Егемен Қазақстан • 04 Қазан, 2023

«Хат қоржын»

145 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Балалар кітапханасына – кең өріс

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 бөліктен тұратын, ескерілуі міндеттелетін тап­сырма-міндеттерді қадап айтқан еді. Оның ішінде балалар кітапха­наларын ашу, ондай мекемелердің бала тәрбиесіндегі алатын орны зор екенін де атап көрсеткен болатын. Өзім ұстаз болғандықтан, бұл ұсыныс маған қатты ұнады. Өйткені мені еліміздегі кітап оқуға деген енжарлық проблемасы қайтсек дұрыс жолға түседі екен деген ой мазалайтын. Қазіргі кезде кітап оқуды бала түгіл үлкендердің өзі естен шығарғаны бесенеден белгілі. Сондықтан ата-ананың баласына көңіл бөліп, кітап оқуына назар аударуы, қадағалауы кемшін екенін несіне жасырайық.

Ал баланы бастауыш сыныптардан бастап кітап оқуға баулу керек екені айтпаса да түсінікті. Ол үшін мектеп кітапханасының жұмысын жандандырып, оны жаңа кітаптармен толықтырып отыру керек. Тіпті ұстаз оқушыны кітапханаға барып, кітап оқуға мәжбүрлесе де еш айыбы жоқ деп есептеймін. Ұлы Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі іздеп таппайды. Басында зорлықпен, яки алдаумен үйір қылу керек. Үйрене келе өзі іздегендей болғанша» дейді. Демек, баланың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін ұстаздың жетегі қажет.

Мен 5-11 сыныптар арасында қазақ әдебиетін оқыта жүріп байқағаным, баланы кітап оқуға, әдебиетті сүюге әкелудің жолдары тынымсыз жұмыс, қатаң талап, оқушыны қызықтыра білу екеніне көзім жетті. Оқушыға ұстаздың «интернеттен тауып оқы» деген әдісі – теріс әдіс. Баланы ұстаздың өзі жетелеуі қажет. Мәселен, мектеп оқулықтарында көптеген ақын-жазушының шығармаларынан үзінділер берілген. Мұғалім осы шығармаларды түпнұсқадан оқу арқылы өзі терең меңгеріп, баланың санасына жеткізе білгені жөн. Пән мұғалімдерінің сабағына қатыса жүріп, шығарманы дұрыс талдай алмайтын мұғалімдерді де көзіміз көрді. Ұстаз білімді болмай, оқушылардан сауаттылықты, ізденушілікті күту бекершілік. Ал әдебиет пәні сабағында оқушыны кітапқа жетелеп әкелетін бірден-бір бір тұлға – мұғалім. Бұл жерде балалар кітапханасының алатын орны зор екенін де естен шығармауымыз керек.

 

Құралай ЕСҚҰЛОВА,

ардагер ұстаз

 

АҚТӨБЕ

 

 

Баршамыздың көңілімізден шықты

 Халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналығын, жасыратыны жоқ, күнделікті күйбең тіршілікпен көпшілігіміздің ескермейтініміз анық. Бірақ «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, жан саулығы – тән саулығы екенін түсініп, еліміздін түкпір-түкпіріндегі шипажайына, курорттарға, тағы басқа сауықтыру орындарына әркім өз қалауы мен мүмкіндігіне сай барып ем алады.

Ал Астана қаласындағы Ардагерлер госпиталінде негізінен Семей полигонынан зардап шеккендер, Ауған соғысына қатысушылар мен Чернобыль атом электр стансасы жарылысының салдарын еңсеруге жіберілгендер ем-дом қабылдайды. Кезінде осында қаралып, денсау­лықтарын түзейтін соғыс ардагерлері бүгінде жоқтың қасы.

Өз басым шілде айының 18-і мен 26-сын қоса есептеген аралықта 1-соматикалық бөлімде ем қабылдадым. Осы аз күнде бөлім мең­герушісі Айгүл Жүнісова мен білікті рабитолог маман Айгүл Құс­панова, ординатор дәрігерлер Динара Жүнісова, Әнуарбек Қамаров пен Фариза Еркебаева және дәрігер Айгүл Сүлейменова, мейірімді мейірбикелер де осы қатарда, дертке дауа іздегендердің нағыз арашашысы екендіктеріне анық көз жеткіздім. «Алтын – жердің ырысы, алғыс – елдің ырысы» дегендей, Ардагерлер госпиталінің бас дәрігері Диана Оразалина басқаратын жоғарыда аталған дәрігерлер және мейірбикелермен қатар, өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі нев­ропатолог Бағдат Құспанов пен уролог Руслан Бекеновке де айтар алғысымыз шексіз.

Гиппократ антына адалдық танытып жүрген басқа да білікті дәрігерлерге, мейірбикелерге, аспаздар мен ас-су таратушыларға, тазалық саласының қызметкерлеріне – бәріне де риясыз көңілмен толастамас ақ жауындай алғысымызды білдіреміз.

 

Барлық ем алушылар атынан

Амангелді ОСПАНОВ,

 

Үржар ауданының құрметті азаматы

Абай облысы

 

 

«Дарабоз» – талайдың көзайымы

Жан сарайыңды ашып, көңіліңнің көкжиегін кеңейтетін танымдық хабарларды тыңдаудың өзі бір ғанибет. Осындайда өткен өмірдің сәулелі сәттері есіңе түсіп, жақсы адамдардың ғибратқа толы ғұмыры санаңа ізгілік нұрын шашады.

Тыңдарман ретінде әр аптаның сейсенбісі күндері «Шалқар» радиосынан талантты журналист Жанар Оразымбетқызының «Дарабоз» хабарын асыға күтетін жандардың бірімін. Үнемі солай, қашаннан дағдыға айналып кеткен әдет.

Музыка сазымен көмкеріліп, асықпай, баяу ғана, қоңыр да құлаққа жағымды үнмен басталатын хабар сізді бірден баурап алып, әуе толқынына еркіңнен тыс «байлап-матап» қояды. Журналистік шеберлік деген, міне, осындай болса керек!

...Сондай кезекті хабардың бірін тыңдап отырғанмын. Бөлмеге кірген сыйлас ағайынды аңғармаппын. Сірә, әсерлі хабар жан дүниемді баурап алған ғой. Екеуміз де сәлемдесу рәсімін ғана жасап, хабарды тыңдап, үн-түнсіз отыра беріппіз. Әлден уақытта хабар да аяқталды. Тыныштықты қонақ бұзды:

 – Неткен әсерлі хабар еді! Жан дүниеміз сергіп, бір жасап қалдық қой. Жүргізуші де өз ісінің нағыз шебері екен, – деп өз ризашылығын білдіріп жатты...

Иә, айтса айтқандай, Жанар қызымыз – әуе толқынының білгірі, тыңдармандарының жан дүниесін тамыршыдай тап басатын ақмылтық журналист. Білуімізше, ол сонау 5-сыныпта оқып жүргенде-ақ дауыл­паз диктор Әнуарбек Байжанбаевтай ағасынан бата алған екен. Мына сәйкестікті қараңыз: Жанар Оразымбетқызы әйгілі диктор Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлықтың әзірге жалғыз иегері де екен.

Жақсы хабарларың көп бола берсін, Жанар қызым!

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

тыңдарман

 

Түркістан облысы