Сайлау • 04 Қазан, 2023

Әкімдерді сайлау тәжірибесі

191 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Нұр­лан Әбдіров инспекциялық сапармен Қарағанды облысында болды. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің қанатқақты сайлауын да­йындау және өткізу аясында ұйымдастырылған сапарға комиссия аппа­ра­тының жауапты қызмет­керлері де қатысты.

Әкімдерді сайлау тәжірибесі

Сапар барысында Н.Әбдіров студенттермен, ауыл жастарымен кездесіп, семинар-кеңестер ұйымдастырды. Сондай-ақ ОСК басшысы ауыл тұрғындары және сайланған әкімдермен жүзде­сіп, сайлау комиссияларының мү­шелері үшін каскадты әдіс бойын­ша оқыту шараларына қа­тысты.

Сапардың алғашқы күні ко­миссия төрағасы аймақтың жетекші экономикалық жоғары оқу орны – Қазтұтынуодағы Қа­рағанды университетінің сту­денттерімен кездесті. Жастар­мен кездесуде Орталық сайлау комиссиясының басшысы жалпыхалықтық референдум барысында іске асырылған конституциялық реформаның мәніне жан-жақты тоқталып, 28 қыркүйекте ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің арнайы отырысында талқыланған сайлау органдарының құрылымы, сайлау үдерісінің ерекшеліктері, жергілікті және халықаралық байқау институты және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлауды бай­қау жөніндегі ұсынымдары бойын­ша пікірталастардың қоры­тын­дыларын баяндады. Атап айтқанда, ол халықаралық бай­қау­шылардың есептеріндегі тезис­тердің бірі бәсекелестік сая­си ортаның жоқтығы туралы мә­лімдемеге қатысты екенін атап өтті.

«Жақында аралас сайлау жүйесіне көшу плюрализмді қолдауға бағытталды. Соның нәтижесінде 2022-2023 жыл­дар­дағы президенттік және парламенттік сайлауда үміт­керлер арасындағы бәсекелестік ел тарихында ең жоғарғы болып саналады», деді ол.

Бұдан басқа, Сарапшылық кеңестің отырысында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының қазақ тілін білу және лингвистикалық емтихан тапсыру бөлігінде Президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарды жою туралы, соттылығы бар азамат­тардың сайланбалы лауазым­дарға ұсыну құқығы туралы ұсыныстары пікірталас тудырды. Сондай-ақ дауыс берудің заманауи, баламалы түрлерін дамыту мәселесі қозғалды.

Осы және басқа да мәселе­лер­дің барлығы дәстүрлі онлайн сауалдамада қамтылды. Сауалдамаға 327 студент қызы­ғушылықпен қатысты. Нәти­жесінде, респонденттердің шамамен 38%-ы қашықтан электронды дауыс беруді енгізуді қолдаса, 25,4%-ы аралас электронды дауыс беруді қолдады (стационарлық, қашықтықтан); респонденттердің 70,3%-ы ел Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді білуі керек және лингвистикалық емти­хан міндетті деп санайды; сауал­дамаға қатысқандардың 54,1%-ы соттылығы бар азамат Президенттің, де­путаттың, әкімнің сайланбалы лауазым­дарына ұсыныла алмайды деп жауап берді. 42,2% респон­денттердің пікірінше, пар­тиялық тізім бойынша сай­лан­ған депутат Парламент Мә­жілісі мен мәслихатына өткен­нен кейін өзінің партияға мү­шелігін өзгерте алмайды. Кез­десуді қорытындылай келе ОСК төрағасы жастарды сайлау науқандары кезінде өз конс­титуциялық құқығын белсенді пайдалануға шақырды.

Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров тікелей сайлауда сайланған 25 ауыл әкімімен кездесті. Кез­десу барысында олар сайлау науқандары туралы өз әсер­лерімен бөлісіп қана қоймай, жұмыс­тары, қызметте туындай­тын мәселелер, халықпен қа­рым-қатынас, мемлекеттік қыз­метшілердің мәртебесі жайында ой-пікірлерін ортаға сал­­ды. «Ауыл әкімдері – 24/7 ха­лық­­пен етене жұмыс істейтін бірегей тұлға және оларды барын­ша қолдау қажет», деп атап өтті Бұқар жырау ауданы Қызыл­қайың ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрғалиев.

Сайланған ауыл әкімдерімен әңгімелесу барысында Нұрлан Әбдіров 42 аудан және 3 облыс­тық маңызы бар қала әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауын өт­кізудің маңыздылығына назар аударды. «Бұл ретте елімізде ауыл деңгейіндегі әкімдерді сайлауды өткізу бойынша жи­нақталған тәжірибе де маңыз­ды рөл атқа­рады», деді ОСК төрағасы.

Өңірге сапары кезінде ОСК төрағасы Ақтоғай ауданындағы №448 сайлау учаскесіне барып, инфрақұрылымын және материалдық-техникалық жаб­дықталуымен танысты. Ақтоғай – облыстық мәслихаттың ше­шімімен қанатқақты аймақтар қатарына кірген ауданның бірі. 5 қарашада мұнда әкімді алғаш рет аудан тұрғындарының өздері сайламақшы. Кейіннен сайлау комиссиялары, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қаты­суымен семинар-кеңесі ұйым­дастырылды.

«Аудан әкімдерін тікелей сайлау – мүлдем өзгеше сайлау», деді Нұрлан Әбдіров. Уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақ­тық сайлау комиссиясының бас­шылары ауданда сайлаушылар тізімі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сайлау өт­кізуді ұйымдастырушылық, мате­риалдық-техникалық қамта­ма­сыз ету, мүгедектігі бар 619 азамат үшін 38 сайлау учаске­сінің қолжетімділігіне қажетті жағдай жасау және басқа да маңызды мәселелер туралы баян­дады.

ОСК басшысы жергілікті атқарушы органдардың назарын сайлау учаскелерін электр қуаты, жылу энергиясы, интернетпен үздіксіз қамтамасыз етуге аударды. Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлерін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлар органдарына өрт қауіпсіздігін қа­таң сақтауға, дауыс беру күні ауа райы нашарлаған жағдайда қажет­ті шараларды қабылдауға дайын болуды ескертті.

Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының басшысы Ақтоғай ауданының жастарымен кездесу өткізіп, кез келген сайлау науқанын, соның ішінде аудан әкімдерін сайлауды өткізу кезінде сайлау заңнамасын мүлтіксіз орындау және сақтау ОСК қызметіндегі басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Кездесуде жастар білімі жоғары, жұмыс тәжірибесі мол, халықпен тіл табыса алатын, сөзге шешен азаматтарды ел басқаруға тарту қажеттігін ашық айтты. Олар адалдық, әділдік, еңбекқорлық секілді қасиеттер әкімдер үшін қажетті талап бо­луы керек екенін де қызу тал­қыға салды. Мысалы, жас кәсіп­кер Индира Берікқызының пікі­рінше, әкім тұрғындарды бизнес­пен айналысуға ынталандырып, оларға өз ісін дамытуға демеушілік және өзге де көмек көрсете білуге тиіс.

Кәсіпкерлік бөлімінің маманы Данияр Қаура аудан және ауыл әкімдеріне қойылатын талаптарды бөлек қарауды және сайланған әкімдердің өз функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызметке жастарды көбірек тартуды ұсынды. Осы тақырыпты дамыта отырып, жас мемлекеттік қызметші Алмас Қайрат жастарды мемлекеттік қызметке тарту және оларды кәсіби қолдау үшін ұйым құру қажет деген пікірін білдірді.

Ауданға сапар барысында Нұрлан Әбдіров сайлау ко­миссияларының мүшелерін каскадтық әдіс бойынша оқытуға қатысты. Іс-шара кезінде ол Орталық сайлау комиссиясының аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастырған жергілікті жерлерде өткізілетін оқыту се­ми­нарларына әдістемелік көмек көрсетудің және сапаны бақы­лаудың маңыздылығын атап өтті.

Содан кейін Орталық сайлау комиссиясы басшысы Шабанбай би және Қызыларай ауылдық округтерінің тұрғындарымен және сайланған әкімдерімен кез­десті. Ауыл тұрғындары өз әкім­дерінің қызметіне оң баға берді. Шабанбай би ауы­лының тұрғыны Шырай Жай­лаубекова ауылдағы оң өз­герістерге ал­леяның ашылуы, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Ә.Бөкейханға бюст орнату, ауыл­ды абаттандыру секілді игі істерге тоқталды. Сондай-ақ тұр­ғындар кездесуде кандидат­тарға қойылатын талаптарды кеңінен талқылады.

Қазан айының алғашқы күні ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері 5 қара­шада әкім сайлауы өтетін Прио­зерск қаласына барды. Олар №802 сайлау учаскесінің жұ­мы­сымен танысып, сайлау комис­сияларының мүшелерімен оқыту семинарын өткізді. Ал Нұрлан Әбдіров Оса­каров ауданында Пионер және Есіл ауылдық округтерінде болып, сайланған әкімдермен және тұрғындармен кездесті.

Кездесу барысында ол ауыл­дық деңгейдегі әкімдерді сайлау мәселелеріне жан-жақты тоқ­талды. ОСК басшысының сұра­ғына жауап бере отырып, тұрғындар ауыл әкімінің әлеу­меттік-психологиялық портретін жасады. Олардың пікірінше, әкім тиісті жоғары білімді, жауап­ты, сол ауылдың тумасы және ауыл мен аймақтың мәселелерін іштен білетін адам болуы керек. Өз кезегінде Пио­нер ауыл­дық округінің әкімі, бұ­рын осы ауылда шамамен 30 жыл тұ­рып, 10 жылға жуық ауыл мен аудан әкімдігінде жұмыс істеген Оралбек Аманжол жас­тарды ауылда тұрақтандыру мәселесін көтерді. Екі ауылдың тұрғындары өздері сайлаған әкімдердің қызметіне оң баға беріп, ауыл әкімдерінің сайла­уын енгізуді дұрыс саяси шешім деп санайтындықтарын айтты.

Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясының басшысы жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, ішкі істер органдарының басшыларының, Осакаров ауданының сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізді. Кеңесте аудан әкімінің алдағы сайлауына дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстары туралы есебі тыңдалды.

Кеңес барысында Нұрлан Әбдіров әкімдікке және аумақ­тық сайлау комиссияларына сайлау науқанын толық ақпа­рат­тық сүйемелдеуді қамта­масыз етуді тапсырды. Сон­дай-ақ ол кандидаттарға үгіт-н­а­си­хат жұмысы, оның ішін­де кандидаттардың үгіттік бас­па материалдарын орналасты­ру үшін қажетті орындар санын беру арқылы тең мүмкін­діктерді қамтамасыз етудің маңыз­дылығын атап өтті.

ОСК төрағасының аймаққа сапары Осакаров ауданының сайлау комиссияларының 226 мүшесін каскадты әдіс бойын­ша оқытуға қатысумен қорытын­дыланды.