Қоғам • 02 Қазан, 2023

Пошташы неге қиналды?

288 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биылғы жаңа жылда екі-үш күн қатарынан қар жауды. Тобықтан аса. Ертеңіне жел тұрып, айнала ақ бұрқасын болды да кетті. Осы уақытта үйдегі қол жуғыштың шлангісінің бірінен су сыздықтап, тамшылап мазамызды алып тұрған. Далаға шыққың келмейді. Сонда да болса, біледі-ау деген адамдарды шақырып көрсетіп едім, олар: «Шлангісін ауыстырудан басқа лаж жоқ» дегенді айтты. «Жазған құлда шаршау жоқ» демекші, күннің райына қарамай «Жаңа ауыл» шағын ауданындағы құрылыс материалдарын сататын дүкенге баратын болып белімді будым. Жел үдемесе, басылатын түрі жоқ. Оның үстіне боранмен араласып қардың ұшқынынан әудем жерді де көруге де мүмкіншілік бермей келеді. Әйтсе де, «жол мұраты – жету» дегендей, ниеттеніп шыққан соң, амал жоқ.

Пошташы неге қиналды?

Бірнеше көше қиылысынан өтіп, дүкенге тура шығатын ХХ жылдық Қазақстан көшесіне түстім. Сол арада жүргіншілер жү­ретін тротуары жоқ асфальт жол­дың біресе оң қапталына, біресе сол қапталына шығып кетіп бара жат­қан кейуанаға кө­зім түсті. Бұл оның жол үстінде сақтанғанын біл­діреді, өйткені асфальт жолда зыр-зыр еткен көліктердің қа­лай келіп қалғанын білмей де қа­луың ықтимал. Кейуанаға жете беріп едім, ол сол жақтағы пошта бөлім­шесіне бұ­рылды да, ал мен тура Абай көшесінің бойындағы ас­фальт жолды қиып өтіп, қарсы беттегі дүкенге қарай бет алдым.

Көптен бері араламаған дүке­нім еді. Құрылыс заттарының іші­нен өзіме керек-ау деген оймен, бағасын да сатушыдан сұрап қоям. Сірә, біраз айналған болсам керек, қажетті шлангімді алған соң, өзім келген ізіммен кері қайттым. Көп ұзамай-ақ әлгі де менің алдымда келе жатқан кейуанаға ұшы­рас­тым. Ашулы ма, қайдам? Сөзді өзі бастады:

– Әдірем қалғыр! Қаншама жерден зейнетақымды алуға келіп едім, «сеть» дей ме компьютері жұмыс істемей қалыпты. Менен екі-үш сағат бұрын келгендерге, «ер­тең келерсіңдер» деп қайтарып жатқанда, мен қалай тұрайын. Сонан қайтып келемін.

– Көптен бері зейнетақыңызды осы жердегі байланыс бөлімше­сінен аласыз ба?

– Жо-ға, қалай айтсам екен. «Пятыйдағы» №1 байланыс бө­лім­шесі жабылып қалғаннан бері.

– Қашықсынып, өзіңіз келмей-ақ үйдегі бала-келін дегендей бі­реуін жұмсай салуға болмай ма? Мы­надай күндерде.

– Өй-дөйт. Бұған пошта ма сенетін. Өз басыңды, құжатыңды көрсетіп тұрғанның өзінде алға­ныңа шүкір дейсің.

– Қай аймақта, көшеде тұ­расың. Айталық, «Мостопойыз», Те­реш­кова көшесі жақта не болмаса Сарыбұлақ мекемесі жанында дегендей...

– Ой, айтпа! Заман солай бол­ған соң, зейнетақымызды алған сайын қиналамыз, қашық жер болса да амал жоқ...

«Иә» дедім ішімнен. Бұл бай­ланыс бөлімшесінен өткен жылы дивиденд алуға келгенмін. Сондағы байқағаным, бұл орынды бір кәсіпкерден жалға алған сияқты ма, қалай өзі? Сырты әде­мі, зәулім болғанмен, пош­та бө­лімшесіне қуықтай бөлме тиіп­ті. Тап-тар. Ішіне 5-6 адам әрең сыяды. Айнала алмайсың. Зейнеткерлер кезегі келгенше далада тұрады. Қақаған суық, аязды күндері, сондай-ақ аптапты ыстық күндері қайда паналайды? Ең болмаса іште немесе сыртта күте тұруға орындықтар ой­лас­тырылмаған. Оның үстіне газет-журналдарды сұрыптау орын­дары да талапқа сай еместігін бай­қадым. Яки төрт пошташы қатар тұрып жұмыс істей алмайды. Соның салдарынан бұрынғы №1 байланыс бөлімшесіне тиіс­ті газет-журналдарды, хат-ха­бар­ларды «Пятыйда» тұра­тын пошташының үйінде сұрыпталып, таратылатынын ұзын құлақтан естіп жүрміз.

Мұның дұрыс-бұрысын «Қазпошта» аудандық бөлімінің бас­шылары білмесе, біз біле алма­дық. Өйткені 70 жылдан аса тарихы бар №1 байланыс бөлімшесі (өткен жылы жабылған) мен қа­зіргі «Жаңа ауыл» шағын ауда­нындағы бөлімшенің (№1 санды иеленген) арақашықтығы – шамамен екі шақырым. Әрі-бері барып келу кемінде 3 шақырымдай жер. Осыншама қашықтыққа бұ­­рынғы байланыс бөлімшесіне тиісті газет-журналдарды, хат-хабарларды өз учаскесіне келгенше пошташылар да саябыр таппай, шыдамсыздықпен күтіп отырғаны. Болмаса, сонау жерден арқалап тасып, сұрыптаумен, уақытын зая өткізіп жүргені. Сондықтан айтарым, бұл жұмыс жүйеге түсуге тиіс. Пошташылар тек келген газет-журнал, хат-хабарларды сұ­рып­тап, тара­ту ісімен айналысуы ке­рек. Бұл сұрақтың да жа­уабы­н ашық қалдырып отырмыз.

Естуімше, бұрынғы «Пятый­дағы» №1 байланыс бөлімшесінде төрт пошташы болса, қазір соның екеуі қалған. Яғни екі адамның орнына бір адам жұмыс істейді. Сондықтан тарату аймақтарының да арақашықтығы ескерілмеген. Мәселен, екі пошташы сонау «Мос­топойыз», Телеорталық пен Сарыбұлақ мекемесі беткейі, №16 кәсіптік-техникалық колледжі мен Нан зауыты (бұрынғы) ма­ңындағы көшелер, «Шанхай», «Пя­тый» аумағындағы көшелер мен «Степная», Суворов аталып кет­кен жерлердегі бой көтерген ипо­текалық үйлерді айтсақ та жет­кілікті шығар.

Бұрындары көшелер санына қарай, әр пошташының мерзімді баспасөзді тарату нормативі болатын. Керек болса, велосипедпен қамтамасыз еткен. Ал бұл жағын дұрыстап бағамдай алмадық. Байқасақ, кемшілігі көп. Ең аяғы пошташының еңбекақысы да мардымсыз. Ең төменгі айлық көр­сеткішіне де жетпеген. Бұл пошташыларға обал, қиянат десе де болады. Біздің бір жаман мінезіміз бар. Ол пошташы ғой деп мән бермейміз. Өзің ойлап қарашы, күнделікті болмаса да күнәра әр пошташы иығындағы сөмкесіне кем дегенде 10-15 кг газет-журналдарды салып алып, оны таратқанша көше-көшені бойлап зыр жүгіріп жүргені. Қа­лай ойласаң солай ойла! Мен жо­ғарыда айтып кеткен көшелерді бір күн бостан-бос аралап шықшы. Ер­­теңіне салың суға кетіп, ол жаққа баруға дәтің де шыдамайды. Не болмаса базарға барғанда әрі-бері жүріп алған 10 кг азық-тү­лігіңді ауырсынып, қарың талмай ма, қашан таксиге отырғанша!

Әрине, мен бұл ма­қа­ламда қаладағы 5 байланыс бөлімшенің үшеуі жабылып қал­ғанын айтып, себебін сұ­рап отырғаным жоқ. Тек бі­реуінің (өзіме жақсы таныс бай­ланыс бөлімшесінің) шет жа­ғасын өзім білетіндіктен сөз етіп отырмын. Ең қиыны, шағын аудан­дарда орналасқан байланыс бөлімшелерінің қызметін пай­даланған тұрғындарға да ауыр соғып тұр. Бір хат, ақша салу үшін, болмаса баспасөзге жазылу үшін қала орталығындағы «Қазпоштаға» немесе басқа аумақ­­­тағы жерлердегі байланыс бөлім­шелеріне баруың керек. Қа­шықтығынан амал жоқ, сұраған теңгесіне қарай таксиге отырасың. Бұл да – шығын.

Сондықтан сөзімнің тобықтай түйінін айтқанда, зейнеткерлер мен тұрғындарды өз аумағынан тыс жерлерге сабылтуды қою керек. «Халыққа қызмет – абырой, міндет» дегендей, жабылған пош­та бөлімшелерінің орнын қайта тіктеп, пошташыларға қамқорлық жасауға көңіл бөлу керек деп ой­лаймын.

 

Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,

Журналистер одағының мүшесі

 

Қызылорда облысы,

Арал ауданы