Спорт • 04 Қазан, 2023

Кеңес Рақышев: Бокстың соры – төрешілер

1002 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында   өтіп жатқан  ХІХ жазғы Азия ойындарында боксшылар жартылай финалдық айқасын  аяқтады. Өкінішке қарай, олимпиадалық 7 салмақта сынға түскен саңлақтардың арасынан тек Қамшыбек Қоңқабаев қана финалға жетті. Оның еншісінде келесі жылы өтетін Париж жазғы Олимпиадасының  жолдамасы бар.

Кеңес Рақышев: Бокстың соры – төрешілер

Фото: boxingkazakhstan

Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарындағы бассыздық бокстан басталды. Әсіресе төрешілердің жартылай финалдық жекпе-жекте Асланбек Шымбергеновті жапон боксшысы Севон Оказаваға жығып бергені дау тудырды. Қазылардың белден басқан бассыздығына қатысты Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев мәлімдеме жасады.

«Бокстан әлем чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновтың жапон боксшысына қарсы жартылай финалдық айқаста төрешілердің  әділетсіз шешім шығарғаны жанымызға батты. Асланбек үш раунд бойы андағайлап  шабуылдады, барын салып  төпеледі.  Соққылары да дәл тиіп жатты, қай қырынан алғанда да қарсыласынан басым түсіп еді. Бірақ төрешілер шешімімен рингтегі рефери Оказаваның қолын көтерді.  Бұған дейін де басынан дау арылмаған бокстың айналасындағы шуға қатысты, төрешілердің  тізеге басуына байланысты Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA)  Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК)  аз шағымданбап еді. Жазғы Азия ойындарында ХОК-тің өзі сорақы әрекетке барды. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының  жартылай финалында төрешілер тым шектен шығып, санаға сыймайтын шешім қабылдады. Мұндай бассыздыққа байланысты Қазақстан бокс федерациясы ХОК-тің төрешілеріне қарсылығын ресми жолдайды. Жеребені де өздеріне оңтайлы етіп бұрмалады, кіл мықтыларды бір топқа тастап, өздерінің жақтасқан боксшыларының жолына «қызыл кілем» төсегендей  болысты. ХОК өткізетін мұндай сайыстарда төрешілердің шешіміне ешқандай шағым қабылданбайды. Қазақстан қай кезде де бокстың державасы саналған ел. Біз мұндай бассыздыққа келісе алмаймыз. Біздің капитанды осылай  аяқтан шалса да сындыра алмайды. Ол бұдан да маңызды додаларда көк туымызды желбірететініне сенемін», деді Кеңес Рақышев.

Бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергеновтің жартылай финалда сүрінген айқасына қатысты бас бапкер Мырзағали Айтжанов та пікір білдірді. «Асланбек барын салды, төрешілер жеңісті бермеді. Қарсыласы да оңай боксшы емес, әлем чемпионы», деді М.Айтжанов.  

Бокс спортының басында бұл күнде алағай да бұлағай заман орнап тұр. Төрешілердің бұра тартуы, жекпе-жектердің сатылуы, саясаттың салқыны да аз тиіп жатқан жоқ. Тіпті бір кезде ғасырлық тарихы бар боксты  жазғы Олимпиада ойындарының санатынан сызып тастау керек деген мәселе де дүркін-дүркін көтерілді.  Бас бапкер Айтжанов Мырзағали мырза Қытайға аттанарда «бізге жүктелген міндет – төрт жолдама иелену», деп еді. Үміт ақталмады, мақсат орындалмады.

Соңғы жаңалықтар

Судан да сақтану керек

Қоғам • Бүгін, 22:35

Керек дерек

Digital • Бүгін, 09:50

Отандық жаңа зауыт іске қосылды

Экономика • Бүгін, 09:50

«Мен – Отан қорғаушымын!»

Байқау • Бүгін, 09:40