Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2023

Көксуға көгілдір отын жетті

172 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көксу ауданының қарекеті көңіл сүйсіндіреді. Аудан орталығында тұрғындарды көптен толғандырған газдандыру мәселесі толық шешілді. Балпық би ауылында жаңадан бой көтерген «Береке» шағын ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің дені газ желісіне қосылған. Тек Мырзабеков көшесіндегі көпқабатты 3-үйдің тұрғындары көгілдір отынды пайдалануды көптен армандап жүрген еді.

Көксуға көгілдір отын жетті

Газ желісі үй іргесіне жақын орна­лас­қанмен тұрғындарға түк пайда бол­мады. Бұл үйдегілердің желіге өз күшімен қосылуға да мүмкіндігі төмен еді. Себебі тұр­ғындардың дені – әлеуметтік аз­қамтылған, көп балалы отбасылар. Нәтижесінде, ірге­де­гі игі­лікке қол жеткізе алмаған соң аудандағы атқамінерлерге қан­шама рет мәселесін даулап барып­ты. Шешімді жол та­был­­маған соң ауданға іссапар­мен келген облыс басшысына жан айқайын жеткіз­ген. Өңір хал­қы­ның әлеуметтік мәселе­ле­рінің түйінін тарқатуда ұтымды ше­шім қабылдайтын аймақ басшысы жергілікті атқамінерлерге қайы­­рым­ды азаматтар тауып, газ­дандыру мәселесін шешуді тап­сырған.

Содан жергілікті әкімдік­те­гілер «BSPCROUP LTD» ЖШС-мен келісіп, нәтижесінде, серік­тес­тік өз қаржысы есебінен 50 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйге газ желісін тартып берген. Қайырымдылық үшін жұмсалған қаржы – 2,5 млн теңге. Тұрғындарды құт­тықтай кел­ген аудан әкімі Марлен Көл­баев айтулы мәселені шешуге атса­лыс­қан серіктестік басшы­лы­ғы­на алғысын білдірді.

«Бұл көпқабатты тұрғын үй­дің газ желісіне қосылып, кө­гіл­дір отынның игілігін көруіне бірден-бір себепкер – Айман Тойшыбекова апамыз. Облыс әкімінің қабылдауында болып, көптің мәселесін шешуге септесуін сұраған. Облыс басшысы бізге тапсырма жүк­теп, түйткілді тарқатуды тапсырды. Нәтижесі – осы. Жалпы, Көксу ауданының тұрғындары жайлы өмір сүруі үшін бар жағдайды жасаймыз. Келер жылы Балпық би ауылының тұрғындары толықтай жылы су желісіне қосылады. Бұл бағытта жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Мемлекет басшысы «Баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты», деген еді. Президент жүктеген міндеттер орындалып, әрбір көксулық қолайлы ортада өмір сүретін жағдайға қол жеткіземіз», деді аудан әкімі.

Сәуле Тәнтібаева көптен күткен игілікке қол жеткізгеніне баладай қуанып жүр. Айтуынша, осындай қайырлы азаматтар көп болса, елде жүзеге асқан оңтайлы істер артады екен. «Аудан бас­шы­лығына, қайырымды аза­мат­­тарға алғаусыз алғыс біл­діру аздық етеді. Көптің тілеуін орын­­даған жандарға басымды иемін. Жергілікті әкімдіктегілер алдағы уақытта көпқабатты тұр­ғын үйдің ауласын абаттандырамыз деп отыр. Қалайша баладай қуанбасқа», деді қуаны­шын жасырмаған тұрғын.

Ал Айман Тойшыбаева бұл тұрғын үйге газ қосу аудан әкім­дігіне Марлен Көлбаев жайғас­қалы жасалып жатқан өрісті тір­ліктің кішкентай пұшпағы екенін атап айтты.

«М.Көлбаев ғимаратқа қа­ма­лып отыруды жаны сүй­мей­­тін, халық ортасында жү­ру­ге ма­шықтанған Әділетті Қазақ­стан­­ның әкімі ғой. Көптің сөзіне құлақ түре біледі. Ауда­ны­­мыз­ды гүлдендіргеніміз үшін алғыс біл­ді­ре­міз», деді А.Тойшы­бе­кова.

Жалпы, Көксу ауданында газ­дандыру жұмыстары – қар­­қынды. Жыл соңына де­йін аудан­да көгілдір отынға қосылған ауылдардың қатары то­лы­ғады. Аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инс­пекциясы бөлімінің басшысы Мади Кәрібаевтің айтуынша, жыл соңына дейін сегізінші ауыл болып Мұсабек елді мекені көгілдір отынға қол жеткізбек. Соны­мен қатар жуық арада аудан орталы­ғындағы 2 және 5 қабатты 60 үйді газ­дандыруға жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.

 

Жетісу облысы