2011 жылдан нарықта келе жатқан «KazPlast» ЖШС – еліміздегі полипропиленнен гофрленген құбыр мен полиэтиленнен ыдыс шығаратын қарағандылық кәсіпорын. Екі жылдан кейін шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының қатысуымен Қарағандыда еркін ағыс үшін дәнекерленген полипропиленнен жасалған екі қабатты «OPTIMA» гофрленген құбырлар шығаратын зауыт іске қосылды. Мұнда кәріз, жауын және дренаж жүйелері, сондай-ақ ауаны желдетуге арналған құбырлар өндіріледі.
– Зауыт 2011 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Екі жылдан кейін полипропилен құбырларын шығару желісі іске қосылды. Биыл тағы да бір желі сатып алдық. Кеңейіп жатырмыз. Бұрын құбырымыз 125-тен 500 диаметрде болса, енді 125-тен бастап, 1 200 диаметрге дейін. Соның арқасында еліміздегі ішкі сұранысты 100 пайыз игереміз деп отырмыз. Құбыр бұрын қолданыста болмаған шикізаттан ғана жасалады. Шикізат Корея мен Біріккен Араб Әмірлігінен алынады. Өйткені осы екі мемлекетте әлем бойынша сапалы шикізат шығаратын екі ірі зауыт орналасқан. Мысалы, Ресей немесе Орталық Азия мемлекеттерінде осыған ұқсас шикізаттар өндіреді, бірақ сапалары біршама төмен, – дейді «KazPlast» ЖШС директоры Александар Иванов.
Зауыт тек қана құбыр шығарып, шектелмейді. 200 литрден бастап, 4 500 текше сыйымдылыққа дейін полиэтиленнен жасалған ыдыс шығарады. Бұл ыдыста сүт өнімдерін тасымалдайды. Мысалы, «KazPlast», «Eurasian Foods» компаниясымен тығыз байланыста. Таза суды да сақтауға болады. Алыс ауыл, ауданға немесе құрылыс алаңдарына да жеткізе аласыз. Сонымен бірге мұнай өнімдеріне де пайдаланады. Мұнымен қоса, зауыт шығаратын балалар ойын алаңына арналған кешендерге де сұраныс артқан. Соңғы үш жылдың өзінде тек қана облыс бойынша 350 ойын кешені жасалған. Ойын алаңына арналған кешендер облыста ғана емес, басқа аймақтарға да тарауда. Оңтүстік облыстар көп алады, тапсырыс берушілер санаты Астанада да баршылық, кейінгі уақытта батыстан да сатып алушылар шыға бастаған. Бұл – сапалы дүниеге сұраныс бар деген сөз.
«Зауыт толық автоматтандырылғандықтан өнімдеріміз 100 пайыз сапалы. Өйткені бүкіл бағдарламаны компьютер өзі жасап шығарады. Бұл – өнімге 50 жылға дейін кепілдік», дегенді айтты зауыт басшысы.
Айта кетелік, осы компаниямен қатар заманауи технологияларды әлемде Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Италияда ғана қолданады.
Өнімдері экспортқа да шығады. Зауыт өнімдерінің 90 пайызы Қазақстанның түпкір-түпкіріне жөнелтіледі, қалғаны Ресей мен Орталық Азия елдеріне жеткізіледі. Атап өтсек, «BI Group», «BAZIS-A», «Символ» сынды ірі құрылыс компаниялары, су каналдары «Қарағанды Су», «Астана Су» «KazPlast» өнімдерін пайдалануда. Александар Сергеевичтің айтуынша, сұраныс артқан сайын жылдан-жылға өнім көлемін де ұлғайтып келеді.
– Жыл сайын шыққан өнімді 20 пайызға көбейтеміз. 2021 жылы біз 1 500-1 700 тонна өнім өндірсек, 2022 жылы бұл сан 2 000 тоннаға жетті, осы жылы 2 500 тонна өнімді жоспарлап отырмыз, – дейді зауыт басшысы. 5 гектар жері бар «Сарыарқа» экономикалық аймағындағы жаңа желіні іске қосқанда бұйым түрімен қатар өнімімізді де арттыра түспекпіз. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында 2021 жылы жаңа зауыт құрылысын бастадық, биыл аяқтадық. Алдағы уақытта Заводская көшесінен толығымен сол жаққа көшеміз деген ойымыз бар. Жақында экономикалық аймақ жақтан тағы да жер учаскесін алдық. Жалпы – 5 гектар жеріміз бар. Бұл – өндірісті ұлғайту үшін зор мүмкіндік. Сол жерде жоғары құбыр зауытын салуды да жобалап қойдық. Аумақ жеткілікті болғандықтан басқа да өндіріске қажетті бұйым санын көбейтуді жалғастырамыз.
Қарағанды облысы