Ақбет шыңының аңызына құлақ түрсек, ертеде бұл өлкеде Ақбет қыз ғұмыр кешіпті. Әкесі Бүркітбай Ақбет сұлуды қаусаған шалға ұзатпақ болған екен. Ғашығымен қол ұстасып қашуға ниеттенген Ақбеттің жолы кесіліп, жігіт өлтіріледі де, қыз үйге қамалады. Қайғы жұтқан ару ғашығымен бірге таңды қарсы алатын шыңға шығып, төңірегіне соңғы рет көз салып, құздан құлап мерт болыпты. Қойнына осындай махаббат баянын бүккен Ақбет шыңы тау ғана емес, сезімнің де рәмізі десек болады.
Шымылдығы Фариза ақынның «Өлең, мен сені аялап өтем» жырымен түрілген кеш тізгінін өңірге белгілі жас ақындар, көрермен көзайымына айналған Еламан Қабдыләшім мен Айбек Оралхан ұстады. Поэзия кешінде «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты әрі танымал тележурналист Танакөз Толқынқызы, «Ақпарат саласының үздігі», ақтаулық Анар Шамшадинова, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы Сағыныш Намазшамова, Астана қаласынан жас ақын Айзада Рахымжанова, ақын әрі танымал тележурналист Толқын Қабылша, екібастұздық қаламгер, ақын Жанаргүл Қадырова, Халықаралық Түркі әлемі жас Жазушылар одағының мүшесі Гүлназ Файзулла қатысып, жырсүйер қауымды лирикаға толы өлеңдерімен сусындатты.
Біз таныстырған ақын қыздардың Баян еліне бөтені жоқ: Танакөз, Сағыныш, Анар, осы елдің тумасы Жанаргүл жас ақын-жазушылардың «Баянауыл – 2007» форумына қатысып, баянауылдықтарды жырға бөлегені есімізде. Ал Айзада Мұса Шормановтың 200 жылдық тойы аясында ұйымдастырылған мүшайрада «Кемеңгер» өлеңімен бас жүлдені жеңіп алған. Анар Жасыбайға арнап жыр жазса, Толқын биыл киелі топырақта Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы туралы деректі фильмдер түсірген. Гүлназ қазақ ақындарының жырларын түрік, әзербайжан тілдеріне аударып, түркітілдес елдер арасында рухани көпір болып жүр.
Жеті аққуға ұқсаған жеті ақынға аппақ гүл шоқтары тарту етіліп, баянауылдық және екібастұздық өнер иелері қаламгерлердің құрметіне әннен шашу шашты. Жыр мерекесінде кеш қонақтарымен бірге баянауылдық өнерпаздар да өлең оқыды. Танакөз Толқынқызының «Осылай да адам сағынады екен...», Жанаргүл Қадырованың «Жетінші қабат», Айзада Рахымжанованың «Біз екеуміз бірге болсақ...», Толқын Қабылшаның «Адалдық» өлеңін оқыған өрендердің өнерін жұрт сүйсіне тамашалап, қошемет көрсетті.
Павлодар облысының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері, ел ағасы Қорабай Шәкіров сөз алып, руханият саласындағы өзін толғандырып жүрген жайттарды ақындарға аманат ретінде жеткізді. Батагөй қария Әбдіқомар Салықұлы ақындарға ақ батасын берсе, жергілікті ақындар – Таңат Ахатов пен Жеңісбек Пәзіл жыр оқыды. Ал «Мәдениет саласының үздігі» Жамбы Мәшім сіңлілеріне ақ жол тіледі. Ақындарға облыс атынан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 10-томдық жинағы сыйға тартылды.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы