Спорт • 28 Қыркүйек, 2023

Бибосынов - Дусматов айқасы. Жеңімпаз Париж олимпиадасына жақындай түседі

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында қазақ боксшылары жарыс жолын жалғастырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бибосынов - Дусматов айқасы. Жеңімпаз Париж олимпиадасына жақындай түседі

Фото. sports.kz

Бүгін кешкі сессияда 8/1 финалдық жекпе-жек өтеді. 51 келі салмақта жерлесіміз Сәкен Бибосынов  Рио жазғы Олимпиадасының чемпионы, дүниежүзі чемпионатының алтын медалін олжалаған Өзбекстан боксшысы Хасанбой Дусматовқа қарсы айқасады. Ауыр жекпе-жек болатыны сөзсіз.

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Хасанбой Дусматовты 2021 жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жеңген еді.

Былтыр Иорданияның Амман қаласында түңлігі түрілген Азия чемпионатының финалында екеуі тағы тоқайласып, төрешілер шешімімен Х.Дусматов жеңіске жетті.

«Жеңіліс әркімнің басында болады, сынып кетпеу керек. Мен Сәкеннен 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында өте алмадым. Боксты доғарғым келген, бірақ есе қайтару үшін жаттығуды үзбедім. Бүгін менің мерейім үстем түсті, келесі жолы Бибосынов басым болуы мүмкін, бұл – спорт» деген еді Х.Дусматов.

Ханчжоуда боксшылар олимпиадалық жеті салмақта сынға түседі. Париж Олимпиадасына жолдама тек финалға шыққан екі боксшыға ғана беріледі. Демек, бүгінгі Бибосынов - Дусматов дуэлінде «не бел, не белбеу кететін» айқас болады деген сөз.