Таным • 28 Қыркүйек, 2023

Құдайсыздық құрдымы

297 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Шыңға шық – өлгің келсе егер, шыңға шық – өлгің келмесе» деп аяқталады Жұматай Жақыпбаевтың бір өлеңі. Бұл қандай шың? Бір шыңға шықса, екіншісін бағындырғысы келіп тұратын адам емес пе? Жүрегін Құдайға байлағандарға шың да күлкілі болып қалуы мүмкін. Өйткені бұл дүниедегі өлшем мен межені белгілеушілердің көбі жұмырбасты пенде. Сондықтан белгілі бір деңгейге барғанда кейбір шығармалар бұлдырап кете барады. Былайша айтқанда, «құйрығын» ұстатпай әртараптанып, нақты бірдеңе деп айту қиынға соғады. Оны автор біліп, бәлкім білмей істеді. Өйткені адам ұстағанымен, қаламды белгілі бір деңгейде бір құдіреттің тербейтінін жоққа шығаруға болмайды. Автор ойламаған жерден бұрылыс жасап, бұрылысынан құбылыс туып, сонысына кейін өзі де сенбей қарап отыруы кәдік.

Құдайсыздық құрдымы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әңгіме Стефан Цвейгтің «Амок» атты шығармасынан туып отыр. Әрине біз аустриялық жазушының бұл еңбегін қазақша тәржімеден оқып білдік. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігі тұңғыш рет ұлттық «Айбоз» әдеби сыйлығын жариялағаны қазақ руханияты маңындағыларға мәлім шығар. Дәстүрге айналдыруды қолға алған осы сыйлық төңірегінде дау аз болған жоқ әлеуметтік желілерде. Әсіресе, аударма саласында. Біз бәйгенің аударма аталымына түскен шығармаларды оқып шыққан жоқпыз, сондықтан пікір айтуға қақымыз да жоқ. Жаздың соңында аталған ұлттық сыйлықтың аударма саласы бойынша жеңімпаз танылған «Амок» пен «Бақилық ағаның көзі» атты прозалық шығармаларды оқып шыққанда тәржіме емес, қазақ тілінде жазатын автордың туындысын парақтап бітіргендей әсер алдық. Қазақшаға қотарған – жазушы-драматург, аудармашы Кенжебай Ахмет. Қазақ әдебиетіне қосылған тамшыдай үлес осындай-ақ болар деп ойладық. Демек, сыйлық тегін табысталмаған. Аустриялық жазу­шының әлемге мәшһүр еңбегі қазақ тілінде сайрап тұрған соң.

«Амокты» оқып аяқтағанда неге екенін қайдам, есіме бірден Акутагава Рюноскэнің «Тозақ азабы» оралды. Екеуін не байланыстыратынын бастап­қыда тап басып айту қиын. Атал­ған новелланы («Амок») қазақ әдебиет­тану­шы­лары бұған дейін талдап-талдама­ғанынан хабарым жоқ. Алайда ересектерге оқуға тұрарлық шығарма деген ойдамыз.

Кейде көп ішінен көрген адамың әлдебір жақыныңа, досыңа қатты ұқсап жатады. Бір-біріне қатысы жоқ бейта­ныстар бір-бірінің мінез-құлқын, әдетін қай­талауы мүмкін. Түр-келбеті, пошы­мы келіңкірейді. Бір шығарманы оқып тауысқанда, бұрын оқып кеткен келесі бір дүниені еске салғаны да сол сияқты, тегін нәрсе емес. «Амок» пен «Тозақ аза­бының» оқиғасы, өткен орны, орындалуы мүлде бөлек. Үш қайнаса сорпасы қосылмағанымен, айтары бір-бірінен алыс кете қоймайды. Өрісі бөлек болса да, өзегі тіндес. «Тозақ азабында» бас­ты үш кейіпкер: әмірші император, суретші, суретшінің қызы, тағы бас­қалар. «Амокта»: автор, дәрігер, ақсүйек әйел, тағысын тағы. Айтпақшы, ақсүйек әйелдің малайы бар. Ал «Тозақ азабында» суретшінің қызына бауыр басқан маймыл бар. Суретшіден кейін оның қызына аса жанашыр әрі қамқор – әлгі маймыл. Тіпті суретшіден әрмен жанашыр. Өйткені суретші сарайда қызмет ететін қызының жұмыстағы өмірін біле бермейді. Әлгі маймыл болса тү­гел біледі. Сарайда қасынан бір елі қал­майды. Елеусіз көрінгенімен, автор маймыл арқылы көз көріп, құлақ естімеуі тиіс кей дүниелерді қапысыз танытады. Сондықтан шығармаға тегін кіріс­тірілмеген. Гәптің бәрі маймылда тұр. Ұшақтар апатқа ұшырағанда ішіндегі бар құпияны сақтап қалатын «қара жәшік» іспетті кейіпкер – сол мақұлық. Автор: «Ёсихидэнің (суретші) қызына ұлы мәртебелінің көңілі құлапты-мыс деген өсек бұрынғыдан бетер гулей жө­нелді. Кейбіреулер тіпті тозақ оты суре­тінің салынуына сол қыздың ұлы мәртебелінің дегеніне көнбегендігі себеп болыпты десіп жүрді, бірақ олай емес екендігі әмбеге аян» десе, енді бірде әлгі маймылдың жанашыр әрекетімен ұлы мәртебелі қызды өзіне қарата алмай иттен қор болып, жылатып қойғанын емеурін етеді. Елдің сөзі қауесет десек те, сарайдағы қыз әлдекімнен қағажу көрсе, мазасы кететін маймылдың жана­шыр іс-әрекетін қайда қоясыз? Және қыз сарайда тек императормен ғана байланыста болғаны жазылады...

Ал, «Амоктағы» елеусіз кейіпкер – ақсүйек әйелдің малайы. Ол да иесіне адал, сол үшін от пен суға түсуге даяр мүсәпір. Не істеп, не қойғанынан, бар құ­пиясын біледі десе, артық емес. «Оның қасында отырған кезімнің бәрінде... ту сыртымнан ызбарлана қадалған көз барын сезумен болдым... Бұл еден үстінде жүрелеген күйі әлдебір дұғаны күбірлеп отырған оның малайы еді... Екеуміздің көздеріміз ұшырасып қалған сәттерде мен оның көзінен... жоқ, мен мұны айтып жеткізе алмаймын...»

Бұл жерде ақсүйек әйел бас кейіпкер болса, малайы оның жеке өмірін тізбек­теп, өткенін жіпке тізіп, тіпті бола­шақ жоспарларын сақтаушы камера іс­петтес. Күйеуі мен баласына беймәлім сыр­лары соған мәлім. «Ханымына кө­мектесер болса, байғұс малай өзінің кү­ре­тамырын қиып жіберуге де дайын екенін түсіндім...» дейді шығармада.

«Амоктағы» ақсүйек әйел мен «Тозақ азабындағы» суретшінің ұқсастығы мақсатына жету үшін бәрін құрбан етуінде сияқты. Ұлы өнер иесі мен сұлу әйелдің ақсүйектер арасындағы әдепкі тірлігін салыстыруға болмайтын шығар, дегенмен, екеуі де жұмыр басты пенде ғана. Кез келген адамның жеке өмірі, еркіндігі, жан қалауы өзіне игілік көрінгенімен, басқа жағын жаусатып жатса кім болғаның? Демек, екеуі де ар-ұяттан безген, құдайсыз. Жүректеріне мейірім жетпей қалған. Мақсаттарына жетуде ерікті, жігерлі, қайратты, бірақ нұрлы ақыл қонбаған. Жылы жүректі жылы жауып қоя тұрыңыз. Суретші император салуға бұйырған тозақ азабын кескіндеуде қаншама жасты азаптайды. Адамның қиналғанын көру үшін қаншама шәкіртінің жанын шыжғырып, шыңғыртып-бақыртып қояды. Оның бәрі түк емес, шығармасының соңғы нүктесін қоярға келгенде, алтын күйме ішінде сұлу әйелдің отқа өртеніп, қи­налып өлгеніне көз жеткізу керек болады. Император ол тілегін де орындауға уәде беріп, бұйрық бойынша суретшінің жалғыз сүйікті қызын көзінше күйме ішінде отқа орайды. Бәлкім әкесіне сабақ болсын дегені шығар. Алайда ол да ақылға сыймайды ғой... Кім не десе, о десін, біз екеуінің де (әмірші мен суретші) әрекетін құптай алмаймыз. Есе­сіне жазықсыз отқа өртенген жас сұлу­дың соңынан шыр-шыр етіп өзін сол отқа лақтырған маймылдың әрекеті айтуға тұрарлық дер едім. Аталған шығарманың кілті де маймыл сияқты сезіледі, кейде. Суретшінікі ұлы туын­ды салсам деген көкірек, мәртебелі импе­ратордыкі әділетті болсам деген пиғыл ғана. Ақылы жетпегенді Аллаға қалдыру жоқ. Маймылдыкі – әлгіндей пиғылдарға құрылған адамзат ауылынан жирену һәм түңілу. Патша әділетті. Алайда нақақ қан төгіп тұр... Суретші аса талантты, бірақ кісінің азаптан өл­генін көруге келгенде тоқтап ойлан­бас па еді? Демек, Абайша айтса, ақылға сәуле қонбаған... Сәуле қон­баған соң әлдебір ұстанымдар мен көзқарастарға қамалған адамзаттық мақсат-мұраттар жаңылдырады. Жардан жығады. «Жылы жүрек болмаса» (Абай). Жоғары жетіс­тіктерге жеткендердің бәрін жаппай мақ­тап керегі не, егер маймыл құрлы жү­регі болмаса.

«Амоктағы» дәрігер де, ақсүйек әйел де – нәпсіқұмар. Құдайға қарағаны ма­лай болып шыға ма деп ойланып қаласыз... О баста өмір жолын дұрыс ілгерілетуді көксеген білікті дәрігер сәтсіздікке ұрына беретіні – тағы сол ынсапсыздық пен құдайсыздық жатыр. Қабілеті бар, ізденіс пен ғылым жолына құштар ол отқа құлаған көбелектей ессіз. Шығарма орындалуы, жеткізуі тұрғысынан ерекшеленгенімен, бәрі бір түпкі мұраты Абай хакімнің жолдарын еске сала береді. Кейіпкерлердің Құдай берген қабілеті мен ізденіске құш­тарлығы да ұшпаққа шығармағаны ай­құлақтанады. Түбі тәрбиелі, нұрлы ақыл­мен бекімеген соң. «Ақыл, қайрат, жүректі тең ұстамаса, жеке-жеке біреуі жарытпайды» (Абай).

Қазақта әбілет басқан деген жаман сөз осы екі кейіпкерге келіңкірейді. Ме­ніңше күнәдан арылар жол іздеудің орнына оған белшесінен батқан сайын бата беруден өткен жамандық жоқ. Бұған өмір сүрген орта, қалыптасқан қағидалардың да ықпалы аз емес. Десек те, жеке тұл­ғаның күрескер рухы мен ақыл-ойы қайда қалады? Көз жетпесе де көш­ке ілесе беру, қатар­дан қалмаудың соңы қай ұшпаққа шығарады? Ақыры тентіреп далада қалумен ғана аяқталса жақсы, жағымсыз ит өлімге итермелейді. Шығарма арасында өзінің тезірек өлуіне мүмкіндік жасаған ақсүйек әйелдің қасына келіп елжіреген дәрігердің оны ақтайтын тұсы бар. «Бұл үшін «өлімнен ұят күшті» екен ғой. Ұятқа қалып өмір сүргеннен өлгенді артық көріпті. Ар-намысы жібермепті» деген сыңайда. Алайда мұның бәрі кейіпкерлер өмірін сезініп оқып отырғанға керемет әсер еткенімен, сау ақылға есі ауып қалған адамның сандырағы ғана. Ақсүйек әйел өзін бүгін өлтірмесе, ертең күйеуі келген соң бар айыбы әшкереленіп, ар-ұяттан жұрдай қалпы дүниеден өтерін білді. Бар ақылы соған ғана жетті. Өзін осы өлімге итермелеген жағдайға барардың алдында ойлануы керек-ті. «Осы мен не істеп жүрмін, күйеуім, балам бар емес пе?» деп. Кезінде ондай опасыздыққа апарған ар-намыс пен ұяттың құны көк тиын. Дәрігердікі өз күнәсі аздай, осы әйелдің қалған күнәсін мойнына жүктеп, көзді жұмып алып құрдымға құлай берген ессіздік емей не? Ақсүйек әйелдің де, дәрігердің де бойында дара қасиет жоқ емес – бар. Білім де, талпынса жетер қайрат та бар. Мүмкін олардың қатесі бүгінімен өмір сүргендігінде. Ізгілікке суарылған өмірлік мұраттың жоқтығы байқалады. Ақша тапса, жайлы өмір сүрсе болды. Әрі қарай айналаға пайдалы бір мақсұтты көксемей, жақсылықтың жетегінде кетудің орнына, тек өз басымен қайғы. Осы негіздерге сүйенгенде, шығарма міндетін толық атқарғанға ұқсайды. Ақсүйек әйелді көргенде дәрігер өзінің амокқа айналғанын қа­пысыз таниды. Оны былай түсіндіреді: «Бұл – масаюдан гөрі күштірек нәрсе. Иттің құтыруы тәрізді бірдеңе. Алко­голь­ге уланудың ешқандай түрімен са­лыс­тыруға келмейтін естен тану, қанға құмарта есіріктену... Бұл былай болады: ешкімде шаруасы жоқ, жаны жайсаң әлдебір малай өзімен-өзі оңашада ішім­дігін сіміріп отырады. Менің өз бөлмемде отырғаным сияқты, ештеңеге қызықпастан, мәңгіріп бей-жай отырады да, кенеттен атып тұрып, пышағын ала сала көшеге ұмтылады. Содан кейін қайда барарын өзі де түсінбестен... алға қарай жүгіре береді. Жолында адам кездессе де, хайуан кездессе де жайратып салады және қан көрген сайын елеурей түседі... Амокқа бой алдырған адамды тоқтататын күш жоқ екенін білетін жұрт оның жақындап қалғанын байқаған бойда бір-біріне ескерте, айқайлай хабарлайды. Жұрттың бәрі «Амок, амок!» деп шуылдай қашады. Ал оның өзі болса ешкімді естіместен, көрместен, кездескен жанның бәрін өлтіріп, жүгіре береді... Құтырған иттей етіп атып тас­тамағанша немесе өзінен-өзі сылқ құ­лағанша жүгіре береді...»

Бүгінгі компьютер, смартфондардағы жаппай-қырып жоятын ойындар сияқты бірдеңелерді еске түсіреді. Көрінбейтін, «ақылды» амоктар қаншама. Олар да дегеніне жету жолда, өзі абырой санайтын «ар-ұятын» төкпеу мақсатында ештеңеден тайынбайды. Дәрігер ақсүйек әйелді көргенде амокқа айналғанын өзі мойындаса, ішіндегі баланың көзін құр­тып, күйеуі келген соң түк білмегендей жү­руді қалаған әйелдің көрінбейтін амоктан несі кем? Ол елдің алдында бет­пердесі шешіліп қалмауын ғана ойлайды. Ал арғы жағы құрып-шіріп жатса да жұмысы жоқ. Өйткені ар-иманнан гөрі ақсүйектер арасында, салтанатты са­райларда өтірік күліп жүргенді артық көреді.

Автор осы заман адамдарына тән рухани, психологиялық әлсіздіктерді, қателігін түзеуге тырысудың орнына, көзін жұма қара судың тұңғиығына кете беретін типтерді және жеңіл һәм қатерлі жолмен болса да мәселені ше­шіп кетуден тайынбайтындарды ХХ ғасырдың басында, осыдан дәл жүз жыл бұрын жазып кеткен. Мұндай кинолар да жеткілікті. Сіз мына үзіндіге көз жүгіртіп көріңізші: «Сол кезде нені арман­дамадым десеңізші; қасиетті кі­таптарды түпнұсқадан оқу үшін тіл үй­ренгім келді, сол жаққа тән аурулар мен бұратаналардың психикасын зерттеп, ғылымға қызмет еткім келді, қысқасы, еуропалықтар тілімен айт­қанда, адамгершілік пен өркениеттің мис­сионері болғым келді. Ол жаққа бар­ғандардың бәрі солай қиялдайтыны рас. Бірақ әлгі бір оранжереяның көзге көрін­бейтін шынысынан әрі өткен адам қанша дәрі ішсе де құтыла алмайтын безгекке ұрынғандай болып, күш-қуатынан айырылады, дел-сал болып жалқауланады, медуза тәрізді былқылдап қалады. Үл­кен қаладан келіп, қарғыс атқыр мибат­пақ дүниеге тап болған еуропалық адам өзіне тән адамдық кейпін еріксіз жоғалтады. Мұндай халден қалыс қалар ешкім жоқ, бірі ішіп кетеді, келесі бірі апиынға бой ұрады, енді бірі құтырған хайуанға айналады, қалай болғанда да, бәрі есінен айырылады. Еуропаны аңсайсың, қала көшелерімен сейілдеуді, тас үйдің жап-жарық бөлмесінде зиялы адамдармен отыруды армандайсың; жылдар өткен сайын арманың күшейе береді, бірақ мүмкіндік туған кезде үйренген орныңнан қозғалғың келмей қалады. Өзіңді жұрттың бәрі ұмыт­қанын, кім көрінген аяғымен таптап өте беретін теңіз ұлуы тәрізді бірдеңе боп қал­ға­ныңды түсінесің. Сөйтесің де, өз бат­пағыңа милыға жүріп, бір күні қапырық орма­ныңда өлесің. Осы бір борсыған үңгірге өзім­ді өзім сатқан сол бір күнді қар­ғыс атсын».

Мұндағы «оранжереяның көзге кө­рін­бейтін шынысын» кең көлемде қа­растырса, бүгінгі күннің, бәлкім бола­шақ­тың бет-бейнесі ашылады. Көзге көрінбейтін желінің арғы жағындағы пиғылдардан туған әрекеттер алға бас­тырмайды. Экрандағы дүниені алдыңа ал да отыр дейді. Ақырында көп-көрім қа­бі­леті бар, білімге құштар жас кімге ай­налды?

«Шындығында, мұны өз қалауым деуге де келмейді (былық-шылыққа бат­қанын айтады. Ж.Ә.). Ол кезде мен Гер­манияда оқу бітіріп, Лейпциг клиника­сында тәп-тәуір дәрігер болып жүрген едім. Сол уақыттағы медициналық журналдарда терінің астына дәрі егудің жаңа тәсілі туралы жиі жазылатын, ал оны алғаш қолданған мен едім. Сол тұста ауруханада бір әйелмен танысып, ғашық боп қалдым; намысына тие берген соң, ол әйелді ашынасы тапаншасымен атып жіберген екен; көп ұзамай, мен де сол жігіттің күйін кешіп, ызалана күйіп-пістім. Ол тәкәппарлана, суық қараған сайын, мен де естен тана еліге бердім; өзім де өр мінезді, өктем әйелдерге құ­мар едім, ал мына әйелдің менмендігі сонша, басым мүлдем айналып қалды. Оның қа­лауының бәрін істей бердім, мен не дейін... арада жеті жыл өтіп кеткен кезде айтудың да керегі жоқтай... соған бола аурухананың ақшасын рәсуа етіп, ақырында әшкере болып, арты айқай-шуға ұласты».

Бұдан кейінгі өмірі тіпті сорақы. Мансап жолы біржола аяқталған дәрігер қанша талантты, талапты болса да, ойлана алмайды. Жаманнан жиреніп өмірін басқа арнаға бұруға тырыспай­ды. Қарғыс атты, әбілет басты деген осы. Жеңіл ақшаның көзін тауып, Голландияның отарына айналған Үндістанның әлдебір түкпіріне тартып, былыққа батқан үстіне батып, ауру мен кеселдің ошағына өзі барып сүңгиді. Түпкілікті асыл мұратының жоқтығын жоғарыда айттық қой. Жел қай жақтан тұрса, ақшаның шеті көрінсе, солай қарай жөней бергеннің өзі сау адамның ісі емес.

Көптеген сыншылар мен әдебиет­шілер Акутагаваның «Тозақ азабындағы» суретшінің әрекетін ақтап алады. Олар «өнер бәрінен биік, сондықтан оның жолында тіпті адамды да құрбандыққа шалуға болады» дейді. Орыс жазушысы Аркадий Стругацкий: «Адам өмiрi Бодлер жазған өлеңнiң бiр жолына да татымайды» (Акутагава). Хас туындының қасында адам өмiрi дегенiмiз не тәйiрi? Тек өнер ғана суретшiге шынайы ләззат сыйлайды. Өнердiң жолына шалынған кез келген құрбандықты ақтауға болады. Өмiрдiң мақсаты өнер ғана бола алады. Түптеп келгенде, адамзат әулетiнiң мына жарық жалғанда тiршiлiкке келуiнiң бас­ты мақсаты да сол өнерге қызмет ету емес пе! Ал қалғаны – мiнездер шарпысы, әлеуметтiк катаклизмдер, шаруаның азапты тұрмысы, саясатшының қулық-сұмдығы, технология, ғылым – үздiк өнер туындысын дүниеге келтiруге қан­шалықты кедергi келтiргенi немесе қарайласқанымен ғана ерекшелене, бағалана алады» дейді.

Бұл жерде өнердің биіктігін, адамзат рухы мен ойына мәңгі қызмет ете берерін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Алайда адам жанына қызмет етуі тиіс дүние сол кісінің өзін өлтірсе, ол өнердің кім болғаны? Көркем туынды салам деп, Құдай жаратқан адамның өмірін қиып жіберуге деген қастандық шығармада ұлы мәртебелі императордың бұйрығы арқылы жасалып тұрғанын да ұмытпау керек. Суретшінің имансыздығына, шектен шыққандығына әміршінің қатал үкімі – өзі айтқан әйел орнына оның жалғыз қызын өртеп жіберуі. Қызынан басқа ешкімді жақсы көрмеген суретшіні басқаша тоқтату мүмкін емес-ті. Себебі, кеудесінде менмендігі асқынып кеткен. Былайша айтқанда, Құдайдан безген.

«Тәкаппарлық әбден бабы келгенде

Көнбейді екен көкке құс боп ұшпаса:

Цезарь бірде қас дұшпанын жеңгенде

«Келдім, көрдім, жеңдім» –

депті қысқаша.

«О, Отаным! – о, жеңімпаз Тәңірім!

Қызыл қаның, ащы жасың төгілді...

Талай жендет жүргізбек боп әмірін

Цезарь құсап... «Келді. Көрді.

Жеңілді!»

дейді Серік Ақсұңқарұлы.

Тура осы өлеңдегідей... Мың жерден ұлы суретші болса да, адам төзгісіз азаптан қиналып өлген қызын көрген әке «Тозақ азабын» салып болған соң, өзіне қол жұмсайды. Ұлы императордың әрекетінде: «мұндай жағдай, яғни жазықсыз, нақақ қан төгу бұдан былай қайталанбасын. Сен біреудің жанын алғың келсе, әуелі туған балаңды өлтіріп көр, ақымақ!» деген зіл тұр.

Екі новелланың да айтпақ ойын тақы­рыптары әйгілейді. Бірі амок – адам­дықтан кетіп, қарғыс атқан жауыз. Екіншісі де құдайсыздардың бара­тын жағы. Бірақ «ештен – кеш жақсы». Құр­дымға бет алған адамзат көшін авторлар сол кезде бері бұруға шақырыпты. Содан бері күрес тынған жоқ. Тынған күні бәрі бітеді. Сол үшін тоқтамаймыз.