Тұлға • 27 Қыркүйек, 2023

Шындық шыңындағы Шерағаң

421 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шерхан Мұртаза десек, шындық ұғымының да қатар айтылуы қалыпты жағдайға айналып кеткені қашан. Әр туындысы өткірлік қана емес, шынайылығымен де баурап алатын жазушы қаламының қуаты қай кезде де оқырманын бейжай қалдырып көрген емес. Болмысындай шығармалары да мінезді суреткердің әр сөз бен сөйлемінің астарынан мың сан сырды ұғуға, ұқтыруға болады.

Шындық шыңындағы Шерағаң

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әлем әдебиетінің алыбы Э.Хемингуэй: «Балалық шақта көрген қиыншылық – қарымды қаламгер болудың басты алғы­шарты» дегенді жиі тілге тиек етіпті. Бұл пікірмен келісетіндер де, қарсы шығушылар да бар десек те, балалығы соғыс кезеңі мен соғыстан кейінгі уақытпен тұспа-тұс келген қаламгерлердің көпшілігінің классикалық шы­ғармаларының денін негізінен осы өмірінен өткен, басынан кешкен қиыншылықтары кон­текстінде өргендігін көруге болады. Соғыстың қиын жылдары шыңдап шығарған сондай су­реткерлердің бірі – Шерхан Мұртаза. «Ай мен айша», «Мыл­тықсыз майдан», «41 жылғы келін­шек», «Бұлтсыз күнгі найза­ғай» «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Шекшек шырылдайды», «Дәрігердің үшінші қаруы» және тағы да басқа шығармаларының өн бойында сан алуан қоғамдық құбылыстар, тарихи оқиғалар мен мол өмір шындығы жатыр. Бұл туралы суреткердің өзі 85 жыл­дық мерейтойы қарсаңында бізге берген сұхбатында былайша баяндап берген болатын:

«Мен азапты көп көрген адам­мын. Менің заманым қалың шеңгелдің арасынан жалаң аяқ, жалаң бұт жүгіріп өткенмен бірдей сондай қиын кезең еді… Балалықтың дәуірін білмей өттік. Әкемді «Халық жауы» деп тұтқындап әкетіп, бес жасым­да жетім қалдым. Тартпаған аза­бымыз, дәуірі туып тұрған әсіре ұраншыл, жағымпаз атқа­мінерлердің көрсетпеген қорлығы жоқ. Барлығына төздік, жанымыз шырқырап жүріп шыдадық. Ондай пәле, тіпті түске де кірмей-ақ қойсын деп армандайсың. Құдайға шүкір, бейбіт күннің таңы атты. Бақыт деген осы ты­ныштық» деп ағынан жарылған еді сонда суреткер.

Және бір таңқаларлығы – Шер­хан шығармашылығының журналистикадағы қысқа қайы­рылып, нақты айтылатын өткір ойлары, ерек қолтаңбасы әде­биетке келген сұлу сөзбен сәтті кестеленіп, мүлдем басқа түрге еніп жаңаша түлеп сала беретіндігі. Журналистика мен жазушылықтың шекарасын шебер бөле алған қаламгер қабілетін енді құбылыс демей көріңізші!

Ал суреткердің өмірінің соңғы жылдарында жазып, халықтық қалпымыз бен салтымыз хақында, жұрттық келбетіміз турасында, ұлттық рух пен намыс жайында кеше мен бүгінді және ертеңгі болашақты жалғастыра отырып толғанған «Бір кем дүниесі» шын мәнінде сөз өнеріндегі айрық­ша белес болды десек, асыра айтқандығымыз емес. «Бір кем дүние» – қаламгердің өмірлік толғамдары мен пайымдардың тамшыдай ой түрінде өрнектелген сипаты бөлек сараптамалары.

«Бір кем дүниені» оқып отырып, оймақтай ғана ой, қысқа ғана мысалдардың өзінен ғұмы­рыңызға азық болар ақыл, өмі­ріңізге өнеге болар тәжі­рибе жинайсыз. Соның бірі – сурет­кердің мына ойы. Сонау бір жылы алған сұхбатымызда «Оралхан шәкіртіңіз айтпақшы, төменге қарайсыз ғой, ел сенімін ақтайды дейтін болашақ Тұрар, Әлихан, Ахметтер көріне ме екен?» деген сұрағымызға ағынан ақтарылған қаламгер ақсақал жасында жет­кендегі алаңын да алғаусыз айтып, бүкпесіз баяндап еді:

– Бір Аллаға ғана аян. Мы­нандай мың құбылған заманда, кім біледі, шығуы да, шықпауы да мүмкін. Бәрі қиямет дүние. Ол енді уақытына, заманына байланысты. Бір жиырма, отыз жылдан кейін заман қалай өзгереді, қандай сипат алатынын адам біліп болмайды. Тағы бір Сталиндер, тағы бір Гитлерлер келіп қалса, дүниенің тас талқаны шыға ма деп тағы алаңдайсың. Санадан сондай күңгірт ойлардың да сейілмейтіні бар кейде. Саған бір мысал айтып берейін: Бір заманда еврей халқы Мысыр перғауындарының құлдығында болғаны тарихтан белгілі. Оларды сол құлдықтан құт­қарған Мұса (Моисей) пай­ғамбар ғой. Перғауынның тұт­қынынан қашып шыққан еврей елін Мұса пайғамбар 40 жыл бойы шөл дала – құмның ішімен ары-бері алып жүре беріпті. Мақ­сат: құлдықтың қамытын кигендердің тұқымы таусылып болсын деген ғой. Құлдық психологиясынан азат, жаңа тәуелсіз ұрпақ өссе, соны Иерусалимге алып бармақ. Сол мақсатына жетті де. Жаңа ұрпақтың тұяғын Палестина топырағына тигізсе, арманына жетеді.

Ал 300 жыл бойы Ресей бодандығында болған қазақ­тардың ескі көзі әлі де сол баяғы құлдық психологиядан арыла алмаған, жасқаншақ. Құлаққа ұрған танадай шыр айнала береді.

Тарих жаңа буыннан, жал­тақтамай, жасқаншақ болмай өсіп келе жатқан ұрпақтан үміткер. Бірақ ескіні естен шығаратын Мұса пайғамбар қайда? Жоқ қой…Бір кем дүние. Бұл орасан зор кем дүниенің орны шынымен-ақ толмай ма?.. деп ұзақ ойға шомып, терең күрсінген...

Сөзімен ғана емес, ісімен де Алаш мұратына адал болған жазу­шының әдебиеттегі биігі әманда аласармақ емес! Жанындай сүй­ген қазағымен қатар жасай берері хақ.