Мәдениет • 01 Қазан, 2023

Түркі қарашаңырағындағы Қорқыт сазы

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордада түркітілдес елдер өнерпаздарының басын қосқан «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өтті. Алтыншы мәрте өткізіліп, отырған мәдени іс-шараға Түркия, Тыва, Саха, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан елдерінен 200-ге жуық өнерпаз келді.

Түркі қарашаңырағындағы Қорқыт сазы

Фестивальдің алғашқы кү­ні қонақтар тарихи-өлке­тану музейінде болып, «Тұ­ран таң­балары» этно-архео­логиялық көр­месін аралады. Ежелгі Шірік Рабат, ортағасырлық Сығанақ, Жанкент қалалары жайлы деректерге қанықты. Музейді аралаған сәтінде бізбен тілдескен Қырғыз Республикасының халық әртісі Эгемберді Чалабаев бауыр­лас мемлекеттердің музыкалық мұра­сымен таныстырып, мә­дени байланысын нығайта түсе­тін осындай іс-шаралар жиі ұйым­дастырылса деген тілегін айт­ты. «Бұл тарапта тарихы тамыр­лас өзге мемлекеттер де осы дәстүрді жалғастырғаны жөн болар еді», деген пікірін жеткізді.

Музейдегі әр жәдігерге қы­зыға қарап жүрген түрік бауырларымыз да осындай ойда екен. «ТҮРКСОЙ бастамасы­мен жоғалып бара жатқан ортақ мәдениетімізді сақтап қалып, түбі бір түркі еліне таныстыруды көздеген кез келген бастама­ға өз тарапымыздан қолдау танытар едік» деседі олар. Фес­тивальде түрік ағайындар ән, жырдан бөлек сонау Осман империясынан бастау алатын семендер бейнесінде қатысады.

Тывадан келген өнерпаз Эрес Ончайдың айтуынша, өз елдерінде 2 жылда бір мәрте «Көмей» атты өнер сайысы өткізіліп тұрады. Көрермендер алдында «Өскен жерде» және «Енесай» атты туындыларды орындайтын Эрес Сыр топы­рағындағы дәстүрлі өнердің өрісіне қызығады.

«Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фоль­клорлық-музыкалық өнер фес­тивалі аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Түр­кі әлемінің бесігі» атты кі­тап көрмесі жасақталып, он­да түркі әлемінің бірлігін, ортақ мәдени құндылықтарды айғақ­тайтын ғылыми еңбектер, та­рихи-мәдени жаңалықтар жария­ланған басылымдар қойылды.

Ал Н.Бекежанов атындағы драма театрда өткен ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлы­бек Нәлібаев қатысушылар­ды құттықтап, биылғы фестиваль Қызылорда облысының 85 жылдығы мен халықара­лық ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жыл­дығы мерекесімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйы­­мы саммитінде: «Біз түркі әле­мінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қа­рым-қатынасты дамытуға айрық­ша мән береміз. Сондықтан ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз» де­ген болатын. Осы бағытта Сыр топырағында дәстүрлі түрде өтетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалінің рөлі мен маңы­зын зор мақтанышпен айта аламыз. Туысқан халықтар­дың фольклорлық музыкасын дәріптеу, өзара мәдени байланысын нығайту мақсатында өткізілетін фестиваль арқылы қатысушылар бір-бірінің кешеден бүгінге жеткен мәдени қазынасының сырына қанығып, рухани кеңістігін кеңейтеді. Фестиваль өткізілген жылдар ішінде Қорқыт баба мұрала­ры Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы UNESCO-ның ға­ламдық материалдық емес мұра­лар тізіміне енгізілді. Бұл – Қор­қыттан қалған ұлы өнердің, Ұлы дала сазының мәңгілік өмірінің айқын дәлелі, – деді аймақ басшысы.

Жиналған қауымды ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хат­шысы Сұлтан Раев та құт­тықтады. Мерекелік кеште түр­кі­тілдес елдерден келген дәстүрлі өнер өкілдері көрерменді әсем ән, сазды әуенмен сүйсінтті.

Екі күн бойы Сыр аспанында ежелгі ұзандар заманынан бастау алатын сазды қалықтатқан фестиваль қорытындысында қонақтар Қармақшы ауданындағы Қор­қыт ата кешенінде болып, аудандық мәдениет үйінде гала-концерт берді.

 

Қызылорда