Қылмыс • 03 Қазан, 2023

Есірткі саудасы желілік маркетингке ұласып барады

268 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Есірткі саудасы желілік маркетингтің бір түріне айналып келеді. Жеңіл жолмен келетін ақшаға қызыққан жас­өс­пірім­дер көп жағдайда заңсыз есірткі саудасына араласып, тәртіп сақ­шыларының қолына түсіп жататын оқиғалар аз емес.

Есірткі саудасы желілік маркетингке ұласып барады

Өңірде жыл басынан тәркі­лен­ген есірткі заттарының көле­мі былтырға қарағанда 3 есе кө­бейген. Интернетті пайдала­нып, есірткіні заңсыз тарату же­лі­лерін құратын азаматтарды құрықтау бүгінде қиынның қиы­ны. Полицейлердің айтуынша, ұйым­дастырушылары шетелде отыр­ған соң, есірткіні жасырын түрде белгілі бір жерлерге салып кете­тіндердің жетекшілерін табу мүмкін емес. Бұл – «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұты­латын» нақылдың өмірдегі шын­дығы.

Павлодар қалалық полиция басқар­масы Есірткі қылмысына қар­сы іс-қимыл бөлімі бастығы­ның міндетін атқарушы Нұржан Байбөріновтің сөзінше, өткен жылы полицейлер 66 кг есірткі заттарын тәркілесе, биыл алғашқы 9 айда 190 кг есірткі заңсыз айналымнан алынған. «Бұлар – героин, синтетикалық есірткі және кан­набистік топтағы заттар. Жыл басынан бері есірткіні интернет арқылы саудалаған 27 қыл­мыс­­керді ұстадық. Нашақор­лық қазіргі күні қоғамның қасіреті болып тұр. Бұл заңсыз бизнес желілік маркетинг түріне айнала бастаған. Бізге жеткен мәлі­мет­терге сүйенсек, олардың ұйым­дас­тырушылары ТМД немесе Еуропа мемлекеттерінде отыр. Қолға түсіп жатқандар қашықтан берілген пәрменді орындаушылар ғана. Жасырын салып кететіндер негізінен 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар, арасында тіпті кәмелетке толмағандар да кез­десіп жатады. Бұрын ондай­лар­дың көбі әлеуметтік жағдайы төмен, қылмысқа бейім азаматтар болатын. Алайда бүгінде қылмыскерлердің жалпы портреті өзгеріп, араларынан ара-тұра ауқат­ты отбасылардан шыққан жет­кін­шектер де қолға түсіп жатады. Есірткі саудасына қатысы бар қылмыскерлер ең азы үш жыл бас бостандығынан айыруға кесіліп, жалпы режімдегі түзеу мекемелеріне қамалады. Қылмысы тіпті ауыр болса, қалған өмірін түрмеде өткізуге тура келеді. Ин­тер­неттің көлеңкесіне қамалған есірткі бизнесі қоғам үшін өте қа­уіпті құбылысқа айналып, біз айс­бергтің тек ұшын ғана көріп отырмыз. Жұмысымыздың тиім­сіз тұрғыда өрілуіне сауатты IT-мамандардың жоқтығы да әсер етеді», дейді ол.

Қала тұрғындары есірткі салу­­шы­лардың подъездерді жиі жаға­лай­тынына шағым­да­нады. Тасы­мал­­дау­шылар үй тұрғын­да­рынан қорқуды да білмейтін көрінеді. Подъезд ішіндегі қуыс­тарға, пош­та жәшіктері мен коммуни­ка­ция желілерінің тү­йіс­пе қорап­ша­ларына оралған зат­тарды салып, арнайы клиенттерге кіру оңай болуы үшін үй есік­теріндегі домофонға магнит жабыстырып кетеді. Былтыр Пав­лодарда 16 жасар бойжеткен есірткі таратып жүріп қолға түскен. Ата-анасы қызы­­ның сабақтан тыс уақытта немен айналысып жүргенін бақы­лау­сыз қалдырып, опық жеді. Тағы бір жағдайда 18 жастағы боз­баладан бақандай 28 грамм есірт­кі табылды. Полицейлер мұн­­дай көлеммен ұсталған азамат­тар қылмысы үшін темір торға 15 жыл қамалатынын айтады. Негізі Павлодар облысындағы жас­­тардың 70 пайызы қалаларда тұ­ра­ды. «Жастарды саламатты өмір салты мен спортқа тарту үшін мем­­ле­кеттік мекемелерге ауқымды іс-шаралар жүргізу керек», деп са­най­ды денсаулық сақтау сала­сы­ның өкілдері.

Өңірлік наркологиялық дис­пан­сердің медициналық-әлеу­меттік оңалту бөлімшесінің мең­геру­шісі, нарколог Владимир Гари­лев синтетикалық және ди­зай­­нерлік есірткі тұтынушылар қатары жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Мұн­дай азаматтар өздерінің тәуел­діліктері туралы дәрі­гер­лерге іс насырға шапқанша айт­пай­ды екен. Синтетиканы қол­данатын жасөспірімдер аз емес, себебі есірткінің бұл түрі қол­­же­тімді. «Ата-аналар бала­ла­рының көзіне жиі қарап, тәртібін күнделікті бақылауда ұстауы керек», деп есептейді ол. Есірткі қа­былдаған адамның көз қара­шы­ғы жарық түсірсе де әрекет етпейді. Қарашығы өте кішірейіп немесе үлкейіп кетуі мүмкін. Ал нашақорлықтың шырмауына түс­кен­дерді емханадағы психи­ка­лық денсаулық кабинетіне алып келсе болады. «Мұнда психиатр-нарколог дәрігерлер қабылдайды. Сондықтан бастапқы бетте осы орталыққа барған абзал», деген ақылын айтты маман.

«Егер адам ем-домды қажет етсе, ол жерде медициналық тек­серу­ден өтеді де әрі қарай стацио­нарға бағытталады. Стационарлық емдеу ерікті немесе мәжбүрлі болуы мүмкін. Адамдар ерікті түрде келгенде олар емдеудің үш кезе­ңінен өтеді. Алғашқысы – дәрі-дәрмектік коррекция және уыт­сыздандыру. Нашақорлықтың сома­тикалық салдары барын ескере отырып, бұл кезеңде ем­де­лушіні арнайы дәрігерлер тек­середі. Соған орай ем тағайын­да­лады әрі науқас адаммен психологтер жұмыс істейді. Екі-үш аптадан соң ол екінші кезеңге – психологиялық терапияға және оңалтуға жіберіледі. Оның бұл жердегі мақсаты – бойындағы био­ло­гиялық және әлеуметтік бейім­делу машықтарын қалпына келтіру. Бұл кезең ұзаққа, екі-үш айға созылуы ғажап емес. Облыс орта­лы­ғында республикалық ғылыми-практикалық орталықтың бөлімшесі – әлеуметтік оңалту бөлім­шесі жұмыс істеп тұр. Екі кезең­нен қалыпты өткен емделу­шілер аталған бөлімшеге орналасып, игерген машықтарын әрі қарай орнықтырады. Яғни ол жерде тұрмыстық шаруашылықпен айналысып, үй жағдайындағыдай тұрады. Бұл – соңғы кезең. Осы­лай­ша, біз бұрынғы нашақорды қа­лыпты өмірге бейімдейміз», дейді дәрігер.

Нашақорлықтан айықтырудың жалпы курсы 12 айға дейін созылады екен. Стационардан соң емделуші өзінің емханасында қара­лып, әрі қарай емін жалғастыра береді. Дәрігерлер психоактивті заттарды қабылдаудың әсері физи­ка­лық қана емес, психикалық ден­сау­лық үшін де өте қауіпті екенін ескертеді.

 

Павлодар облысы