Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Шілде айында өткен Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы білім беру ұйымдарына қатысты өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Айтылған мәселелердің бірі – бас қаладан педагогикалық жоғары оқу орнын ашу. Мемлекет басшысы Астанада білікті ұстаздардың тапшылығы ерекше сезіліп отырғанын айтып, жыл сайын бір мыңға жуық мұғалім жетіспей жататынын хабарлады. «Сондықтан елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл – дер кезінде көтерілген бастама. Сол арқылы салынып жатқан мектептерге қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік туады. Үкімет педагогикалық оқу орнын ашуды мұқият пысықтауы қажет. Қаражат мәселесін шешуі керек», деді Президент.
Астана қаласындағы жəне орталық, солтүстік аймақтардағы орта білім беру мекемелерінің педагог мамандармен қамтамасыз етілу жағдайына талдау жасап көріп едік, жедел шешуді қажет ететін мəселелердің барына көзіміз жетті. Соның ішіндегі кезек күттірмейтін маңызды мəселенің бірі – елордада мемлекеттік педагогикалық университет ашу. Өйткені Астана қаласының жəне оған жақын орналасқан елді мекендердің орта мектептерінде мамандардың тапшылығы жыл сайын қатты сезіліп отыр. Ал кадр мәселесін шешіп алмай, сапалы білім беру туралы әңгіме қозғаудың маңызы шамалы.
Осы орайда Астана қаласында ашылатын педагогикалық университеттің құрылымы, мақсаттары және міндеттері туралы өз ойымызды жеткізгім келеді. Кәсіптік деңгейі жоғары ұстаз арнайы педагогикалық жоғары оқу орнында толық қалыптасады. Өйткені мұндай оқу орнының бір ғана айқын мақсаты болады, ол – еліміздің білім беру мекемелерінің (орта мектептер және колледждер) талабына сай келетін педагогтер даярлау. Біздіңше, педагогикалық университеттің негізгі міндеті: үш тілді еркін меңгерген, оқушыларға сыни ойлай білуді жəне өздігінен білім алу жолдарын үйрететін білікті ұстаздар даярлау; шығармашыл, заманауи оқыту технологияларын меңгерген жəне IT-құзыреттілігі жеткілікті, жан-жақты дамыған ұстаздарды қалыптастыру; жаратылыстану-математика циклдері бойынша студенттерге теориялық және практикалық мазмұндағы əдістемелік білім бере отырып, мектептерге енгізіліп жатқан STEM бағдарламасымен жұмыс істеуге үйрету; тəрбие беру əдіснамасының іргетасы ретінде ұлттық тəрбие беру жүйесін қабылдау.
Сонымен қатар еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары қазіргідей Ғылым және жоғары білім министрлігінің емес, Оқу-ағарту министрлігінің құрамында болуы қажет. Өйткені мектепке дейінгі мекемелер, орта мектеп және педагогикалық жоғары оқу орны құрылымдарының арасындағы ғылыми, әдістемелік, тәрбиелік және практикалық сабақтастық үзіліп қалмауы үшін аталған құрылымдар бір сала құрамына кіргені дұрыс. Орта мектепке педагог дайындау бағытындағы әлемдік тәжірибеге зер салсақ, осы саланың түрлі ғылыми-зерттеу институттары немесе орталықтар педагогикалық жоғары оқу орындарында шоғырланған.
Мұндай жағдайда педагог мамандығын таңдаған студенттер тек теориялық жəне практикалық білім жүйесін ғана меңгермейді, сонымен қатар ғалым-педагогтердің жетекшілігімен əртүрлі зерттеу жұмыстарына қатысады. Ал кафедралардың профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар педагогикалық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен мақсатты әрі жүйелі түрде айналыса алады.
Əлемдік білім беру жүйесі жəне педагогикалық бағыттағы ғылыми-зерттеу орталықтарының іс-тəжірибелерін сараласақ, педагогикалық университет құрамындағы төменде айтылатын зерттеу институттары жəне орталықтардың болғаны құптарлық. Кезінде жемісті жұмыс істеген Мұғалімдердің біліктілігін көтеру институтын қайтадан қалпына келтіру маңызды. Егер осындай институт педагогикалық университет құрамында болса, мектептегі пəндерді оқыту үдерісінің практикалық нəтижелері жəне осы пəндерді оқыту əдістемесі мен технологиясындағы теориялық жаңалықтар бір арнада тоғысар еді.
Педагогика жəне психология ғылымдары əрбір баланың түрлі бағытта дарыны болатынын дəлелдегелі жарты ғасырдан артық уақыт өтіпті. Демек университет құрамында оқушының дарынын мақсатты түрде зерттейтін ғылыми орталықтар болуы керек. Мектеп оқушыларының дарындылық феноменінің теориялық негізін арнаулы ғылыми-зерттеу институттары жасаса, оны практикаға енгізу жұмысымен республикалық «Дарын» ғылыми практикалық орталығы айналысар еді.
Мектеп оқулықтары жөнінде айтылып жүрген мәселелер әлі де жүйелі түрде шешілмей келеді. Өйткені əр пəн бойынша сапалы оқулықты жазып шығару – бір-екі автордың қолынан келетін жұмыс емес. Оқулықтар кешенді, күрделі ғылыми ізденіс жұмыстарының нəтижесінде сапалы болмақ. Егер мектеп оқулығын құрастыру жұмысына педагогикалық университеттер атсалысса, бұдан біздің ұтарымыз мол. Өйткені оқулық әзірлеуге педагогикалық оқу орнының ғалымдары, қызметкерлері, студенттер жəне мектептердің үздік мұғалімдері қатыса алады. Педагог-ғалымдар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жасаған білім беру стандарттары негізінде оқулықтар құрастырады, кафедра мүшелері мен студенттер оқулықтың əрбір тақырыбын эксперименттік мектептерде тəжірибеден өткізіп, əрбір оқушының оқу материалдарын қабылдау мүмкіндіктерін зерттейді. Осындай зерттеу нəтижесінде алынған статистикалық мəліметтер кафедраның ғылыми семинарларында талқыланады. Сөйтіп, университет кафедраларында оқулықтың жеке тақырыптары бойынша айтылған сындарлы пікірлер нəтижесінде сапалы оқулық пайда болады.
Жаратылыстану пəндері бойынша мұғалімдер даярлайтын факультеттерде мектептегі пəндік кабинеттерге қажетті құрылғыларды жетілдіру жұмыстарымен айналысатын студенттік конструкторлық орталықтар, құрылғыларды қолдан жасайтын шеберханалар, роботтехникалық зертханалар жəне білім алушылардың практикалық машығы мен шеберлігін қалыптастыруға бағытталған тағы басқа бағдарламалар жұмыс істеуі керек. Болашақ маманның шығармашылығын дамытатын жəне практикалық шеберлігін ұштайтын осындай арнаулы орталықтардың болуы университеттің профессорлық-оқытушы құрамының, кафедра докторанттары мен магистранттарының студенттермен тікелей ғылыми жəне əдістемелік қарым-қатынаста болуын қамтамасыз етеді.
Қазақ халқының мыңдаған жыл бойы үздіксіз жинақтаған рухани байлығы – өнерін, əдебиетін, тарихын зерттейтін ғылыми институттар жемісті еңбек етіп жатқанын білеміз. Университет құрамында осы рухани құндылықтармен байланыстағы педагогикалық ойлар мен идеяларды зерделейтін этнопедагогикалық орталықтар болғаны жөн.
Базарбек МҰҚЫШЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы