Пікір • 03 Қазан, 2023

Ізгілік ойы бір арнаға тоғыссын

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Діни сенімдер адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Адамның қоғамдағы, бүкіл ғарыштағы рөлін түсіндіреді, кемелдікке ұмтылуға шақырады. Қиын кезеңде діни ілім қажетті эмоционалдық және психологиялық қолдау көрсетеді.

Ізгілік ойы бір арнаға тоғыссын

Адамзат тарихы діни қай­шылықтар салдарынан көптеген қақ­тығыстың, соның ішінде соғыстардың куәгері болды. Шындығында, «дін» және «жанжал» сөздері бір-бірімен үйлес­­пейді. Әр дін ынтымақ, бірлік, бауыр­малдық құндылықтарын үйретсе, онда дау-дамайға орын жоқ. Дін өзектілігін жоғалтпаса, онда түрлі нанымдағы адамдар бір-бірінен алшақтаудың орнына, ортақ ізгілік құн­дылығына сүйеніп, өзара араласатын көпшіл қоғам құруға үлес қосуы керек.

Конфессияаралық және өркениет­аралық диалогті дамыту орталығы адамдарды жақындастыру жолында елеулі жұмыс атқарып келеді. 2022 жыл­дың қыркүйегінде Қазақстанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ съезі кон­фессияаралық үндестік, жаһандық ауқым­дағы ынтымақтастықты да­мытудағы маңызды кезең болды. Бұл мәртебелі іс-шара қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешу, татулықта өмір сүрудің тәсілін зерттеуге рухани көшбасшыларды, ықпалды саяси қайраткерлерді және халықаралық ұйымдардың өкілдерін жұмылдырады.

Индуизм өкілі ретінде Хатшылық пен Жұмыс тобының мүшесі болып Кон­греске қатысу жеке тұлға ретінде тә­жірибемді кеңейтті. Менің ұйымым – Сомайя Видявихар университеті (Мумбай, Үндіс­тан) Қазақстанның конфессияаралық диалог орталы­ғының күш-жігерін үнемі қолдап келеді. Сомайя Ви­дявихардың бұ­рынғы вице-президенті, доктор Шант­илал Сомайя 2003, 2006, 2009 жылдары Қазақстан мемлекеті ұйым­дас­тырған Әлемдік және дәстүрлі дін­дер­дің халықаралық съезіне үнді деле­­гациясының жетекшісі ретінде шақырылды.

Қазіргі уақытта Сомайя Видявихар университетінің канцлері Самир Сомайя – Конгрестегі индуизм деле­гациясының жетекшісі. Жақында, 2023 жылдың 7 тамызында Сомайя Видявихар университеті Мумбайда Қазақстан тарапымен бірлесіп, же­тінші Конгресс Декларациясын тал­қылау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Конференцияға орта­лықтың төрағасы Болат Сәрсенбаев қатысты. Сондай-ақ көптеген көрнекті ғалым мен дін көшбасшысының қаты­суымен ұйымдастырылған бұл дөңгелек үстел өте сәтті өтті.

 

Рудракша САКРИКАР,

Сомая Видявихар университетінің конфессияаралық қатынастар және өзара түсіністік бағдарламасының хатшысы