Бұл тұрғыда соғыс ардагерлерінің ерлігі тек баспасөзде жазылып қоймай, олар туралы шағын фильмдер түсірілсе және Қазақстан тарихы кафедраларының магистр, докторлық дипломдық жұмыстары қандастарымыздың жанқиярлық ерлігіне арналса деген тілегіміз бар. Әрине бұл іске қалталы азаматтар да үлес қосып, волонтерлерге қаржылай көмек қолын созғаны жөн болар еді. Өйткені осы айтылған тілектердің барлығы қазақ халқының қанына сіңген отансүйгіштік қасиеттерді жалғастыру, жас ұрпаққа ата-баба рухына адалдықты қалыптастырудың жолы болмақ.
Осы орайда Омбы қазақтарының арасынан шығып, сол өңірдегі ұлт руханиятының өрістеуіне үлес қосып жүрген бір азамат туралы айта кетсем бе деймін. Оның аты-жөні – Мұрат Сәрсенбаев. Қоғам қайраткері, кәсіпкер, мәдениет пен өнер меценаты деңгейіне еңбегімен көтерілген ол – Омбы облысы Шарбақкөл ауданының тумасы, осындағы Томар мектебінің түлегі. Туған ауылы Ортақшыл селосында монументальді мәдени ескерткіштер салуға барынша қолұшын созған азаматтың осы бағыттағы игі істерді қолдаушы ретіндегі қызметін айрықша айтқан жөн. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ортақшыл мектебінің алдында биіктігі үш метрлік «Жеңімпаз жауынгер» ескерткішін орнатып, 204 адамның есімін тұғыртасқа жаздырған. Бұл ескерткіштің авторы – Омбы суретшісі В.И.Костенко. Мұнан бөлек Мұрат Сәрсенбаев кіндік қаны тамған ауылында өңірге еңбегімен танылған әкесіне, соғыста шейіт болған 3 ағасына ескерткіш орнатты.
1937 жылдың құрбаны болған Қошке Кемеңгерұлы бұл ауылда жерленбесе де, туған жерінен топырақ алдырып, туыстарының қолдауымен ескерткіш орнатты. Сонымен қатар Мұрат Сәрсенбаев Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болған Жұмабек Шаяхметовтің өмірі мен қызметі туралы естеліктер жинағының үш томдығын өз қаржысына шығарып берді. Омбының бүгінгі тарихында тоқталатын, саяси маңызы бар, ұлттық рухымызды көтеретін бір ісі бар. Ол – Омбыда тұрған қазақ суретшісі Амангелді Шәкенов қайтыс болғаннан кейін оған қаланың нағыз орталығы Ленин көшесінде өз қаржысымен ескерткіш орнатуы. Сондай-ақ суретшінің көзі тірі кезінде еңбектерінің толық каталогін шығаруға демеушілік жасағанын игілікті іс деп білеміз.
Әділхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор