Кеше Сыртқы істер министрлігінде журналистерге арналған дәстүрлі брифинг өтті. Онда аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов 8 маусымда Ыстамбұлда өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті жөнінде әңгімеледі. Оның айтуынша, Азия кеңесі саммитінің Қазақстаннан тыс жерде өтуі және кеңеске төрағалық ету міндетін бір мемлекеттен екіншіге, яғни Қазақстаннан Түркияға тапсырылуы аталмыш халықаралық бірлестіктің тарихында алғаш рет орын алатын жағдай болмақ.
Ал 9-13 маусым аралығында Қазақстанға Финляндияның сыртқы саяси және экономикалық мүдделерін алға қоятын “Паасикиви” қоғамының 28 мүшесінен құралған делегация келмек екен. “Аталмыш қоғам Алматыда өтетін Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтымен бірлесіп ұйымдастыратын дөңгелек үстелде өзекті халықаралық мәселелерді талқылайтын болады”, деді ресми өкіл. Сонымен қатар, бұл сапар аясында “Паасикиви” қоғамы қазақстандық әріптестермен халықаралық қатынастар, жаһандық экономика және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін әңгіме өзегіне айналдырмақ.
Брифинг барысында Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың 9-10 маусым күндеріне көзделген Данияға ресми сапары жөнінде де айтылды. Бұл отандық сыртқы саяси ведомствосы басшысының екіжақты қарым-қатынас тарихындағы Данияға алғаш ресми сапары саналады. Қанат Саудабаев өз сапары аясында Дания Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Лене Эсперсенмен кездесу өткізбек. Онда қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі талқыланады. Халықаралық саясаттағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасады.
А.Абдрахманов брифинг кезінде 10-11 маусым күндері Копенгагенде Қазақстаның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуімен, Дания Корольдігі және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюроның ұйымдастыруымен “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Копенгаген құжатының 20 жылдығы: мәртебесі мен келешегі” тақырыбында конференция өтетіндігі жөнінде айтып өтті.
Ал дәл осы күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ташкентте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер кеңесіне қатыспақ. Бұл саммит барысында әлемде және аймақта орын алып жатқан мәселелерге байланысты пікір алмасылады деп көзделуде. Кеңес қорытындысында саммиттің декларациясына, ұйымның бірқатар құжаттарын бекіту туралы келісімдерге, Рәсімдер ережесіне және ұйымға жаңа мүшелерді қабылдау ережесіне қол қойылмақ. “Ташкент саммитінен кейін ШЫҰ-ға төрағалық ету міндеті бір жылдық мерзімге Қазақстанға тапсырылады. Ал келесі жылы Астанада өтетін ШЫҰ-ның кезекті саммиті аталған ұйымның 10 жылдығына арналады”, деді. А.Абдрахманов.
Брифинг соңында ресми өкіл 11-12 маусым күндері Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың арнайы шақыруымен елімізге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның ресми сапармен келетіндігін айтты. Екіжақты келіссөздер барысында Мемлекет басшылары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен келешегін, халықаралық және аймақтық ахуалдың өзекті мәселелерін талқы таразысына салмақ.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.