Кездесу барысында облыс әкімі Н.Ұранхаев аймақтағы түйткілді мәселелерді оң шешуде Жолдаудан туындайтын міндеттер мен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде Б.Ізмұхамбетов өткен жылы Президент Жарлығымен үш облыста ардагерлер ұйымының филиалдары құрылып, Қонаев және Жезқазған қалаларында арнайы ардагерлер орталығы ашылғанын атап өтті. Жиында депутат осындай орталықтың Семей қаласынан ашылуына жағдай жасап, ардагерлерге ғимарат бөліп, көмек көрсеткені үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді.
Сапар барысында Б.Ізмұхамбетов ақын Абай, Шәкәрім, Мұхтар ескерткіштеріне барып, қаланың тарихи-мәдени орындарын аралады. Облыстық ардагерлер кеңесі орталығының ашылу салтанатына қатысқан депутат Абай елінің ардагерлерімен де жүздесті.
«Алдымен сіздерді қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекенінің бұрынғы мәртебесін қайтарып, Абай облысы болып қайта құрылуымен құттықтаймын. Бұл мекен – талай Алаш арыстарының ізі қалған қастерлі өңір. Мемлекет тарапынан ардагерлерге барлық жағдай жасалып жатыр. Президент биылғы Жолдауында әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрғанын, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталғанын айтты. Елдік істерде аға буынға түсер жүк салмақты. Ардагерлеріміз ел тыныштығы, ынтымағы жолында, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдауда қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып келеді. Интернет дамыған қазіргі уақытта түрлі теріс пиғылдағы ағымдар көбейіп кетті. Осы жағынан сақ болып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз керек», деді ардагерлер орталығының ашылуында сөз сөйлеген Б.Ізмұхамбетов.
Депутат ардагерлердің араласуын қажет ететін мәселелердің көп екенін, қоғамда болып жатқан өзгерістерді елге дұрыс жеткізудің маңыздылығын да атап өтті. Сөз соңында Мәжіліс депутаты ардагерлерді Қарттар күнімен құттықтап, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген ардагерлерге ардагерлер ұйымының «Құрметті ардагер» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын тапсырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.