Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «QazPolymers Dialogue: білім, ғылым және бизнестің өзара ықпалдастығына» арналған дөңгелек үстел химия ғылымдарының докторы, профессор Еренғайып Шайхутдиновтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылды. Саналы ғұмырын полимер ғылымының дамуына, химиялық инженерия саласының өрістеуіне арнаған академик іргелі зерттеулерін жазып, макромолекулярлық химия саласына тыңнан түрен салды.
– Қазақ политехникалық институтының проректоры, ректоры қызметін атқарған жылдарда академик Еренғайып Шайхутдинов органикалық заттар мен материалдар, бейорганикалық және жарылғыш заттар, пиротехникалық құралдар, мұнай-газ, көмір, полимерлерді өндіру әрі өңдеумен байланысты химиялық технология саласына технологтарды даярлау ісін дамытты. Академиктің басшылығымен ел экономикасы үшін қиын кезеңнің өзінде, өткен ғасырдың 90-жылдарында оқу орнында инженерлік бейіндегі мамандар даярлана бастады. Студенттер мен оқытушылар білім алмасу бағдарламасымен алыс-жақын шетелдерге шықты. Химия саласында 600-ден астам ғылыми еңбек жазып, осы салада жаңалықтың жаршысы бола білген академик 40 ғылым кандидатын, 10 ғылым докторын, 5 PhD дайындады. Бүгінде Президент Жолдауындағы міндеттерге орай университет полимер өнеркәсібінде мамандарға қажеттілікті өтей отырып, инженер мамандардың біліктілігін арттыру, жаңа буын мамандарын даярлауға қатысты мәселелерде мүдделі тараптардың ұсыныстарын тыңдауға дайын. Сондықтан қарқынды дамып келе жатқан полимер өнеркәсібінің, мұнай-газ-химия саласының алдында өндірісті ғылыммен ұштастыру міндеті тұр, – деді ректор Мейрам Бегентаев.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, елімізде полимер нарығы жылына орташа есеппен 4 пайызға өсіп жатыр. Құрылыс материалдары, қаптама бұйымдар, автомобиль жасау сегментінде полимерлі өнімдерді пайдалану кейінгі алты жылда екі есе өскен. Биылға дейін нарық гранулды полипропиленмен қамтамасыз етіліп келсе, жылдық қуаты 500 тоннаны құрайтын Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) полипропилен өндірістік кешенінің іске қосылуы еліміздегі өңдеуші кәсіпорындардың қажеттілігін қамтамасыз ететін болады. Осы орайда еліміздегі бірқатар техникалық жоғары оқу орындарымен ықпалдастықта жұмыс істеп келе жатқан Атыраудағы полипропилен өндіру зауыты әлемдік нарықта өзін ірі ойыншы екенін дәлелдей отырып, 2030 жылға қарай өндірісін 110 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. «KPI Inc» ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов полимер өндірісінің басымдықтарына тоқталып, полипропилен және полимерден жасалған бұйымдар өндірісін дамыта отырып, темір, қағаз, ағаш сияқты дәстүрлі материалдарды полимерге алмастыру, полимер бұйымдар экспортын, оның құрылыс, медицина саласындағы үлесін арттырудың маңызды екенін атап өтті.
Жиын барысында ғалымдар мен бизнес өкілдеріне ғылымды қажет ететін экономика құру үшін ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға және коммерцияландыруға жәрдемдесетін жобалар туралы «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әбділда Шәменов айтып берді. Ол өңірлер мен салалар бойынша коммерцияланған жобаларға, идеядан коммерцияландыруға дейінгі толық ғылыми-технологиялық циклді қамтамасыз ету тетіктеріне тоқталды. Ендігі кезекте Президент Жолдауында айтылған бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар, аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру бағытындағы жобалар да маңызды бола түспек.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің химия және органикалық заттар технологиясы кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Ғалия Ирмухаметова полимерлі материалдарға қатысты ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру барысы туралы баяндады. Ғалымдар нысанаға алған жоба өсімдік шикізаты негізінде гидрогельді емдеу фитопрепараттар өндірісін жолға қоюды мақсат етеді. Ғалымның айтуынша, елімізде полимерлі гидрогельді өндіріс кенжелеп барады. Медицина, косметика және химия-фармацевтика өндірісінің сұранысы импорт есебінен өтеліп жатыр. Сондықтан гидрогельді таңғыштар технологиясын іске асырып, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісті жолға қоюдың терапевтік тиімділігі жоғары болмақ.
Бүгінде инновациялық технологияларды жол құрылысына пайдалану жол сапасы мен асфальтбетонды қабаттың төзімділігін арттыруға ықпал ететіні тәжірибеде дәлелденді. Ал жол құрылысында полимерлерді пайдалану оның аязға төзімділігін арттырып, пайдалану кезеңін ұзартуға мүмкіндік береді. Полимерлі қоспалардың жоғары және төмен температурада битум мен асфальтбетонға әсері туралы Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының филиалы жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар бөлімінің жетекшісі, PhD Салтанат Әшімова айтып өтті. Маман атап өткендей, осы орайда жол саласының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, материалдар, құрылымдар мен жұмыс сапасын қадағалау, құрылыс саласын ғылыми-техникалық тұрғыдан қолдау сияқты саладағы өзекті мәселелерді шешу уақыт күттірмейді.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ универсиететіне қарасты Н.К.Нәдіров атындағы мұнай-химия инженериясы және экология институтының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Айгүл Буканова мұнай-химия білім кластерін дамыту қажеттігін алға тартты.
– Жаһандық бәсекелестік жағдайында ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен жаңа технологияларды дамыту, өндіріске енгізу өте маңызды. Сондықтан білім, ғылым және өндірушілер арасындағы өзара іс-қимыл, әсіресе мұнай-газ химиясы саласын дамыту мемлекет тарапынан басты назарда тұрғандықтан, мұнай-химия білім беру кластерін оңтайлы, кәсіби стандарттар негізінде іске асыруы қажет. Осы орайда шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломдық және бірлесіп оқыту, ғылыми ұйымдармен және кәсіпорындармен экономиканың мұнай-химия секторының тәжірибеге бағдарланған және дуалды оқыту негізінде мамандар даярлау ісі уақыт талабы, – деді ол.
Қазіргі кезде аталған оқу орнында мұнай өңдеу, мұнай химиясы, газ өңдеу, газ химиясы, полимер материалдар өндірісі бойынша үш деңгейде мамандар даярланып жатыр. Десек те, сарапшы атап өткендей, кейінгі отыз жылда еңбек нарығына инженер-химик, технологтар даярлайтын оқу орнына мұнай-химия бағытына түсетін түлектер саны екі есе азайған. Жастардың басқа аймақтарға кетуі белең алып жатыр. Оқу орнының кадрлық әлеуетінде де кері динамика көрініс беріп отыр.
Осылайша дөңгелек үстелге қатысушылар полимер өнеркәсібін дамыту, баламалы жасыл технологиялар, мамандар даярлауда туындап отырған келелі мәселелерді бөлісіп, ғылым мен білім, өндірістік тәжірибе ықпалдастығын дамытуға назар аударды.
АЛМАТЫ