Құқық • 28 Қыркүйек, 2023

Ата-ана құқынан неге айырылды?

226 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында ғана құзырлы мекемелердің шешімімен еліміздегі аса ірі мегаполис – Алматының 23 тұрғыны ата-ана құқынан айырылды. Ал биыл қаладағы балаларды қолдау орталықтарына кәмелетке толмаған 653 жасөспірім орналастырылған.

Ата-ана құқынан неге айырылды?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жалпы, құқық қорғау органдары­ның есебінде 393 кәмелетке толма­ған жасөспірім мен 583 берекесі қашқан отбасы тіркеуге алынған. Өкінішке қарай, бұл – тек ресми дерек. Алайда көп жағдайда күйсіз отба­сында дүниеге келіп, айдың-күннің ама­ны­нда адам төзгісіз жағдайда қа­лған балаларды тиісті мекемелер емес, көршілері, болмаса жанашыр жандар анықтап жатады. Мәселен, өткен тамыз айында Медеу аудандық ювеналды полиция инспекторы полиция тіркеуінде тұрған 1982 жылғы келіншектің пәтеріне бірнеше күн бойы кіре алмаған. Павлодардан көшіп келген бұл отбасы биыл мамыр айында есепке алынған. Әйел байланысқа шыққысы келмеген соң, учаскелік инспектор жағдайдың қиындағанын сезіп, үйіне іздеп барады. Бірақ ол кезде есікті ешкім ашпаған, инспектор 8 тамызда қайта соғады.

«Үйден дыбыс естілгенімен, ешкім есікті ашпады. Оқиға орнына жергі­лікті учаскелік инспектор, ТЖД қызмет­керлері және қамқоршылық өкілдерін шақырдық. Есікті күшпен ашуға тура келді. Үйде әйел мас күйде болды. 2016 жылы туған қызы, 2018, 2020 жылдары туған екі ұлы бар. Пәтерде тазалық деген атымен жоқ. Балалардың жағдайы тым ауыр болғандықтан, қолдау орталығына дереу жеткізілді», дейді Медеу аудандық ПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор, полиция капитаны Айжан Бұтабаева.

Сондай-ақ биыл ақпан айында Екі­бас­тұздағы «Маугли» балалардың оқи­­ғасы қоғамда шу тудырғаннан ке­йін жиырмаға жуық лауазым иесіне сө­гіс жарияланып, ескерту беріліп, екі ше­неу­ніктің жұмыссыз қалғаны белгілі. Бе­рекесіз отбасы туралы полицияға көр­ші­лері хабарлаған. Көрсетілген мекен­жайға келген құзырлы мекеме өкілдері 7, 5, 4, 3 жастағы балалардың ауырып жатқанын анықтады. Үйде тамақ бол­ма­ғандықтан, аштан бұратылған балалар үш күннен бері нәр татпаған. Бірінің іші үлкейіп, екіншісі екі күн бойы құсып ауырған. Тіпті ба­ла­лардың үстінде жібі түзу киімі де болмаған. Во­лон­тер­лер үйдегі бар киімді кигізіп, жедел жәрдем шақырғаннан кейін бала­лар анасымен бірге шұғыл түрде ауруханаға жет­кі­зіледі. Облыстық балалар аурухана­сына жатқызылған қыз коронавирус жұқтырса, үш ұлдан пневмония анықталды. Далаға шығып ойнамаған, тойып тамақ ішіп көрмеген балдырғандар Маугли секілді. Адамдардан қорқады. Жа­байы болып өскен балалардың ден­сау­лығы әбден нашарлап кеткені соншалық, бір жыл бұрын жүре алмай қалған. Осы жайт та жұрттың ашу-ызасын туғызды. «Маугли-балалардың» анасы 1994 жылы туған, ал әкесі «Бога­тырь Көмір» ЖШС көмір өндіруші кәсіпорынның мердігер мекемелерінің бірінде жұмыс істейді. Үй-күйсіз әке-шешенің үнемі көшіп-қонып жүргені аян болды. Бірақ бүлдіршіндердің шешесі ішімдікке салынбаған. Сол кезде Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мәриям Мәлікованың: «Ендігі бас­ты мәселе – балалардың денсаулығы. Олар анасының қамқорлығына, күтіп-қарауына зәру болғандықтан, шешесімен бірге. Олардың мұндай күйге қалай түскені анықталғаннан кейін, әке-шешесін ата-ана құқығынан айыру туралы мәселе көтереміз», деп мәлімдегені есімізде.

Өкініштісі, осы оқиғадан кейін волонтерлер павлодарлықтардан осындай әлеуметтік жағдайы төмен, берекесі кеткен отбасылар туралы хабарлап отыруды сұраған кезде, көп кешіктірмей-ақ өңірдегі ауылдардың бірінде бір жасар баласы бар, ішімдікке салынған әйел туралы ақпарат түседі. Ең сорақысы, волонтерлер бір жастағы баланың анасы бұрын да үлкен балаларымен шаруасы болмағандықтан, ата-ана құқығынан айы­рылғанын, ал өзі Екібастұздағы «Мауг­ли-балалардың» анасының туған әпке­сі екенін анықтаған.

Биыл ақпан айының аяғында әшкере болған Өскемендегі саяжай кооператив­те­рінің біріндегі адам шошырлық оқиға да елге мәлім. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инс­пекторы, аға лейтенант Расул Абаев әке-шешесімен бірге араққа салынып, бірнеше рет колонияға түсіп шыққан жет­кін­шектің кішкентай қарындастарын үйінен алып кетуге мәжбүр болады. Себебі араққа тойып алған жеткіншек 3 және 7 жастағы қарындасын аяусыз соққыға жыққан. Өлімші болып таяқ жеген балдырғандардың бет-аузы көгеріп, сүйегі сынған. Егер инспектор Расул Абаев дер кезінде келмегенде, тіпті оқиғаның арты қайғыға ұласары анық еді.

«Жұмыс барысымен осы отбасына келгенде үйдің іші адам тұрғысыз лас, шашылып жатыр екен. Аяқ басатын жер жоқ. Үйде ешкім жоқ, тып-тыныш. Айналаны тексеріп, бұрыштағы көрпені ашып қарағанда, көзбен көрген жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Себебі қатты соққы алған, көздері үрейге толы қыз­дар бір-бірін құшақтап бүрісіп жатты. Біреуін көтеріп, біреуін жетектеп үйден сыртқа қарай шыққанда удай мас, есін білмейтін ағалары пышақпен ар­тым­нан қуа жөнелді», дейді аға лейтенант.

Әрине, елдің әр шалғайындағы осын­дай келеңсіз оқиғалардың мысалы қо­ғам­ға ой салуға тиіс. Ақиқатына кел­генде, кәмелетке толмаған балаларды өзіне өзі қол салуға дейін апаратын жағдайлар жеткілікті. Бала бақытты да, бақытсыздықты да алдымен отбасы­нан табады. Мәселен, Алматы поли­циясына келсек, барлық мүдделі та­рап­тармен, мемлекеттік органдар, қо­ғамдық ұйымдармен бірге кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзу­шы­лықтың алдын алуға әрекет жасауын жасайды. Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол бермеу үшін – құқық бұзуға бейім кәмелетке толмағандарды ерте бастан анықтап, әрі қарай жеке жұмыс жүргізу ісі кезек күттірмейді.

«Жыл басынан бері кәмелетке толма­ған­дар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен жалпықалалық 13 жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп, 357 жасөспірім есепке алынды. Бүгінгі таңда 393 кәмелетке толмаған жасөспірім мен 583 берекесіз отбасы ресми түрде бақылауда тұрса, тағдыр тәлкегіне түскен 653 кәмелетке толмаған жеткіншек балаларды қолдау орталықтарына орналас­тырылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі, беймезгіл уақытта өз беттерінше ойын-сауық мекемелері мен сыртта қаң­ғып жүргені үшін 5640 ата-ана әкім­ші­лік жауапкершілікке тартылды», дейді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің басшысы Жанна Шонжанова.

Сондай-ақ спикер кәмелетке толма­ған­дар арасындағы қылмыстың алдын алуда қала және аудандық әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандар іс­тері және олардың құқықтарын қор­ғау жөніндегі ведомствоаралық комис­сия­лар­мен өзара әрекет аз рөл атқар­май­ты­нын айтады.

Жоғарыда атап өткендей, жыл басынан бері комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандарға қатысты 250 ма­териал қаралып, 23 адамға ата-ана құ­қығынан айыру түрінде шара қол­да­ныл­ған. Оған қоса 539 әке-шеше бала тәрбиесінде жауапкершілік таныт­па­ғаны үшін әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылған. Бірақ осының бәріне қара­мас­тан, «Баланың бөтені болмайды» деген тәмсілге салсақ, қай кезде де бұл мә­селе қоғамға ортақ. Жо­ға­рыдағыдай қа­лың жұрттың орта­сында отырып, «Мау­г­лидің» күйін кешкен бақытсыз ба­ла­лар көбінесе ай­на­ла­сындағы сорақы жағдайларға көзін жұмып қарамайтын жанашыр жан­дардың арқасында табылып жатады. Сол сияқты өмір сынақтарында осалдық танытып, бұл шыңыраудан өз бетінше шыға алмай, адасып жүргендер үшін де айналасындағылардың қолдауы мен түсіністігі ауадай қажет.

 

АЛМАТЫ