Сараптама • 04 Қазан, 2023

Әлем тамақтан тарықпау жолында

227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексі «The Economist» журналының талдау орталығы «Economist Impact» құрастырған зерттеу жұмысы. «Economist Impact» – 75 жылда 205 мемлекетте ғылыми зерттеу жүргізу тәжірибесі бар орталықтардың бірі.

Әлем тамақтан тарықпау жолында

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жаһандық азық-түлік қауіп­сіздігі индексі 2019 жылы ең жо­ғары көрсеткішке жетсе де, бүгінгі таңда бұл динамика төмендей бас­тады. Оған 2020 жылдан бері әлемде болған әлеуметтік-саяси дағдарыстар, шикізат бағасының өсімі, экономикалық теңсіздіктің күшеюі және өзге де факторлар түрткі болған.

Есепте 4 индикатор арқы­лы өлшем жүргізіледі. Атап айт­қанда, азық-түліктің қолже­тім­­ділігі 2019-2022 жылдары 71,9-дан 69 ұпайға дейін төмен­деген. Оған пандемия, геосая­си ахуалдың күр­делілігі, дағ­­д­арыс әсерінен көте­рілген бағамен қа­тар, сауда ер­кіндігінің шектелуі және әлеу­меттік қорғау жүйесіне қаржы­ның бөлінбеуі себеп.

2022 жылғы индексте алғаш­қы он елдің ішіндегі сегізі Еуро­па мемлекеті. Ал үздік үштік­тен орын алған мемлекеттер қата­рында Финляндия (100-ден 83,7 ұпай), Ирландия (81,7 ұпай) және Норвегия (80,5 ұпай) тұр. Үздік ондықтың соңында Жапония (79,5 ұпай) мен Канада (79,1 ұпай) орналасқан. Рейтингтің ең соңғы орындарын жылдағыдай Таяу Шығыс пен Африка елдері алған. Соңғы үштікте Сирия (36,3 ұпай), Гаити (38,5 ұпай) және Йемен (40,1 ұпай) елдері тұр.

Индексте Қазақстан 72,1 ұпаймен 113 мемлекеттің ішінде 32-орын алған. Азық-түлік қауіп­сіздігі бойынша көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 9,4 ұпай­ға көбейген. Жаһандық орташа көрсеткіш 62,2 ұпайға тең. Аймақтар бойынша Солтүстік АҚШ (78,6 ұпай) пен Еуропа (74,8 ұпай) жоғары көрсеткішке ие. Ал Суб-Сахаралық Африка (47,0 ұпай) ең төменгі орынға жайғасқан.

Зерттеу жұмысында азық-түлік қауіпсіздігін қайта қалпына келтіру бойынша ұсыныстар берілген. Бұл бағыттағы басты жұмыс Үкімет, халықаралық ұйым­­дар және ҮЕҰ-дар тара­пы­нан бірлесе жүруге тиіс деген қорытынды жасалған. Олар қысқамерзімді шығындардың орнын толтыру үшін гуманитар­лық, экономикалық, сауда және әлеуметтік қорғау инструмент­терін қолдана алады. Дегенмен өзге де ынталы тараптар, оның ішінде фермерлер мен жергі­лікті қауымдар Үкімет пен ҮЕҰ-лар­мен бірігіп, адаптация сая­саты, инновация және қаржыландыру бойынша қазірдің өзінде жетіс­тікке жетіп келеді деген зерттеу тұжырымдары жасалған.

Мемлекеттердегі басты мәсе­ле­нің бірі – азық болатын өнім жасауда маңызы бар құнарлы топырақты сақтап қалу. Бұл әсіресе климаттың жылынуы жағдайында өте маңызды. Ин­декс әлемде температура жы­луының артуына байланысты суға қолжетімділікке қатысты қауіп барын көрсетеді.

Қазіргі негізгі мәселелер – та­биғи ресурстарды тиімді қол­дану, су мен құнарлы топырақ­қа қолжетімділікті арттыру және табылған шешімдерді фер­­мер­лердің қажетіне қарай жылдам тарату. Есепте түрлі дағ­­дарыстарға қарамастан азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін барлық ынталы тараптар бірле­се жұмыс істеуі керек деген ұсы­ныс­тар қамтылған.

Аталған есеп әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің динамикасын, өзгеріс үрдісін көрсететін құнды ғылыми деректер базасы ретінде ғалымдар, зерттеушілер мен жалпы қызы­ғушы қауымға көмекші құрал бола алады.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық

даму институтының

сарапшысы