Осы аталған саясатты тиімді жүргізіп отырған мекеменің бірі – Шымкенттегі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС. Жуырда ғана 25 жылдық мерейтойын атап өткен кәсіпорынның ең бірінші стратегиялық қадамы – суды есептеу құралдарын орнатты. Аз уақытта тұтынушыларға жеке су өлшегіш орнатқан республикада бірінші шаһар атанды. Нәтижесінде, 1 адамға шаққанда су мөлшері тәулігіне 456 литрден 125 литрге дейін азайды. Халық судың бағалы екенін біліп, үнемдеуді үйренді. Қала тіршілік нәрін 2 су көзінен алады. Үшеуі резервте тұр. Ескі темір құбырларды пластикке ауыстыру апаттарды төмендетті. ТМД елдерінде судың орташа шығыны 30%-дан асса, Шымқалада – 17%.
Мекеме басшысы Анарбек Орманның айтуынша, инвестиция арқылы су құбырын, кәріз желілерін жаңарту, жаңа жабдықтар мен техникалар сатып алу жүріп жатыр. Кәсіпорын алғаш рет 2009 жылы Еуропалық Қайта құру және даму банкімен несие шартын түзді. Қаржы институтынан бүгінге дейін 18,7 млрд теңге несие алды. Игерілгені – 15,4 млрд, қайтарылғаны – 13,2 млрд теңге. Инвестициялық қаражатқа су қабылдағыш қондырғыларына жаңа сорғы орнатылды. Ең маңыздысы, 1 текше метр суды өндіріп тасымалдауға жұмсалатын энергия шығыны 0,87 КВт-дан 0,06 КВт-ға азайды. Жаңа технологияның нәтижесінде сұйық хлорды пайдаланбайтын болды. Ауыз суды зарарсыздандыру үшін тұз таблетка қолданылады. Бұл – ағзамызға қауіпсіз. Жалпы, ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінеді. Сынақ зертханасы күн сайын сынама алып, су сапасын тексеріп отырады. Бір жыл ішінде 70 мың сынама алынады.
Сумен қамту жүйесін оңтайландыру үшін қысым реттегіштері мен бақылағыштар, электр клапандары және жүйедегі су қысымын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар орнатылды. Бұл да құбырларда апатты барынша азайтуға мүмкіндік берді, демек жөндеу жұмыстарына кететін шығындар азайды. Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының негізінде 1 115 шақырым су құбыры, 89,9 шақырым кәріз желісі жаңартылды. Қайта құру және ауыстыру жұмыстары жалғаса береді. Кәсіпорын биогаз қондырғысын орнатты. Бұл шайынды суды өңдеп, метан алуға мүмкіндік береді. Және кәсіпорын өзіне қажетті электр энергиясын осы қондырғыдан өндіреді. Нәтижесінде, өзін-өзі жылумен қамтып, электр энергиясы шығынын 60%-ға түсірді. Бір сөзбен айтқанда, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның биогаз қондырғысы – Орталық Азия елдерінде теңдесі жоқ жоба.
Президент тапсырмасына сәйкес, «Тарифті инвестицияға айырбаста» бағдарламасы аясында 2023-2026 жылдары 38,3 шақырым кәріз жүйесін жаңартуға қаржы қаралды. Және 300 шақырым су құбырын жаңарту жоспарда бар. Мегаполисте халық санының өсуіне байланысты биыл тәулігіне 50 мың текше метр шайынды су өңдейтін қосымша нысан салына бастады. Бұл тәулігіне 200 мың текше метр шайынды су өңдеуге қауқарлы. Қажетті қаржы Еуропалық Қайта құру және даму банкінен және мемлекеттік субсидия есебінен қаралды.
Келесі кезеңде NB-Iот деректерін қашықтан бақылау жүйесінің көмегімен жеке есептеу құралдарының көрсеткіштерін жинау автоматтандырылады. Орталық диспетчерлік қызметтің әдеттегі телефон байланысынан бөлек, кәсіпорынның әлеуметтік желілердегі ашық аккаунттары, электронды пошта және мессенджерлері де жұмыс істейді. Абоненттер кәсіпорын қызметіне байланысты барлық сұрағына жауап ала алады. Telegram мессенджерінде «виртуалды көмекші» қызметі іске қосылған. Чат-Ботта тұтынушы электронды түбіртегін көре алады, балансын біліп, онлайн төлем жасайды және басқа да пайдалы ақпараттарға қанығады. Шымкенттік тұтынушылардың 80%-ы «виртуалды көмекшіге» жүгінеді. Мекемеде жас мамандардан мықты техникалық резерв құру бойынша жұмыстар қолға алынған. Басшылық тоқсан сайын жұмысшылар арасында техникалық сынақ ретінде конкурстар өткізеді. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталып, резервке ілінеді.
Жалпы халыққа көрсеткен қызметі үшін «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Президенттің «Алтын Сапа» мен «Парыз» сыйлықтарымен марапатталған.
ШЫМКЕНТ