Қоғам • 29 Қыркүйек, 2023

Сергіткіш сусынның сергелдеңі

169 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір жұрттың көбі, әсіресе жастар жағы «шаршағаныңды басатын, көңіліңді ашатын» энергетикалық сусынды көп ішеді. Сергек жүру үшін сергіткіш сусынды пайдалану қалыпты жағдайға айналды.

Сергіткіш сусынның сергелдеңі

Тіпті балалардың 17,5 пайы­зы сергіткіш сусынды аптасына бес-алты рет тұтынады. Мамандар зиянын айтып дабыл қақса да нәтиже болмай тұр. Соның салдарынан жүрек талмасына шалдығып, аурухана төсегіне таңылған азаматтар саны көбейген. Енді елімізде 21 жасқа тол­мағандарға мұндай күш беретін сусындарды сатуға тыйым салынуы мүмкін.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның дерегінше, елімізде минералды және газдалған суларды қоспағанда, алкогольсіз сусындарды ішу көлемі 2018 жылы 1 млрд 329 млн литрден 2022 жыл қорытындысында 2 миллиард 387 миллион литрге дейін күрт өскен. Соның ішінде энергетикалық сусындардың үлесі жоғары. Кей деректерге үңілсек, отандастарымыз мұндай сусындардың күніне 30 мың литрін ішеді. Демек нарықта «қуат береді», «қанаттандырады» деп жарнамаланып жүрген сусындардың саудасы қызып тұр.

Әрі тұтынушылардың басым көпші­лігінде «ұйқы келсе – сергітеді» немесе «энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді» деген жаңсақ түсінік те қалыптасқан. Сөйтіп, тәні шаршап, күш жинағысы келгендер «сиқырлы» сусынды сіміріп алады. Дәрігерлер болса, оның ішінде ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушы екенін айтып әлек.

Десе де, ескертпені елемей, энерге­тика­лық сусынды елі­ріп ішіп, аурухана төсегінде жат­қан­дар көп. Мәселен, Алматы­да жар­ты жылдан астам уақыт энер­гетикалық сусындар ішіп, фаст­фудпен тамақтанған 17 жас­та­ғы жасөс­пірім ауыр халде ауру­ханаға жеткізілген. Тексе­ру кезінде науқастың қызуы көтері­ліп, ерін­нің қанауы, ауыз қуысы­ның жаралары, буындардың ауы­руы және мұрыннан қан кету секіл­ді белгілер байқалған. Тіпті жет­кіншек жүре алма­ғандықтан, оны ауру­ханаға арбамен әкелуге тура келген.

«Бауыр жұмысы нашарлаған­дықтан балаға «Бауыр қызметінің бұзылуы» деген диагноз қойдық. Бауырдағы коагуляция факторлары синтезінің бұзылуы. Яғни протромбиндік кешенді факторлардың жүре пайда болған тапшылығы. Гемофи­лия диагнозы расталмады. К витаминін енгізу және оны толықтыру арқылы ем­деу жүргізілді», деді Алматы қа­ласы бойынша тәжірибелі дәрігер – бас балалар гематологы, №2 балалар ауруханасы гематология бөлімінің меңгерушісі Ұлжалғас Айтжанова.

Елорда тұрғыны Алтынбек Алде­шов те – сергіткіш сусындар­ды көп қолданатын­дардың бірі. Бір жыл бұрын есінен танып, ауру­ханаға жеткізілген ол қазір энер­ге­ти­калық сусындардан түбе­гейлі бас тартқан.

– Компьютерде көп жұмыс істеймін. Видео монтаждаймын, сонымен күніне 10 сағаттан артық уақытым мониторға телмі­румен өтеді. Көзің де, өзің де шар­шайсың. Маған «Gorilla» күш беретін. Күніне 4-5 құтыға дейін ішетін болдым. Кейде тамақ та ішпей, энергетикалық сусын­ды ішіп жүре беретін едім. Алай­да жарты жыл бұрын көзім қа­рауытып, денем әлсіреп, жиі ес­тен танып қалатын бол­дым. Оны бір күні анам көріп, бір­ден дәрі­герге апарды. Әрине, жақсы жаңа­лық есті­мейтініміз анық еді. Дәрігер­лер­дің «Энер­гетикалық сусындарды осылай іше бер­сең, өліп кетуің де мүмкін», дегенін естіп анам ондай сусындарды ішуге мүлдем ты­йым салды. Ба­сын­да қиын болғанын жа­­сыр­маймын. Аптасына 1-2 рет ішіп те жүр­дім. Кейін оны сумен алмастырдым. Со­лай энергетикалық сусындарды ізде­­мей­тін де болдым, – деді А.Алдешов.

Энергетикалық сусын – кофеин, таурин, глюкоза және басқа да үдеткіш ингредиенттермен байытылған сұйықтық. Теориялық тұрғыда сусын ми­дың белсенділігін арттырып, физика­лық күш кезінде оған қарсы тө­зім­ділік пен қосымша қуат беруге тиіс. Бірақ сарапшылардың ай­туынша, сусын құрамындағы ко­феиндік заттар адам бойындағы бір тәулікке жететін қуатын 2-3 сағат­тың ішінде жұмылдырып, сол сәтте белсенді болуына сеп болады да, артынша организм әлсіреп, денесі зорығады.

«Жедел хирургия бөлімшесіне асқа­занның жедел ойық жарасы мен эрозиясынан қан кетумен түскен жас жігіттерді көп бай­­қадым. Сондай-ақ қабылдау бөліміне іштің түсініксіз ауыруы, жүйке қозуы, мазасыздану, жүрек айнуы, дәреті бұзылған жас жігіттер көп жүгінеді. Кей­бір науқастарды жансақтау бөлі­міне жатқызуға тура келеді. Мұ­ның бәрі абдоминальды орган­дардың жедел хирургиялық ауру­ларын диагностикалауда қиын­дықтар тудырады, хирургтер мән-жайды анықтау үшін диагностикалық лапароскопияға жүгінетін жағдайлар болады. Бар­лық жағдайда науқастар энер­гетикалық сусынды күніне 3-4 құтыға дейін ұзақ уақыт қабыл­дағанын айтады», деді жоғар­ы санатты хирург-дәрігер, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ №1 хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры Абылай Баймаханов.

Негізі энергетиктерде кофеин көп. Мысалы, бізде танымал «Redbull» сусы­нының 250 миллилитрінде 80 мг кофеин бар. «Monster» сусынының 480 мл – 160 мг кофеин, «Gorilla» мен «Dizzy» сусынында 100 мл – 30 мг кофеин бар. Бұл сусындар жоқ дегенде 0,3 және 0,5 литр болып сатылады. Ал сарапшының айтуынша, адам бір күнде 63 мл кофеиннен артық тұтынбауы қажет. Бұған қоса, сергіткіш сусын құрамында қант көп.

«Бұл сусынды қан қысымы жоғары адамдарға мүлдем ішуге болмайды. Ра­сында кофеинді аса көп пайдалану өлімге алып келеді. Энергетикалық сусынға тәуелді болмас үшін суды көп ішу қажет. Осылайша, сусынға деген қажеттілікті басасыз. «В» тобы витаминдерін және магний ішіп, арасында жеңіл спортпен шұғылдану керек», деді отбасы нутрициологі Лилия Ма.

Сергіткіш сусындарды тұтыну­дың ауқымы жыл сайын артып келеді. Қазір дүкен сөрелерінде жалған энергетикалық сусын сау­далап жүргендер де бар. Құ­зырлы органдар былтыр 364 энер­гети­ка­лық сусын түрін сынақ­тан өткізіпті. Сөйтсе 30 түрлі өнім техникалық регламент талап­тарына сай келмей шыққан. Оның бесеуі қауіпсіздік, 10-ы өнім қос­палар көрсеткіштерін, ал 17-сі таң­балау талаптарын бұзған. Ес­кере кететін тағы бір жайт, қауіп­ті энергетикалық сусын­дар­дың барлығы шетелден келген. Мәселен, ресейлік сусын­дардың құрамында натрий бензо­а­тының мөлшері нормадан асып кеткен. Ескере кетсек, бұл қоспа өнімнің жарамдылық мерзімін ұзарту үшін пайдаланылады.

Жақында Шымкент қаласында да энергетикалық сусындарды заңсыз әзір­леген жасырын цехтың жұмысы әш­кереленді. Тексеру барысында сусын тол­тырылған 21 мың контрафактілі тауар тәркіленген. Микробиологиялық зерттеу ұлттық орталығының жа­са­ған сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген тауар тұ­ты­нуға мүлдем жарамайды әрі адам ағзасына өте зиянды болып шық­қан. Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері цех­тың ішінен мұнан бөлек бос құ­тылар, қақпақ, құрғақ қоспа мен қаптама заттарын айғақты зат ретінде алды.

Ең сорақысы қоғамда ата-ана мен мемлекет тарапынан жет­кілікті бақылау­дың да жоқты­ғы жасырын емес. Ұлттық қоғам­дық денсаулық сақтау орталы­ғы оқушылар арасында сауална­ма жүргізген еді. Оған еліміз­дің 20 өңірінен 11-15 жас аралы­ғын­­дағы 8,5 мыңнан аса оқу­шы қатысқан. Нәтижесінде, жас­өс­пірімдердің шамамен 45%-і энергетикалық сусынды ішіп көргенін мойындады. Ал кәмелет­ке толмағандардың шамамен 3%-ы күн сайын энергетикалық су­сынды ішетінін растаған. Осы ретте Үкімет отырысында Ден­саулық сақтау министрі Ажар Ғиният энергетикалық сусын­дарға жас ұрпақ­тың құмартуы алаңдаушылық туғызып отыр­ға­нын айтты.

«Саламатты өмір салты дағды­ла­рын қалыптастыру бойынша медици­налық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында 452 саламатты өмір салты кабинеті, 4 608 денсаулық мектебі, темекіге қарсы кабинет және 157 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап те­мекі өнімдеріне акциз­дің ставкалары көтерілді. Тұ­ты­нудың электрондық жүйеле­рінің (вейптер), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтық­тардың айналымына толық тыйым салуды енгізу бойынша Мәжілісте заңға өзгерістер қарас­тырылды. 21 жасқа дейінгі адам­дарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу жөніндегі норманы талқылау рәсімі жүргізілуде», деді министр.

Айта кетейік жүргізілген зерттеулердің кейбірінде жасөс­пірімдердің энергети­калық сусын ішулері мен агрессивті мінез-құлық танытулары арасында өзара байланыс бары анықталған. Әсіресе, осындай сусындарды күнделікті ішетіндерде ашушаңдық көбірек байқалған. Сондықтан энергетик тұтынудың қауіптілігі мен сусынға тыйым салу мәселесі бүкіл әлемде қызу талқыланып жатыр. Бүгінде энергетикалық сусындарды «құрықтауда» Түр­ікменстан Қазақстанды басып озды. Ал Қырғызстан билігі «Жар­нама туралы» заңына өзгерістер енгізіп, энергетикалық сусындарды жарнамалауға толығы­мен тыйым салды. Бұған қоса Өзбек­стан, Әзербайжан, Беларусь, Қыр­ғызстан да энергетикалық сусын­дарды кәмелет жасына тол­ма­ғандарға сатуға тыйым бар. Франция, Дания және Нор­вегияда сер­гіткіш сусындар тек дәріханаларда ғана сатылады екен.