, өнерлі жұрттың қатарына кіреміз. Қазақтың басқалардан саны аз болғанмен, оқымысты болса, қай жұртпен болса да қатар тіршілік ете алмайды деуге болмайды. Бізде мақал бар: «Білегі жуан – бірді, білімі жуан мыңды жығады» деген». Алаш арысы М.Дулатұлының осы асыл сөзін қаперде ұстап, экономикасы дамыған, болашағы баянды ел құруды ешуақытта есімізден шығармаймыз.
Алаш қайраткерлерінің оқу құралдары мен оқулық даярлау тәжірибесін зерттеу ісі – алаштанудың өзекті бағыты. Күрделі тарихи кезеңде қайраткерлік саяси күресте жүрген зиялылар халықты ағарту саласында зор еңбек сіңірді. Ел мұратын, ұлт мүддесін жоғары қоя білген Алаш қайраткерлерінің қажырлы қызметі, тағылымы мен өнегесі, білім беру бағытындағы көзқарасы бүгінгі күн шындығымен сабақтастырыла әлі де терең зерделену керек деп білеміз.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі