Алғашқы тексеріс жұмыстары «3-Энергоорталық» АҚ-дан басталды. Содан соң № 3 аудандық қазандық пен мегаполистің әкімшілік-іскерлік орталығындағы 160 Гкал құрайтын қазандығында жалғасты.
Комиссия «3-Энергоорталық» АҚ-ның қысқы маусымға дайын екеніне көз жеткізді. Қуаттылығы 60 Гкал құрайтын №3 аудандық қазандық та жылыту маусымына әзір. Қазандық 219 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Әкімшілік іскерлік орталығындағы 160 Гкал қазандығынан 123 көпқабатты тұрғын үй жылу алады. Ол да қыста жылу беруге дайын.
Мегаполисте 2 076 көпқабатты тұрғын үй бар. 464 бюджеттік мекеме жұмыс істейді. Осылардың барлығы жылыту маусымына дайындықтарын аяқтады. Дей тұрғанмен қала басшысы жауапты сала өкілдеріне қыстыгүні жылудан мәселе туындамау керектігін ескертті.
Өткен қыста қатты аяз болып, Шымкентте біраз үйдің жертөледегі құбырлары қатып қалған. «Су арнасы-Маркетинг» ЖШС жұмысшылары күндіз-түні үйлерді аралап, қатып қалған құбырларды ерітіп әуреге түсті. Негізінен бұл жұмыс олардың міндетіне кірмесе де, тұрғындарды ойлап әрекет етті. Биыл да осындай жағдай қайталанбас үшін мекеме басшысы Анарбек Орман жиын өткізіп, әкімдіктің көмегімен үйлердің жертөлелерін қымтау керектігін айтқан. Өйткені былтыр қыста жертөле, дәліздердің терезелері жоқ үйлерде құбырлар қатты аязда мұз боп қатты. Қысқа дайындық жұмыстарында осы мәселе ескерілмесе, былтырғыдай жағдай тағы қайталануы мүмкін. Оның үстіне синоптиктер өткен жылғы аяздар алдағы қыста тағы болуы мүмкін деген болжамдар айтып жатыр. Жасыратыны жоқ, былтырғы жылыту маусымында жылуға байланысты шағымдар болды. Кейбір үйлерге ол дұрыс бармады. Бірақ бұған жылу беруші мекемеден гөрі, сол тұрғын үйлердің тұрғындары бірінші кезекте жауапты. Себебі салқын түспей тұрып олар көпқабатты үйде сығымдау жұмыстарын жүргізуге тиіс. Құбырлар ескірсе, жаңартулары керек. Әрине, оған әжептәуір қаражат кетеді. Бірақ жаңғырту бағдарламасы және бір есепшотқа құрылған тұрғын үйлердің жаңа бірлестігі арқылы бұл мәселені шешуге болады. Сонымен көпқабатты үйлердің жертөлесіндегі терезелер әйнекпен қапталып, қымталды ма, сығымдау жұмыстары бәрінде бірдей жүргізілді ме, оны алдағы қыс көрсетеді. Қаланы жылумен қамтамасыз етуші мекеме «Қуатжылуорталық» ЖШС магистралды құбырмен үйлердің ішкі құбырларымен түйіскен тұсына дейін жылу әкеледі. Әрі қарай жылудың пәтерлерге баруы ішкі құбырлардың жағдайына байланысты. Сондықтан сығымдау жұмыстары қысқы жылыту маусымында маңызды рөл ойнайды. Бүгінгі таңда «Қуатжылуорталық» «Тарифтерді инвестицияға айырбаста» тарифтік саясаты бойынша магистралды құбырларды ауыстырып жатыр. Осы күнге дейін Түркістан, А.Байтұрсынов, А.Асқаров көшелерінде үлкен диаметрлі жылу құбырлары жаңаланды. Олардың әрқайсысының ұзындығы 500 метрден асады. Ендігі жерде Орынбаев көшесі мен Нұрсәт тұрғын алабындағы жылу құбырларының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол 15 қазанға дейін аяқталатын болады.
Энергетика вице-министрі мен қала әкімі тексеріс жұмыстарымен «Бозарық» қосалқы стансасында болды. Шаһардың солтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін станса 2021 жылы іске қосылған. Қуаттылығы 160 МВт құрайды. Бүгінде қосалқы станса жүктемесі 47 МВт-қа жеткен. Аталған нысан «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруында. Осыдан бірер ай бұрын жұмыс істеп тұрған 2 автотрансформатордың біреуінде ақау пайда болып, істен шыққан болатын. Автотрансформатор серіктестік көмегімен қайта қалпына келтіріліп, жуырда іске қосылды. Сондай-ақ вице-министр іссапар барысында мегаполистің 2035 жылға дейінгі электр жүйесін дамытудың кешенді жоспарымен танысты.
Газ мәселесіне келсек, 2022 жылы қаладағы 81 елді мекеннің 50-і «көгілдір отынмен» қамтылды. 27 елді мекенге газ жартылай кірген. 4 елді мекенге «көгілдір отын» енді барады. Олар – Қайнарбұлақ, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Сәуле 276 орам, Айкөл елді мекендері. Осы тұрғын алаптарынан 15 379 абонент бар.
Ал биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Тұран (3-кезек), Бозарық пен Асар-2 шағын аудандарында табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталып, табиғи газға қосылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін Тассай, Сауле, Солтүстік саяжай шағын аудандарына газ құбырын тарту аяқталады. Алдын ала бекітілген жоспар солай.
Соның нәтижесінде мегаполисте табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 94%-дан 96%-ға өспек. Сонымен қатар Ынтымақ-2 шағын ауданын табиғи газбен қамту мақсатында мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстарына кірісіп жатыр. Елді мекенге газ келесі жылы баратын болады. Сондай-ақ қаражат мәселесі толық қаралған жағдайда Қайнарбұлақ елді мекенін газбен қамтамасыз етудің І, ІІ кезеңінің құрылысы 2024 жылы бітеді деген жоспар бар.
Жалпы, қаланы қысқы жылыту маусымына дайындау мәселесінде шаһарды табиғи газбен қамту жұмыстарының маңызы ерекше. Өйткені кезінде мегаполиске көршілес аудандардан бірталай елді мекен қосылған. Олардың инженерлік инфрақұрылымын шешу қала әкімдігінің күн тәртібіндегі мәселесіне айналды. Қалада жеке сектордағы үйлер көп. Орталықтандырылған жылу жүйесімен олардың барлығын қамту әзірге мүмкін болмай тұр. Халық қыстыгүні газ пештері арқылы үйлерін жылытады. Сондықтан да тұрғындарға жайлы жағдай қалыптастыру үшін қаланы түгел газдандыру мәселесі өте өзекті болып тұр. Елді мекендерге газдың баруы бір істің біткені болса, абоненттеу жұмыстары да өзінше бір әрекетті талап етеді. Осы ретте тұрғындар көшеден үйлерге қосылатын газдандыру жұмыстарының барлық құжаттық рәсімі жеңіл түрде болғанын қалайды.
ШЫМКЕНТ